Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

КҮЙДІРГІ


16 сентября 2011, 07:47 | 2 715 просмотров



Санат

Күйдіргі – малдан адамға жұғатын аса қауіпті жұқпалы аурулардың бірі. Бұл ауру қазіргі уақытта барлық елдерде жануарлар арасында, сондай-ақ адамдарда да кездеседі. Күйдіргі мәселесінің өзектілігі АҚШ және басқа елдерде түйнеме қоздырғышының спораларын биологиялық қару ретінде қолданылуына байланысты ерекше арта түсті. 1950 жылдан жиналған мәліметтер бойынша Қазақстанда үш мыңнан астам елді мекенде ауру тіркелген. Оның ішінде 70-ке жуығы тек соңғы төрт жылда анықталған.

Күйдіргі қазақ жерінде де ертеден белгілі. Тұрмыс-тіршілігі мал өсірумен тығыз байланысты көшпелі ата-бабаларымыз төрт түлік малдағы түйнемені түрліше атаған: топалаң (қойда), кебенек, шешек (ешкіде), қараталақ (ірі қарада), жамандат (жылқыда), ақшелем (түйеде). Адамдардағы аурудың терілік түрін күйдіргі деп атаса, малға қатысты деген атау берген. Аурудың негізгі көзі әртүрлі ауылшаруашылық малдар (қой – 45-55%, ірі қара мал – 32-37%, жылқы мен бұғы – 5%, ешкі, есек, түйе – 1%, шошқа – 4% және өте сирек ит, мысық та ауырады); кейбір жабайы аңдар (марал, қоян, киік, қасқыр, шибөрі, аю, жолбарыс, арыстан, пума, борсық). Жануарлар күйдіргі ауруын алиментарлы жол арқылы (шөппен, сумен, жеммен бірге топырақты жұтып) жұқтырады.

Күйдіргі ауруының қоздырғышы (микробы) сыртқы ортаның әсеріне өте шыдамды, ол спорға айналған соң 120-160 градус ыстыққа 2-3 сағатқа дейін өлмейді. Спорлар топырқта бірнеше жылдарға (кейбір де ректерде 120 жылға) дейін шыдайды. Малдың немесе адамның денесіне енгенде спорлар тез арада өзгереді, ауру қоздыратын түріне қайта айналады.

Малдар бұл аурудың қоздырғыштарын көбінесе жаз, күз айларында шөбі қысқа, күйдіргіден қолайсыз деп есептелінетін жайылымдардағы топырақтан, судан немесе ауырған малдың етінен, сүйегінен жасалатын жемнен, т.б. жұқтырады. Ал адамдарға күйдіргімен ауырған малдарды сою, терісін сыпырып, етін жіліктеу, тамаққа пайдалану, жүнін өңдеу кезінде жұғуы мүмкін.

Адам денесіне қоздырғыштардың қандай жолмен (тері, тыныс алу, ас қорыту) енуіне сәйкес күйдіргінің де ауыр және жеңіл түрлері болады.

Ең көп таралған түрі – терінің зақымдануы, оның ішінде, қолдың саусақтары, білек, мойын, бет, аяқ, т.б. мүшелер. Терінің зақымдалған жерінде қатты қышитын қызыл дақ пайда болып, күлдіреп 2-3 күннің ішінде бетін-де көмірдей қара қабыршығы бар жараға айналады. Жараның айналасы қызарып, жалтырап ісіп тұрғанымен, ұстағанда ауырмайды. Дененің қызуы көтеріледі. Уақытында ем қолданылмаса микроб қанға өтіп (сепсис) денеге жайылып аурудың өлімге әкеліп соғуы ықтимал.

Өкінішке орай, соңғы кезде адамдардың күйдіргімен ауыруы көбейіп кетті. Себебі, бүгінде мал шаруашылығымен шұғылданатын ұжымдар мен серіктестіктер, жеке меншік мал ұстайтын азаматтардың арасында мал дәрігерлердің қызметін қажетсінбеу, малдарын мезгілінде күйдіргіге немесе басқа да жұқпалы ауруларға қарсы ектірмеу, (вакцинация) мал санын жасырып қалу, ауырған малды мал дәрігеріне уақтылы хабарламай сойып, етін бірнеше үйге таратып беру немесе басқа бір жерге апарып сатып жіберу жағдай­лары жиі кездеседі.

Күйдіргі сияқты аса қауіпті аурудың алдын алу үшін қандай шаралар жасау керек:

мал шаруашылығымен айналысатын түрлі ұжым басшылары мен жеке меншік мал иелері, жергілікті мал дәрігерімен келісіп жылына екі рет малдарын түгелдей күйдіргіге қарсы егу, малдары кенеттен ауырған немесе өлгенде міндетті түрде мал дәрігеріне хабарлау, малды соятын немесе сататын жағдайда, алдын-ала мал дәрігеріне көрсетіп анықтама алу, аудандық малдәрігерлік немесе санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармаларында картаға түсірілген күйдіргіден қолайсыз деген мекендерде алдын-ала мал жайылымдарының шекараларын анықтап, малды қауіпті аймақтарға жақындатпау, малшыларды, т.б. мал шаруашылығымен шұғылданатын адамдарға күйдіргіге қарсы ем қолдану, жерасты су көздерін ашатын, құдық қазатын жағдайларда олардың қауіпті жерлерден аулақ болуын ескерту, мал ұстайтын қора жайларда тазалық сақтау шараларын әрдайым жүзеге асырып отыру қажет.

Қалалық түрғындарға ескертеміз: мал тағамдарын (ет, сүт) жабайы саудадан сатып алмаңыздар, денсаулықты қауіп-қатерге ұшыратпаңыздар, аурудың алғашқы белгілері білінісімен дәрігерге көрініңіздер.

Автор:
Ж.ИМАНБЕКОВА, Ә.МОЛДАҒҰЛОВА, МСЭҚБ Алматы қаласы бойынша департаментінің туберкулез және аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу бөлімінің қызметкерлері.