26 августа 2011, 07:49 | 3 214 просмотров
Елімізде халықтың 27 пайызы, яки 4,2 миллион адам темекіге әуес. Түтіні бұрқыраған темекі өнімдерінің зияндылығы жайлы қанша айтсақ та, әлеуметтің одан бас тартар түрі жоқ. Статистикалық деректерге жүгінсек, жылына 25 мың адам темекі зардабынан көз жұмады екен. Олардың басым көпшілігі жасы 30 бен 55 шамасындағы еңбекке қабілетті ер адамдар мен репродуктивті жастағы әйелдер. Үкіметтік емес ұйымдар ел аумағындағы ірі дүкендерде темекінің сатылуына қарсылық білдірді.
Жалпы, никотинге тәуелді адамдардың саны жағынан Орталық Азия елдері алдыңғы қатарда келе жатыр. Мәселен, Қазақстанда соңғы 3 жылдың ішінде темекіні тұтынушылардың үлес салмағы 4 пайызды құраған. 2008 жылғы деректер бойынша елімізде бір азамат жылына 2664 дана темекі пайдаланған, яки адам күніне 7,3 темекінің түтінін будақтатқан. Ал 2009 жылы қазақстандықтар күніне 9 темекіні пайдаланған екен. Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша, соңғы жылдары елімізде онкологиялық ауруға шалдығушылар жиілеп кетті. Бұрындары ерлер арасында өкпе ісігі дертіне тап болғандар тіркелсе, қазір мұндай сырқат әйелдер арасында да жиілеген.
Таяуда Астанада өткен Еуразия экономикалық қауымдастығының интеграциялық комитеті денсаулық сақтауға байланысты кеңес өткізді. Кеңеске қатысушылар қауымдастық елдерінде темекінің қорабына оның зардабынан хабар беретін графикалық хабарламалар салу жөнінде шешім қабылдаған болатын. Денсаулық сақтау министрлігінің стратегиялық даму департаментінің директоры Болат Төкежановтың мәлімдеуінше, қораптағы графикалық хабарламалардың әсерінен 210 мың адам бірден темекіден бас тартса, алдағы үш жылда 840 мың адам никотиндік тәуелділіктен азат болады-мыс. Алайда еліміздегі темекі өндірісімен айналысатын компаниялар мұндай қадамға үзілді-кесілді қарсы. Темекі қорапшаларына оның зияндылығынан хабар беретін графикалық суреттер салу компаниялардың табысын азайтып, жұмысын тежейді.
Ал «Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін» ұлттық коалициясының лидері Жамиля Садықова дүкендерде темекінің сатылуына қарсылық білдірді. Бүгінде Қазақстан темекімен күресте Ресей халқынан көшілгері тұр. Алайда көршілерімізге қарағанда темекі құны біздің елімізде әлдеқайда арзан. Ағымдағы жылы салық туралы заңнамаға темекі өнімдерінің акциздік салығына қатысты бірқатар түзетулер мен өзгертулер енгізілді. Осыған сәйкес, 2013 жылға дейін темекі өнімдеріне салынар акциздік салық құны деңгей бойынша ұлғайып, фильтрлік темекінің 1000 данасына 1550 теңге, ал фильтерленбеген темекіге 950, сигареллаға 1930 теңгені құрауы тиіс. Ал Жамиля Садықова темекі бағасын дәл қазір ұлғайту керек деген пікірде. «Темекі бағасын кем дегенде 400 теңгеге көтеріп, оларды тек қана темекі сатылатын арнайы дүңгіршектерде сату керек. Ресейліктер заңнамаға енгізуді көздейтін кинофильмдерде темекісі бар көріністерді көрсетуге, темір жол вокзалдарының маңында темекі шегуге, тағы басқа күрес шаралары біздің елімізде де қолданылуы мүмкін. Тек алдымен Ресей аталмыш заңнаманы қабылдау керек. Бұл өте тиімді күрес, алайда оның нәтиже беру, бермеуі екіталай», - дейді ол.
