Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ НЕЙРОХИРУРГИЯНЫҢ ПРОБЛЕМАЛАРЫ ЕМХАНА ДЕҢГЕЙІНДЕ БАСТАЛАДЫ


26 августа 2011, 07:51 | 2 581 просмотр



- Қазақстанның нейрохирургия саласы аяғына енді ғана тұрып келе жатқанымен, соңғы жылдары қол жеткен жетістіктері де баршылық. Оның нақты дәлелдері - Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен салынған Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығы (РНҒО), отандық мамандардың Дүниежүзілік нейрохирургтар қауымдастығының мүшелігіне өтуі, ағымдағы жылдың маусым айында АҚШ, Жапония, Аргентина, Германия, Швеция, Үндістан, Қытай, Түркия, Иран және Грекия секілді алып елдердің ірі нейрохирург дәрігерлерінің РНҒО-да басқосуы.

2008 жылы 1 шілдеде іске қо-сылған Орталықта осы уақытқа дейін 11 мыңнан астам науқас сырқаттарына дауа алды. Аталмыш саладағы табыстары үшін Қазақстан 2014 жылы Азия елдері нейрохирург Терінің Х конгресін өткізу құрметіне ие болды. Саланың еліміздегі дамуы мен ондағы проблемалар туралы сұхбатымызда РНҒО-ның нейрохирург дәрігері Азат Шпеков айтып береді.

- Азат Сәлімұлы, Сіздің пікіріңізше, бүгінгі күнгі нейрохирургияның негізгі проблемалары қандай?

- Жалпы, нейрохирургияның барлық салалары өзекті болып саналады. Себебі, нейрохирургия - ол негізінен әлеуметтік проблемалар. Мәселен, жиі кездесетін ми мен жұлын жарақаттары, әртүрлі ми тамырлары сырқаттары мүгедектік көрсеткіші бойынша қазіргі уақытта бірінші орында тұр. Сонымен қатар, балалар нейрохирургиясындағы түйткілдер әлі толық шешімін таппаған. Соның ішінде ми ісіктері мәселелері осы күнге дейін зерттелу үстінде. Оларда қолданылатын емдеу технологиялары, зерттеу әдістері әлі де жақсартылып, жаңартылып жатыр. Сондықтан, нейрохирургияның қай бағытында болмасын шешілмеген проблемалар табылады.

- Нақты Қазақстан туралы айтатын болсақ.

- Қазақстандағы нейрохирургия-ның проблемасы емхана деңгейінде басталады. Нақты айтсам, нау-қастың нейрохиругиялық сырқатқа шалдыққанын анықтау, сол салада мамандарды даярлау, оларды шет елдерде оқыту. Бізге науқастар жоспарлы түрде ғана емес, шұғыл түрде де түседі. Кейбір жағдайларда алғашқы жедел медициналық жәрдем нақты емханаларда көрсетіледі. Мысалы, ми тамырлары сыр-қаттарының 90 пайыздан астамы - миға қан кетумен немесе ми тамырларының бітелуімен, яғни инсультпен білінеді. Сондықтан, қай науқастарға нейрохирургиялық көмектің қажет екендігін дер кезінде анықтап-білу өте маңызды. Айтқанымдай, нейрохирургияның қай бағытында болмасын шешімін таппаған проблемалары көп. Әрине, осындай Орталықтың құрылғаны, мұнда тегін емделу мүмкіндігі, қазақстандықтар үшін үлкен көмек.

Айта кетейін, біздің базамызда нейрохирургтарды даярлау жүргізіледі. Қазір онда 8 адам оқып жатыр.

- Сіз, Ресейдегі ең көне және әлемдегі алғашқы ғылыми-практикалық нейрохирургиялық институт - А.Л.Поленов атындағы ғылыми-зерттеу нейрохирургиялық институтында оқып, озық технологиялармен жұмыс істедіңіз. Қазақстанның қазіргі күнгі нейрохирургиясын медицинасы дамыған озық елдердің аталмыш саласымен салыстыруға келеді ме?

