Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ТІЛІ БҰЗЫЛҒАН ХАЛЫҚТЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ ДА ТӨМЕНДЕЙДІ


2 сентября 2011, 07:50 | 2 215 просмотров



Құрметті оқырман, тамақтану ережелері, тағаммен емдеу тәсілдері, тамақ гигиенасы, емдік тағам түрлері мен ең тиімді дәрумендер жайлы мол мағлұмат білгіңіз келсе, онда «Дәленовтің дәрістері» айдарынан пайдалы кеңестер алып тұрыңыз.

ДӘЛЕНОВ Ерболат Дербісәліұлы – қырық жылға жуық медицина саласында қажырлы еңбек еткен маман-дәрігер. Медицина ғылымдарының докторы, профессор. Қазақстан Республикасы профилактикалық медицина академиясының, валеология академиясының және Нью-Йорк академиясының академигі. 250-ден астам ғылыми еңбектің, 17 кітаптың, оның ішінде 9 монографияның авторы. Қазір Астана медицина университетінің Тағамтану және профилактикалық медицина кафедрасының меңгерушісі және Қазақ Тағамтану академиясының Тағамтану проблемалары институтының директоры.

Халықтың денсаулығының төмендеуі төл тілінің бұзылуына тікелей байланысты. Қазақ тілінің мазмұны бұзылуымен бірге оның тәр-биелік қасиеті төмендеп, халық арасында сан түрлі сырқаттар пайда болады. Бұл ғылым мойындаған тұжырымдар.

Осының салдарынан – қазақы кеңдік, ауқымды ойлау, кеңпейілділік жоғалады. Екін-шіден, қанмен бірге қалыптасқан имандылық бұзылады. Қазақты қазақ еткен – оның ұлттық рухы және ислам діні. Қазақтың тұрмысы ислам шариғаттарына негізделген… Ұлтымыз тазалыққа, денсаулыққа, бауырмалдылыққа, туыстық қарым-қатынасқа, меймандостыққа, адамгершілікке өте қатты мән берген. Қоғамдық бірліктің бұлжытпай орындалуына қатты күш салған. Халық қанына сіңген тілінен айырылғанда адамдар психологиялық ауруға шалдығады.

Ұлттық тәрбие жатырдан басталуы керек

Ұрпақ тәрбиесі сәбидің жатырдағы кезінен басталуы керек. Бұрынғы қазақтар оған қатты мән берген. Жатырдағы шарана екі айдан бастап әке-шешені сезеді. Қазір үйлене сала «бізге бала керек пе, жоқ па?» деген дау-дамай туып жатады. Бірде әкесі, енді бірде шешесі жатырдағы баланың жарық көруін қаламайды. Содан ұрыс-керіс басталады. Іштегі шарананың сол кезден бастап әбігерге түсіп жататынында әке-шешенің шаруасы жоқ. Әр түрлі ауру баланың бойында дәл сол кезде-ақ пайда болады. Міне, ұлттық болмыстың жойылуының бір себебі осында!

Бала міндетті түрде әке-шешеге қарап өседі. Сондықтан да қазіргі қазақ отбасындағы басты кемшіліктерді міндетті түрде айтуға тиіспіз. Ол қандай кемшіліктер? Қазіргі қазақ өз баласын не шектен шыққан ерке немесе ұрып-ұрсып жасық етіп тәрбиелейді. Ал, еврейлер болса баласына «сен мықтысың, сеннен асқан ақылды жоқ, келешек данышпан өзіңсің» дегенді құлағына құйып отырады. Қазақ қайтеді, үйге қонақ келсе, баласын түкпір бөлмеге, далаға қуады. Сөйтіп, баланың жұртпен танысып, тіл табысу қабілетін жояды.

