Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ДӘРІНІ ДӘРІПТЕУ БАСЫМ


23 сентября 2011, 08:00 | 2 517 просмотров



Дәрі жарнамасы тағы дау туғыза бастады. Алматылық ата-аналар бұқаралық ақпарат құралдарында, интернет сайттары беттерінде, қоғамдық көліктерде, аялдамаларда, өзге де қала көшелерінде жарнамаға бөлінген орындарда түрлі дәрі-дәрмектердің еркін жарнамалануына наразы. Олардың айтуынша, жарнамаланған дәрілер шынтуайтына сәйкес келмейді. Дәріптеу басым, жарнама жастарды оларды қолдануға үгіттейді. Әсіресе, арықтататын, ұйқы келтіретін, жүктіліктен сақтайтын, түсік тастауға әкелетін секілді дәрі-дәрмек жарнамасы жастарды теріс жола түсіруде екен.

Әлемде дәрі-дәрмекті дұрыс пайдаланбаудан жылына 100 мың адам қайтыс болады. Бұл қайғылы оқиғалар мен түрлі апаттардан қаза тапқандарды қоса есептеген мөлшерден де көп. Сөйтіп, өлім саны жөнінен дұрыс дәрі тұтынбаушылық 5-орынға шығып отыр. Мұндай мәлімет ұсынған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдемесіне қарағанда, дәрі-дәрмекті дұрыс пайдаланбауға жарнаманың әсері өте зор екен. Оның ішінде науқастардың 40 пайызы интернет сайттарындағы жалған жарнамаға алданады екен. Бұл түсінікті де. Өйткені интернетте спам түрінде таралатын жарнамалардың 83 пайызы - дәрі-дәрмек жарнамалары. Ғаламтор - шексіз-шекарасыз кеңістік болғандықтан, мұндай дәрі жарнамасын мемлекеттік заңмен реттеу де қиынға түседі.

Дәрі жарнамасы өзге кез келген тауар жарнамасына мүлде ұқсамайды. Оны шектейтін заң баптары бар. Айталық, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 18-бабы түгелімен денсаулық сақтау саласындағы жарнамаға арналған. Оған сүйене сөйлер болсақ, «республикада тіркелмеген дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы, тағамға қосылатын биологиялық активті қоспаларды, профилактика құралдарын жарнамалауға; балаларға арналған дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардан басқа, дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың жарнамасына балаларды, олардың бейнесі мен дауысын пайдалануға; қоғамдық көлікте, дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың, тағамға биологиялық активті қоспалардың мақсатына, пайдаланылуына және босатылуына қатысы жоқ ұйымдарда олардың жарнамасын таратуға және орналастыруға; дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың плакаттар, стендтер, жарықты табло, бильбордтар, транспаранттар, афишалар және жарнаманы тұрақты орналастырудың өзге де нысандары түрінде ұсынылған сыртқы (көзге көрінетін) жарнамасын орналастыруға тыйым салынады». Әлбетте, бұл - тізімнің толық нұсқасы емес, десек те, осы шектеулердің өзі де сақталмай, заң бұзушылықтар жиі орын алып отыр.

Таяуда ғана жарнамадан көрген арықтататын дәрілерді пайдаланамын деп, құрамындағы психотроптық заттардан зиян шеккен арулар жайында ғана жазсақ, қалалық Ішкі істер департаментінің мамандары қыз зорлау, адам тонау фактілерінде осы тектес дәрілердің жиі қолданылатынын айтып отыр. Сондай-ақ түсік тастатқызатын дәрілердің босатылуы да тым еркін. Әлбетте, заң бойынша бұларға тыйым салынған. Алайда бізде сол заңның орындалуында кемшіліктер орын алып отыр. Заң толық мүмкіндігінде жұмыс жасап отырған жоқ, ал оның орында-луын бақылау - тағы да жолға қойылмаған.

Автор:
Н.ТӘУЕКЕЛҰЛЫ.