- Орталықтағы мамандарды және құрал-жабдықтарды алып қарастыратын болсақ, сөз жоқ салыстыра аламыз. Орталықтың құрал-саймандармен жабдықталуы халықаралық талаптарға толығымен сай. Қазіргі уақытта сай деп айтқан дұрыс болар. Келешекте шет елдердегідей жаңартылып тұрады деген үміттеміз. Себебі, нейрохирургия медицинаның өте қарқынмен дамып келе жатқан, үнемі жаңа технологияларды қажет ететін саласы. Тіпті, әрбір алты ай сайын саладағы жаңашылдықтарды байқап тұрамыз. Сондай-ақ, айта кетейін, биыл-ғы жылдың маусым айында Орталықта халықаралық деңгейдегі үлкен конференция өтті, оған бірқатар мемлекеттен әлемге танымал 20-ға жуық нейрохирург қатысты. Олар құр алақан келмей, баяндамаларын оқып, көрсетілім операция-ларын жасады. Онымен бірге, бізге мынаны дайындап қойыңдар немесе мына құрал-сайман жетіспейді дегенді айтқан жоқ. Олар келді де, операцияны «өз үйлеріндегідей» жасай берді. Себебі, бізде олардың қажеттілігін қанағаттандыратын барлық құрал-жабдықтар бар.

- Орталық түгелімен жаңа құрал-жабдықтармен жабдықталған. Олардың тілін білетін маманның тапшылығынан тұралап тұрған аппараттар бар ма?

- Мамандарымызды шет елдерге бірнеше айға оқытуға жіберіп тұрамыз. Бірақ ол жеткіліксіз екендігі түсінікті. Себебі, ол құралдар үлкен білімді, біліктілікті қажет етеді. Ал ондай білімді қысқа уақыт ішінде және қажетті деңгейде алу мүмкін емес. Менің ойымша, бұл мәселелер келешекте шешімін табады. Бүгінде маманның жетіспеушілігінен қолданыссыз тұрған бір аппаратымыз бар. Маманды іздестіру үстіндеміз.

- Диагностика - ауруды немесе асқынуды дер кезінде анықтайтын, ем-домды уақытылы қолдануға септігін тигізетін әдіс. Диагностикалық құралдармен жабдықталуларыңыз қалай?

- Орталықта қажетті барлық диагностикалық аппараттар бар. Бірақ кейбір аппараттар расында, жаңартуды немесе басқа модельдерге ауыстыруды қажет етеді. Атап айтсам, қазір бізде тамыр ішімен оталар - монопландық ангиографпен жасалады. Яғни олар бейнені бір бағытта, бір жазықтықта көрсетеді. Ал қазір дамыған елдерде қолданылатын аппараттар бір уақытта екі жазықтықты көру мүмкіндігін береді. Ондай құралды Орталықта енгізу алдағы жоспарда бар. Одан басқа, қазір біз алты кескінді үлгідегі компьютерлік томографтарды қолданып отырсақ, басқа нейрохирургиялық орталықтар томографтардың 64 кескінді үлгісіне көшіп үлгірген. Аппараттардың үлгілерінің ерекшелігі біздің жұмысымызды аса шектемейді, бірақ, жаңа құралдардың арқасында жұмысымыз одан сайын жақсара түсер еді. Жоғарыда атап өткенімдей, нейрохирургия саласы жаңа технологияларды қысқа уақыт ішінде қажет ететін сала. Сондықтан, бір екі жылдан кейін, қазір бар құралдардың орнын жаңа модельдерге ауыстыру қажеттігі туындап жатса, біз оған таңғалмаймыз.

- Бүгінгі күні нейрохирург дәрігерлер қандай патологиялармен жиі кездеседі?

- Бүгінгі таңда елордада көлік санының және құрылыс жұмыстарының қарқынмен артуына байланысты, жол апаттары мен құрылыс нысандарындағы ми мен жұлын жарақаттары жиі кездеседі. Ал бас-қа сырқаттардың жиілігі айтарлық өзгерген жоқ.

- Ал туа біткен патологиялардың үдерісі қандай?