«Пепсикола», «Кокакола», «Спрайт» сусындары бала денсаулығына аса зиян

Балалардың ішіп-жеген тағамдарына да мұқият болғанымыз жөн. Мәселен, «Пепсикола», «Кокакола», «Спрайт»… сусындарын мүлде ішуге болмайды. Құрамында бала денсаулығына зиянды тәттілер көп. Олар баланың тәбет ашатын гармондарын, тойыну гармондарын тежейді. Дәмін татқан соң іше бергісі келеді. Кәдімгі «наркотиктің» бір түрі сияқты. Кокаколаны көп ішкен баланың бойында кальций жетіспегендіктен аяғы қисық өседі. Оны «Остеопороз» дейді. Сосын оның құрамына фосфор қышқылы, «бензоат натрий» қосылғандықтан олар қажетті калцийді сорғызбайды. Әрі «гипертония», жүректің ишемиялық аурулары, семіру, қант диабеті пайда болады. Ең сұмдығы қазір бұл сусындардан ішектің қатерлі ісігі шығып жатыр. Бұл сусындар түрін республика бойынша мектептерде беру тоқтатылды.

Бедеулік дерті белең алып келеді

Біздің жүргізген зерттеуіміз бойынша: жас қыздарымыздың 16-32 пайызының жұмыртқа бездерінде ақау пайда болған. Бұны медицина тілінде «киста» дейді. Жұмыртқа бездерінің ішінде дистрофиялық процестің түзілуі. Бұл – келешекте бедеулікке ұрындырады деген сөз.

Бұл дерт – қыздарымыздың кіндікті ашып тастап, арқа-белін жалаңаштап жүруінен және қыстың аязында бұттарына капрон шұлықтан өзге дым кимей жеңіл жүруінен туындап отыр. Сонымен қатар өкпе қабынуы, буын сырқаттары, әр түрлі тері аурулары, тыныс жолдары аурулары пайда болады. Ал, жаздың күні жалаңбас жүріп, күнге қатты күйіп, ыстық өткенде қатерлі тері ісіктеріне шалдығады. Осындай сәндікті бізге зымияндықпен таратқан сияқты. Қақаған аязда қатып-семіп, табанынан сыз өтіп, кіндігі қақсап жүрсе де сән қуамын деген ақымақшылықтың ақыры қыздарымыздың келешекте жаппай бедеулігіне апаратын түрі бар. Осыдан сақтануымыз керек!!!

Дұрыс тамақтану – денсаулықтың кепілі

Құнарлы, табиғи таза тамақ тұтынған адам мен нәрі жоқ тамақ жейтін адамның организмі бірдей болмайды. Біздің ата-бабамыз өмір сүрудің осы қағидасын жетік меңгерген болатын. Осы үрдіс өзгеріп кетті. Кеңес одағы бізді қалай тамақтануға үйретті. «Алдымен салат же, одан соң сұйық тамақ, кейіннен қою тамақ, ең соңынан шәй, компот іш» деді. Одақ бойынша барлық асхана, мейрамханалар міне осы тәртіпті ұстанды және әлі күнге бұлжытпай орындап келеді. Бұл тамақтанудың ең қате түрі. Салат асқазанда сілтілік ортаны қалыптастыратын нәрсе. Асқазан сөлі салаттан кейін ет сияқты қою тамақтарды қорытуға шамасы келмейді. Қорытылмаған астың бәрі асқазанда жатып қалады да түрлі аурулар пайда болады. Ет жеген соң газды минералды су ішу өте үлкен қателік. Газдалған су асқазандағы еттің сыртына айнала жабысып алады да оның қорытылуына бөгет жасайды. Осыдан барып, панкреатит, қарын асты безінің ауруы пайда болады.

Тағы бір анықтап айтарымыз, ет пен қамырды араластырып жеу денсаулыққа өте зиян. Бұл екеуін қосып пайдалануға болмайды. Қамыр араласқан ет дұрыс қорытылмайды. Қазақ бұрын етті қамырсыз жеген.

Шетелдік зерттеуші-дәрігерлер еттің ішіндегі пайдалысы – жылқының еті екендігін, жылқы майының адам организмінде ешқашан тұнбаға түспейтіндігін зерттеп біледі. Олар жылқы етінің 17 түрлі ауруға ем болатындығын мойындады. Париж дәріханаларында қазылар 100-150 граммнан рецепт арқылы сатыла бастады. Қазір Германия, Франция өздері қымыз өндіруге кірісті. Мысалы, құрт, ірімшік сияқты сүт өнімдері тіске де, жалпы денсаулыққа да өте пайдалы тағам. Халқымызда тіс ауруы өте көп. Неге? Себебі, жұрттың бәрі осы күні жұмсақ тағам жеуге әуес. Ал, тіске қатты нәрсе керек. Сондықтан бізге ұлттық тағамдарымызды өндіруді, тұтынуды тездетіп бір жолға қойған дұрыс.

