Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ТІРКЕУДЕН ӨТПЕГЕН ДӘРІДЕН САҚТАНЫҢЫЗ


16 сентября 2011, 07:53 | 1 530 просмотров



Елімізде денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арнал-ған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қабылданған болатын. Аталмыш құжаттың негізгі мақсаттарының бірі - дәрі-дәрмектің халық үшін қолжетімділігін арттыру және денсаулық сақтау мекемелерін медициналық жабдықтармен толықтай қамтамасыз ету. Елімізге енгізілетін барлық дәрі-дәрмектер міндетті мемлекеттік тіркеуден өтуі тиіс. Бұл жұмыс «Дәрілік құралдарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медицина техникасын сараптау ұлттық орталығында» жүзеге асырылады.

Жалпы, дәрілік құралдар айналымының әлеуметтік маңызы зор әрі сапасыз дәрі-дәрмектің адам денсаулығына тигізер зияны мол болғандықтан, әлем елде-рінде дәрі-дәрмек қауіпсіздігі һәм сапасы мемлекеттік деңгейдегі, ұлттық қауіпсіздік мәселелерімен пара-пар. Сол себепті де мемлекеттік тіркеуден өткізілетін кез келген дәрілік құралдар арнайы сараптаудан өтуі тиіс. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекске сәйкес дәрілік құралдарды сараптау жұмыс-тарын тек қана Денсаулық сақтау министрлігінің мемлекеттік сараптау ұйымы ғана жүзеге асырады. Негізінен, дәрілік құрал жайындағы ақпарат құпия түрде сақталатындықтан, сараптау ұйымдары жабық ұйым деп саналады. Дәрілік құралдарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медицина техникасын сараптау ұлттық орталығына жыл сайын мемлекеттік тіркеуден өту үшін 2500-ден астам өтініш түседі екен, оның 20 пайызы дәрінің сапасыздығы, емге жарамсыздығы және талаптарға сәйкес келмеуі салдарынан тіркеуден өте алмай қалады. Бір айта кетерлігі, еліміздегі дәрі-дәрмекті сараптан өткізу талаптары Еуропа мемлекеттеріндегі талаптардан кем түспейді. Сараптау орталығына бір терезе жүйесі енгізіліп отыр. Мұндағы мақсат - әкімшілік кедергілерді жойып, тіркеу барысындағы жемқорлықты ауыздықтау. Сонымен қатар ұлттық орталық www.darі.kz сайтын ашты. Бұдан былай, аталмыш сайт арқылы мемлекеттік тіркеуден өтуге ниеттілер сараптау жұмыстары жайлы толыққанды мәлімет алады. Сондай-ақ қарапайым халық дәріханадан сатып алған дәрі-дәрмектің сапасы және мемлекеттік тіркеуден өткендігі хақында ақпаратқа қол жеткізеді. Бұған қоса, орталықтың бас директоры Арнұр Исабайұлы карт-хабарлама жүйесін нығайта түсуді ұсынды. Карт-хабарлама бұл кез келген дәрі дәрмектің кері әсері туралы ақпарат. Яғни дәріні қабылдап, оның зиянын байқаған адам дәрігерге қаралса, дәрігер бұл ақпарат жайында арнайы карт-хабарлама арқылы орталыққа жүгіне алады. Орталық мамандары ешбір карт-хабарлама көзден таса қалмайтынын әрі дәрі-дәрмек емделушіге зиянын тигізген жағдайда қатаң шараларды қолданатынын айтты. Сонымен қатар Дәрілік құралдарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медицина техникасын сараптау ұлттық орталық өкілдері халықты сапасыз әрі арнайы мемлекеттік тіркеуден өтпеген дәрі-дәрмекке иек артудың орнына, тіркеуден өтпеген дәрілік құралдардан сақ болуға шақырды.

Дәрілік құралдар айналымындағы тағы бір өзекті мәселе, отандық өнім мен шетелдік өнім бағасының әрқилылығында. Дәріхана қызметкерлері бағадағы мұндай айырмашылықты тіркеу құнымен байланыстырады. Дәрілік құралдарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медицина техникасын сараптау ұлттық орталығының бас директоры Арнұр Исабекұлы, баға саясатының әрқилылығына тіркеу құнының ешбір қатысы жоқтығын айтады. Қарапайым халық, отандық 40 теңгелік өнім мен шетелдік 500 теңгелік өнімді салыстыра отырып, екіншісін таңдайды. Алайда екі өнімнің де құрамы бірдей. Көбіне тұтынушы шетелдік өнім қорабының көркемділігіне және жарнамасына ден қойып, артық ақшаны бекер төлейді деген пайымда.

Автор:
Әйгерім БАҚЫТҚЫЗЫ