Ресей Федерациясы дайындаған заңнамаға тоқталып өтсек. Заңнамаға сәйкес 2014 жылдан бастап алыс жолдарға жүретін пойыздар мен кемелерде темекі шегуге тыйым салынып, аэропорттардағы арнайы бөлмелер жойылады. Сондай-ақ 2015 жылдан бастап қонақүйлер мен кафелерде, түнгі клубтарда кальян шегуге тыйым салынады. Ең қызығы, никотинге тәуелді жандар үйлерінің маңында темекі шегуге арналған арнайы орын алу үшін көршілерінің жазбаша рұқсатын алу керек. Бұған қоса арнайы түзету мекемелерінде жатқан адамдар да темекіден азат етіледі. Заңнамада көрсетілген қатаң шаралардың бірі - аумағы 50 шаршы метрді құрамайтын дүкендер мен дүңгіршектерде темекі сатуға мүлдем болмайды. Ал 50 шаршы метрден астам аумақты алып жатқан дүкендерде темекі сатылады, алайда оларға жарнама жасалмайды әрі темекі қорапшасы көрсетілмейді. Сатып алушылар прейскуранттар арқылы ғана темекі өніміне қол жеткізеді. Сондай-ақ заң күшіне енген сәттен бастап барлық кинофильмдерде де темекі шегуге тыйым салынбақшы. Ал аймақ басшыларына темекімен күресті бұдан әрі де күшейтуге мүмкіндік беріледі. Ресейдің денсаулық сақтау министрлігі акциздік салық құнын 50 пайызға дейін көтеруді жоспарлауда. Қазір ресейліктер ең арзан темекіні 17 рубльге сатып алса, салық көбейген жағдайда темекі құны 61 рубльді құрамақ. Өзіміздің валютаға шақсақ бұл баға 350 теңгеге тең болады екен. Ресейдің денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрліктері дайындаған темекімен күресте ел тарихындағы ең қатаң заңнама әзірге толықтай қолдау таппай отыр. Ел халқы тіпті КСРО-ның қатаң заманында мұндай тежеулер болмаған, бұл заңнама темекі шегетіндерді қыспаққа алады әрі олардың намысына тиіп, халық арасында «жақсылар» мен «жамандар» тобының қалыптасуына әсер етеді деген байламға келіп отыр. Сондықтан көршілеріміздің аталмыш құжатты қабылдай қоюы екіталай. Ал егер заң қабылдана қалса, еліміз іле-шала ресейліктерден үлгі ала қоймас әрі мұндай қатаң талаптар демократиялық прициптерге қарама-қайшы.
Сөз соңында. Жуырда АҚШ-тың төрт бірдей темекі өндіру компаниясы Азық-түлік пен дәрі-дәрмекті бақылау басқармасын темекі қорапшасындағы ескерту суреттерін енгізгені үшін сотқа берді. Компания өкілдері ескертпе суреттер мен жазулар олардың сөз бостандығын тежейді әрі темекі брендінің дизайны аталмыш суреттердің арасынан көрінбей қалады, қорапшадағы суреттер кәдуілгі факттерді көрсетпейді, керісінше, адамдарды қорқыту үшін әдейі салынған әрі суреттер қорапшаның тең жартысын алып жатыр, бұл өз кезегінде дизайнерлердің жұмысын күрделендіре түседі деген пікірде. Америкалық темекі өндірушілерінің сотқа шағымдануы бір бұл емес, 2009 жылы компаниялар елде темекіге қарсы қабылданған жаңа заңнама жарнама жасауға қатаң тыйым салады деп байбалам көтерген. Алайда сол кезде сот билік жағын қолдаған болатын. Еліміз қолға алуды көздеген жоғарыдағы күрес шаралары дәл осылай темекі өндіруші компаниялардың шамына тиюі әбден мүмкін. Дегенмен шара қабылдануы тиіс. Себебі қазір ересектер былай тұрсын, мектеп жасындағы балалардың никотинге әуестігі ұлғая түсуде.