Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

МИНИСТРЛІКТЕ


23 сентября 2011, 07:56 | 1 798 просмотров


2011 жылғы 14 қыркүйекте Астрахань қаласында (Ресей Федерациясы) санитариялық-эпидемиологиялық сипаттағы төтенше жағдайларға ден қою мәселелері бойынша Қазақстан мен Ресейдің санитариялық-эпидемиологиялық қызметтерінің дөңгелек үстел мәжілісі болып өтті. Жиынның қос-төрағалары ҚР ДСМ Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің төрағасы, Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ж.М. Бекшин мен Ресей Федерациясының тұтынушылардың құқықтарын және адамның салауаттылығын қорғау саласын қадағалау жөніндегі Федералдық қызметінің басшысы, Ресей Федерациясының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Г.Г. Онищенко сөз сөйледі.

Дөңгелек үстел жұмысына Қазақстан мен Ресейдің шекаралас өңірлерінің мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау органдары, обаға қарсы күрес қызметтері және ғылыми орталықтарының жетекшілері қатысты.

Тараптар инфекциялық аурулардың пайда болуының, әкелуінің және таралуының алдын алу бойынша шекарааралық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Қазақстандық және ресейлік мамандардың талқылауы барысында санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылық, әсіресе шекарааралық сипаттағы қауіптің алдын алу және таратпау бойынша бірлескен шаралар ұсынылды.

Тараптардың ұсыныстары халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету бойынша одан әрі бірлескен іс-қимылдар жоспарын әзірлеу үшін негіз болады.

Қазақстан мен Ресейдің санитариялық-эпиедмиологиялық қызметтерінің басшылары қазақстан-ресей ынтымақтастығының тиімділігін, ұтымдылығын, тұрақтылығын және нәтижелігін атап көрсетті.

***

Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік комитетінің Бакуде өткен 61-ші сессиясының жұмысына Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова бастаған қазақстандық делегация қатысқан болатын.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы жұқпайтын аурулардың профилактикасы, халықаралық денсаулық сақтауды реттеу, ЖИТС/АИТВ алдын алу және күрес мәселелері бойынша талқылауларға қатысып, «Саясат. Денсаулық – 2020» тақырыбында баяндама жасады.

ҚР Денсаулық сақтау министрі медициналық-әлеуметтік қызметтерді, халықтың өмір сапасын арттыруды қолдау үшін әлеуметтік қызметкер институтын дамыту, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту, қоғамдық денсаулық сақтау саласын әрі қарай дамыту жөнінде ұсыныстар енгізді.

Қазақстанда инфекциялық және жұқпайтын аурулардың негізгі факторларымен мақсатты күрес жүргізілуде. «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бамғдарламасын жүзеге асыру аясында тұрғындардың мақсатты топтарының денсаулықтарын бақылаудың ұлттық бағдарламалар кешені енгізіле бастады. Профилактикалық және әлеуметтік-психологиялық көмек бөлімдері жұмыс істейтін отбасы денсаулығы орталықтарын құру бағытында жұмыстар жалғасуда, қосымша медбикелер, әлеуметтік қызметкерлер және психологтар қызметтері енгізілді.

Жалпы алғанда Қазақстанда туберкулезге қатысты эпидемиологиялық жағдай тұрақты түрде жақсарып келеді. Тұрғындардың бұл дертпен ауруы 2008 жылмен салыстырғанда 2010 жылы 100 мың адамға шаққанда 24,1%, өлім-жітім көрсеткіші 37,3% төмендеді. Қазақстан Республикасы туберкулездің таралуына тосқауыл қою жөніндегі ДДҰ ЕӨБ стратегиясын қолдайды. Елімізде туберкулезге қарсы іс-шараларды үйлестіру жөнінде 2008–2012 жылдарға арналған Ведомствоаралық жұмыс жоспары жүзеге асырылуда.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің

баспасөз қызметі тел.: +7 7172 74 31 37, 74 32 41

***

Алматыда еліміздің оңтүстік аймақтарындағы қан айналым жүйесі ауруынан өлетіндер мөлшерін төмендету мәселесі талқыланды.

А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия ғылыми орталығының директоры Жеткерген Арзықұлов осы бағытта жасалып жатқан шараларының жоспарымен таныстырып өтті. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында 2011-2015 жылдарда қан айналым жүйесі ауруынан болатын өлімді азайту көзделген. Бұл аурудың түрі жұртшылыққа қатер төндіруде, яғни адамның мүгедек болуы мен ересек адамдардың өліміне әкелетін басты себеп»,-дейді ол.

Оның айтуынша, осы ауру түрінен көз жұматын адамдар саны соңғы 10 жылда еш өзгермеген, керісінше өсуде екен. Мәселен 2010 жылы өлім көрсеткіші елімізде 100 мың адамға шаққанда 403,99 құраған. Ал оңтүстік аймақта 100 мың адамның - 390,3-і осы дерттен көз жұмған

Жиын барысында оңтүстік аймақтың ресурстарына талдау жүргізіліп, кардиохирургиялық клиниканың деңгейі мен облыстық клиникалар алдындағы тапсырмалар анықталып, кадрлар мөлшері, құрылғылармен жабдықталу мәселесі мен оған деген сұраныс жағы сөз болды.

Сонымен қатар жиын барысында кадрлардың білімін жетілдіру мен оларды дайындау бағдарламасын құру, материалдық-техникалық жағын жақсарту сөз болды.

Автор:
ҚазАқпарат.