- Туа біткен нейрохирургиялық патологиялар, жарақатпен байланыссыз басқа да нейрохирургиялық сырқаттардың саны айтарлықтай артқан жоқ. Оларды тек анықтау деңгейі артып отыр. Себебі, өзге өңірлерде оларды анықтайтын құрал-жабдықтар - магниттік резонанстық және компьтерлік томографтар, ультрадыбыстық аппараттар және тағы басқалар көптеп орнатылуда.

- Бет ауырсынулары қазіргі неврология мен нейрохирургия-ның өзекті проблемасының бірі. Соңғы уақытта тригеминалды невралгиямен ауыратындар саны неліктен артып отыр?

- Иә, тригеминалды невралгиямен ауыратын науқастармен қазір жиі кездесіп отырмыз. Бірақ, жаңа айтып өткенімдей, бұл сырқатқа шалдыққан науқастардың саны артып отырған жоқ, оларды анықтау дәрежесі жоғарылады. Бұл диагноз негізінен клиникалық бағалау арқасында қойылады. Тригеминалды невралгияны әлеуметтік проблема деп айтуға әбден болады. Өйткені бұл сырқатқа шалдыққан науқастардың өмірі өте ауыр. Ол адамдардың бет ауырсынуларын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Олар тамақтанғанда, беті мен тістерін жуғанда немесе бетіне бір зат жанасқанда беті мен тістері ұстама түрінде қатты ауырады. Және мұндай ұстамалар әрбір 20-30 минут сайын, тіпті одан да жиі қайталанып тұрады.

Қазір отандық мамандардың арасында тригеминалды нев-ралгия диагнозын қоя алатын, оны анықтай алатын мамандар саны артып келеді. Сонымен қатар, жоғары нәтижелі хирургиялық емдеу әдістері енгізілгенінен бастап, жергілікті неврологтар, стоматологтар, жақ бет хирургтары және басқа да мамандар мұндай науқастарды біздің орталыққа бағыттай бастады.

Америка, Канада, Еуропада жүргізіліп жатқан статистикалық зерттеулер нәтижесіне сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын тригеминалды невралгиямен ауыратын жаңа 600 науқас анықталады. Бұл көрсеткіш барлық елдерде қалыпты және өзгеріссіз. Яғни, 100 мың адамның арасынан 4 науқас кездеседі.

- Аталмыш сырқаты бар нау-қастарды емдеуде жаңа қандай технологияларды қолданып отырсыздар?

- Әлемде тригеминалды невралгияны емдеудің бірнеше әдісі бар. Солардың ішінде нәтижелілігі ең жоғары және жиі қолданылатыны - радиотолқынды деструкция әдісі мен микроваскулярлық декомпрессия әдісі. Қазір гамма-пышақ қолданыла бастады. Бірақ бұл әдістің нәтижесін бағалауға бағытталған зерттеулер әлі аяқталған жоқ. Дегенмен, алдын ала көрсеткіштері жаман емес. Сондай-ақ, үштік нервті баллонмен қысып тастау әдісі бар. Заманауи зерттеулердің нәтижесіне сүйенсек, барлық әдістердің ішінен радиотолқынды деструкция мен микроваскулярлық декомпрессия әдістерінің ауырсынуды жою көрсеткіші жоғары және асқынуды аз беретін әдістер саналады. Біздің Орталықта нақты осы екі әдіс қолданылады. Микроваскулярлық декомпрессия ол - жалпы наркоз арқылы, бас сүйегін ашып жасалатын бірнеше сағаттық (орташа есеппен 4 сағат) үлкен ота. Бұл отаны денсаулық жағдайларына байланысты барлық науқастарға жасай алмаймыз. Қарт, өкпе не жүректерінде сырқаттары бар адамдарға радиотолқынды деструкция әдісін қолданамыз. Науқас операциядан кейін Орталығымызда 1-2 күн ғана жатады. Тамырішілік наркозбен жасалатын ота барысында үштік нервтің түйініне енгізілген электрод беттің ауыратын учаскісін анықтап-табады да әртүрлі жиіліктегі радиотолқындарды беру арқылы нервтегі ауыратын талшықтар бұзылып, бірнеше минуттың ішінде беттегі ауырсыну жойылады. Бұл операцияның артықшылығы да сол - беттің тек ауыратын жеріне әсер ету ар-қылы ауырсынуды басу. Екі операцияның нәтижелілігі 90 пайыздан астам. Науқас операциядан кейінгі мезетте-ақ ауырсынудан айырылады. Операциядан кейінгі асқыну қаупі басқа емдеу әдістерімен салыстырғанда ең төмен. Әртүрлі авторлардың әдебиет мәліметтеріне сәйкес, радиотолқынды деструкциядан кейінгі өлім көрсеткіші нөлге тең.