Дәрінің пайдасынан зияны…

Кез келген аурудың белгілері организмде ертерек байқала бастайды. Біздің қателігіміз – солардың алдын алуды білмейміз. Айталық, жүрек сырқаттары адамның бойында бірер жыл бұрын пайда болады, әрі оны анықтау қазір сонша қиын емес. Егер сол адам ауру белгілері анықталысымен-ақ емделуді қолға алса, науқастанудың бейнетін көрмей-ақ сауығуына мүмкіндігі бар. Ол үшін, бізде қарапайым адам өзінің денсаулығын зерттей ала ма, сондай емхана түрі бар ма? Жоқ қой. Біз қазір сол туралы көп айтып та, жазып та жатырмыз.

Бір қуанарлығы, «Тағамтану орталықтарын» барлық облыстарда құру енді қолға алынғалы отыр. Тағамдармен-ақ адамды емдеуге әбден болады. Жүйелі тамақтанбаған адам – аурушаң. Мысалы, қазір тұмаудың түрлері көп. Қарында тұз қышқылы аз болған кісі тұмау жұқтырғыш. Тұз қышқылы көп болса, иммунитет күшті, вирус жұқпайды. Тұздалған капустаның суы, алманың сірке қышқылы өте пайдалы.

Бізде ауыра қалса дәрі ішу керек деген ұғым пайда болған. Сол мәдениетке қалыпта-сып қалдық. Дәрінің шын мағынасында пайдасынан зияны басым. Қытайда негізінен өсімдіктен жасалған дәрілер қолданылады. Олар адам денсаулығының мүмкіншілігіне қарай емдеуді жолға қойған. Коммерциялық деңгейде, сосын өте сапалы емдейді. Қытай медицинасының ілгерілеуі де соның арқасы.

Қазақтың дәстүрлі емдеу тәсілін жаң-ғырту қажет

Қазақ: «Мал-жан аман ба?» деп сәлемдескен. Себебі, мал баққан халықтың жейтін тағамының бәрі малдан алатын өнім. Мал басы ауру-сырқаудан аман болса, әлбетте, жаны да аман болмақ. Аурудың дені мал арқылы тарайтынын қазір айтып жатудың өзі артық.

Ақсақалға бас тартуының өзінде үлкен мән бар. Біз қазір бас тартуды – үлкенді сыйлау деп білеміз. Сөйтсек, оның басқа себебі бар екен. Адамда ми қабығының қабынуы деген ауру түрі бар. Ол малдан жұғады. Аурудың вирусы қойдың миында сақталады. Қазақ соны білген. Мидағы вирусты жастар жесе науқасқа шалдығады. Сол себепті, «асарын асаған, жасарын жасаған» қариялар басты өздері мүжіген.

Бұл мағлұматты «XVIII ғасырдағы қазақ халық медицинасы» атты Үрімжіде жарық көрген кітаптан кездестірдік. Бұл өте құнды дүние. Қазақ халық медицинасы өмірге әкелген төл жәдігер.

Кітап адам таңқалатын емшілік әдістерге толы. Мысалы, кісінің көзіне қарап-ақ оның сырқатын анықтай берген. Айталық, ашушаң адамның бауыры ауырса, мазасызданғыш, қорқақ кісі бүйректен зардап шегеді, өмір бойы өкпелеумен жүретіндер қатерлі ісікке шалдығады дейді. Осыны біздің ата-бабаларымыз сонау ерте замандарда-ақ біліп, анықтап қойған. Ал, мұның бәрі қазіргі кезеңде ғана ғылыми-зерттеулермен дәлелденіп отыр.

Кітапта халқымыздың емшілікті тұтастай меңгеріп алғаны таңқалдырады. Ертеде кез келген қазақ тамыр ұстап, науқастың диагнозын дәл қоя білген. Бәріне зер салған, бәрін меңгеріп, емін де таба білген. Қараңызшы, біздің ата-бабамыздың сұңғылалығы мен зеректігі қандай болған?