Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

БІРІНШІ БАЙЛЫҚ – ДЕНСАУЛЫҚ


2 сентября 2011, 07:59 | 2 044 просмотра


Жаңа оқу жылының алғашқы сабағы «Денсаулық сабағы -2011» деп аталады. Бұл Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің тың бастамасы. Еліміздің барлық мектептерінде 1 қыркүйек күні «Денсаулығыңды күтуге дағдылан!» өткізілген бұл шара балалар мен жасөспірімдерге арналған нағыз Денсаулық мерекесі болары хақ.

Бұл мерекені бүкіл ел бойынша өткізуді ҚР Білім және ғылым министрлігі, ҚР Туризм және спорт министрлігі, барлық облыстар, қалалар мен аудандар әкімдіктері қолдады.

Өскелең ұрпақтың денсаулығы, білім алуы мен игіліктері баршамыздың міндетіміз. Ел келешегінің денсаулығын нығайту үшін мектеп қабырғасынан бастап салауатты өмір салтын қалыптастыру, қауіпті мінез-құлық факторларына қарсы тұра алатындай өмірлік дағдыларды бойына сіңіру өте маңызды.

«Денсаулық сабағына тек ұстаздар ғана емес қоғам қайраткерлері, атақты спортшылар, ғылыми-зерттеу институттарының және медициналық жоғары оқу орындарының директорлары, Денсаулық сақтау басқармаларының, медицина мекемелерінің, салауатты өмір салтын қалыптастыру қызметінің басшылары қатысты.

Денсаулықты сақтау мен нығайтудың, темекі шекпеудің, арақ-шарап ішпеудің, есірткі тұтынбаудың, дұрыс тамақтанудың маңызы зор. Бұл ретте әрбір мектеп пен жоғары және арнаулы орта білім беретін оқу орындарында денсаулық жөнінен ақпараттық-ағарту материалдары берілген қабырға газеттерін шығарудың да алар орны ерекше. Бұл игілікті шараны медицина саласы қызметкерлеріне жүктеу қажет. Себебі, білімді де білікті маман жас жеткіншектерге кез-келген аурудың алдын алу, сақтану шараларынан толыққанды және қарапайым тілде түсінікті ақпарат бере алады.

Облыс орталығында бұл істің ұйтқысы салауатты өмір салтын қалыптастыру қоғамдық ұйымдарының өкілдері болды.

«Денсаулық сабағы» аясында мектеп жасындағы балалар денсаулығының өзекті мәселелері, салауатты өмір салтын ұстанудың, қауіпсіз мінез-құлық дағдаларын қалыптастырудың және аурудың алдын алудың маңызы туралы айтылды. Бұл іс-шара оқушыларға салауатты өмір салтының негізгі аспектілері бойынша ақпарат алуға мүмкіндік береді және денсаулықты бала кезден сақтау мен нығайту үшін салауатты өмір салтын ұстанып, көп қимылдау және спортпен айналысудың маңызын, адамның өз денсаулығы үшін жауапкершілікте ынтымақтас болу қажеттігін көрсетеді.

Денсаулық тақырыбындағы шара бір күндік болып қалмауы керек. Себебі, әрбір адам ең бірінші кезекте өзінің денсаулығы жайын ойлауы тиіс. Мұны баршамыз күнделікті дағдыға айналдырайық ағайын!