Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

БАКТЕРИЯЛЫҚ ИЗЕНТЕРИЯДАН ТАЗАЛЫҚ ҚОРҒАЙДЫ


9 сентября 2011, 07:50 | 2 103 просмотра



Бактериялар – табиғатта ең көп тараған, негізінен бір клеткадан тұратын, оқшауланған ядросы жоқ, ең қарапайым организмдер тобы. Алғаш рет бактерияларды (грекше bakterіon – таяқша) 17 ғасырда голланд ғалымы, микроскопты жасаушы – Антони ван Левенгук байқаған. 19 ғасырда бактериялардың құрылысы мен табиғаттағы рөлін француз ғалымы Луи Пастер, неміс ғалымы Роберт Кох және ағылшын ғалымы Джозеф Листер зерттеді. Бактериялардың клетка құрамында тұрақты клетка қабаты, цитоплазмалық мембрана, цитоплазма, нуклеоид, рибосома болады. Ядроның қызметін дезоксирибонуклеин қышқылы (ДНҚ) атқарады. Бактериялар ядросы мембрана қабығымен оқшауланбаған және онда хромотин жіптері түзілмейді. Бактериялар қарапайым бөліну арқылы көбейеді. Мысалы, 1 г қара топырақта 2 – 3 млрд. бактериялар, 1 г құмды топырақта 150 мың бактериялар, адам көп жиналған бөлме ауасының 1 м 3-інде он мыңдай бактериялар тіршілік етеді. Олардың пішіндері әртүрлі: шар тәрізділерін – кокк, қосарланғандарын – диплококк, таяқша тәрізділерін – бациллалар, үтір тәрізділерін – вибриондар, таға тәрізділерін терроидтар, жүзім тәрізді шоғырланғандарын – стафилококтар деп атайды. Бактериялардың ұзындығы 1 – 20 мкм, ені 0,1 – 10 мкм, ал жіптәрізділерінің ұзындығы 50 – 100 мкм-ге жетеді. Қолайсыз жағдай туғанда сырты қалың қабықпен қапталып спора түзеді. Бактериялар өте төменгі температурада (–1900С-та, ал споралары –2530 С-та) тіршілік ете береді. Оларды өте жоғары температурада (+1000 С-та) кептіргенде, кейбір түрлері (мысалы, гонококтар) тіршілігін тез жойса, дизентерия таяқшалары жеті тәулік, дифтериянікі отыз тәулік, туберкулездікі тоқсан тәулік, ал түйнеменің бациллалары он жылға дейін тіршілігін жоймайды. Бактерияларды ультракүлгін сәулелері ерітіп жібереді. Қышқылды, қантты, тұзды ортада тіршілік ете алмайды. Бактериялардың көпшілігі зиянсыз, ал зиянды түрлері көптеген жұқпалы аурулар (туберкулез, тырысқақ, көкжөтел, т.б.) тудырады.

Бактериялық дизентерия өткір инфекциялық аурулар түріне жатады. Көбінесе ішекте пайда болады. Оның тұтануына Shidella тобына жататын қозғалмайтын бактериялар әсер етеді. Шигелл дердің өзі төрт топқа бөлінген. Соның ішінде зонне және флекснер топтарына жататын қоздырғыштар түрі әлемнің барлық елдерінде кездеседі.

Бактериялық дизентерия ауруына тағам өнеркәсібі саласындағы адамдар көбірек шалдығады екен. Себебі, бұл қоздырғыштар түрі тағамдарда жиі кездеседі. Мұндай жағдайда адам ағзасынан шигеллдер ең жедел дегенде 7-10 күнде шығады. Әйтпесе ауру асқынған жағдайда ол бірнеше апталарға немесе айларға да созылып кетуі ғажап емес.

Қоздырғыштар көп жағдайда жоғарыда айтқанымыздай тағам және су арқылы, сонымен қатар тұрмыстық жағдайда беріледі екен. Мәселен, флекснер дизентериялары негізінен су арқылы берілсе, зоне дизенте-риялары тағам арқылы өтеді. Ал Григорьев шиги дизентериялары негізінен тұрмыстағы қарым-қатынас арқылы тарайды.

Зоне бактерияларының басқа шигиллдерге қарағанда биологиялық жағынан өзіндік ерекшеліктері бар. Олар сыртқы ортада неғұрлым тұрақтылық таныта алады және өздеріне қолайлы жағдайда сүт және сүттен жасалынған тағамдарда барынша көбейіп, жедел тарай алады. Осы жағынан алғанда ол адам ағзасы үшін қауіпті.

Бактериялық дизентериялар көп жағдайда әлеуметтік ауру түріне жатады. Тұрмыстағы антисанитарлық жағдайлар, басқа да жетімсіздіктер олардың оянуына түрткі болады. Мәселен флекснер бактериялары негізінен халық пайдаланып жүргенмен қорғалмаған, дұрыс тазартылмайтын су көздеріне үйір болып келеді. Сонымен қатар флекснер дизентериясына шалдыққан адамның бойында постинфекциялық иммунитеттің пайда болып, ол келесі осы ауру түрінен бірқатар жылдар-ға дейін қорғап тұра алатындығы да айқындалған. Демек, антисанитарлық жағдай, соның ішінде дұрыс тазартылмаған су көздері бірінші кезекте ондай елді мекенге көшіп келгендер немесе қонақтарға қауіпті болатындығын ескертеміз.

Бактериялық дизентерияларының алдын алуда гигиеналық және санитарлық коммуналдық шаралардың шешуші маңызы бар. Сондықтан бұл аурудың алдын алуға тиісті азаматтар, яғни базалардың, тағам өнеркәсібі кәсіпорындарын, қоғамдық тамақтандыру орындарын, сауда дүкендерін, балалар мекемелерін және су көздерінің тазалығын, санитарлық жағдайының талапқа сай болуын қадағалайтындар ерекше мән беруі керек. Соның ішінде елді мекендердегі, қаладағы құбыр жүйелері әркез назарда тұруы тиіс.

Бұл аурудан сақтануда адамның жеке басының тазалығы да көп рөл атқарады. Әрбір адам ең алдымен санитарлық тұрғыдан алғанда сауатты болғаны жөн дер едік. Сол тазалық ең алдымен отбасында қалыптасатындығы белгілі. Сонымен қатар бүлдіршіндер мен балаларға осы бағыттағы сақтандыру шараларын ұйымдастыру мен насихаттау да, мектептер мен балалар бақшаларына қойылатын талаптар да зор демекпіз.

Автор:
Жанат ЖАҚСАЛЫҚОВА, №6 қалалық емхананың дәрігері. Астана қаласы.