23 сентября 2011, 07:59 | 2 173 просмотра
Панфилов ауданы Үшарал ауылындағы өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басында салынып, пайдалануға берілген ауылдық дәрігерлік амбулаториясы көптен күрделі жөндеуді күткен болатын. Биыл мекеме ғимаратын жөндеуден өткізуге 12 миллион 652 мың теңге бөлініп, жұмысты «Жетісу сервис АН» ЖШС құрылысшылары мамыр айынан бастап қолға алған еді.
Әбден тозығы жеткен көне ғимарат қайта жаңарып, ақ халатты абзал жандардың алаңсыз жұмыс істеуіне қолайлы жағдай туғызды.
Ауыл тұрғындары мен медицина қызметкерлерінің қуанышына ортақтасқан аудан басшылары, жаңартылған мекеме үйінің есігін халыққа салтанатты жиынмен ашты. Жиынды Үшарал ауылдық округінің әкімі Ерғали Сауранбаев кіріспе сөз сөйлеп ашып, ел тәуелсіздігінің 20 жылдық тойының қарсаңында ауылында жүзеге асқан басқа да жақсылықтарды шолып өтті. Ал аудан әкімі Ермек Келемсейіт өз сөзінде мұндай ауылдық дәрігерлік емхана өңірде қазірше үш елді мекенде ғана барын, болашақта округ орталықтарының бәрінде ауыл тұрғындарына медициналық қызмет көрсететін осындай емханалар ашу жолдарын қарастырып жүргенін ортаға салды. Ауданның бас дәрігері Төлеу Сарпеков әріптестерінің қуанышына ортақтасып, емханаға жаңа компьютер сыйлап, құрылысшылар мен құрметті қонақтарына ескерткіш сыйлықтарын тапсырды.
Салтанатты шараны аудандық vәдениет үйі жанындағы «Жаркент әуендері» ансамблінің өнерпаздары ән, билерімен әрледі. Жиыннан соң қонақтар күрделі жөндеуден өткізілген ғимарат ішін аралап көріп, көзайым қуанышқа кенелді.