- Айтып отырған емдеу әдістерін осы уақытқа дейін қанша науқасқа қолдандыңыздар?

- Радиотолқынды деструкция аппараты бізде бұрын болған жоқ. Оны ағымдағы жылдың шілде айында орнаттық. Осы уақытқа дейін аппаратпен он науқасқа ем жүргіздік. Оның сегізі кеселінен толығымен айықса, қалған екеуінде ауырсыну деңгейі және оның жиілігі әлдеқайда төмендеді. Соның арқасында олар дәрілерін күнделікті қабылдамай, жұмыстарын атқара бере алады. Мысалға, операцияға дейін ұстамалар әрбір 10-15 минут сайын қайталанып тұрса, қазір күніне бір-екі рет болғанымен науқас ауырсынуды бұрынғыдай қатты сезінбейді. Радиотолқынды деструкция операциясының бір артықшылығы - оны денсаулыққа зиян келтірмей қайталап жасауға болады. Сөйтіп беттің ауырсынуын толық жоюға болады.

Ал микроваскулярлық декомпрессия операциясын бір жарым жыл бойы жасап келеміз. Ол әдіс бойынша 34 адамға көмек көрсеттік. Нәтижесі, 3-еуінде ауырсыну ұстамаларының деңгейі де, жиілігі де төмендеді. Қалған 31-інде ауырсынулар операциядан кейін толығымен жойылды. Науқастармен біз әрбір үш ай сайын телефон арқылы хабарласып тұрамыз. Осы уақытқа дейін ешбірі жаңадан пайда болған бет ауырсынуларына шағымданған жоқ.

- Қазақстандықтар шет елге шықпай-ақ, Сіздердің Орталықта сырқаттардың басқа қандай түрлерінен айыға алады?

- Қазір Орталықта жасалатын операциялардың көпшілігі бұрын-соңды Қазақстанда жасалмаған. Соның ішінде, бас сүйегін ашпай тамыр ішінен жасалатын операциялар. Яғни тамырдың ішімен бойлай, инсульттің себебі болып табылатын сырқатқа жетіп емдеу. Шетелдік мамандар Орталыққа ара-тұра келіп, шеберлік-сабақтарын өткізіп тұратыны болмаса, күнделікті операцияларды отандық дәрігерлер жасайды. Қазір бізге науқастар таяу шет елдерден, Ресейден келіп жатыр.Онымен бірге, Орталықта туа біткен және жүре пайда болған өте кіші көлемдегі түзілістерді, ми ісіктерін миды артық зақымдамай, ең жақын жолмен алып тастау мүмкіндігі бар. Ондай операцияларда қолданылатын нейронавигация жүйесі тек дамыған елдерде ғана бар. Осы жүйенің арқасында операцияның ұзақтығын және одан кейінгі асқынуларды едәуір азайтуға мүмкін болды. Сонымен қатар, жақын арада эпилепсия хирургиясын енгізу жоспарланып отыр. Оған қажетті құрал-жабдықтардың барлығы Орталықта бар.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығында әлемнің дамыған елдерінде жасалатын нейрохирургиялық операциялардың барлық түрін жасау мүмкіндігі бар және олардың басым дені жасалып жатыр.

- Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Автор:
Гүлмира АЛЯКПАРОВА. АСТАНА қаласы.