Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ОҚУШЫ ДЕНСАУЛЫҒЫ


26 августа 2011, 07:58 | 3 407 просмотров



Осы аптаның дүйсенбісінде Алматы облысы білі беру қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесі өткен болатын. Жаңа оқу жылы алдында ұйымдастырылатын бұл форумға Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов, ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұма-ғұлов қатысты. Конференция делегаттары алдында Алматы облысы білім басқармасының бастығы Ғалия Матанқызы Аманова «Алматы облысының білім беру жүйесіндегі отбасы, мектеп және қоғамның игілікті болашақ жолындағы өзара ынтымақтастығы» тақырыбында баяндама жасады.

Облысымыздағы білім беру саласының өткен оқу жылындағы қол қойған жеткен табыстар мен алға міндеттерді қамтыған баяндамада оқушылардың денсаулығы да айтылды. Балалардың денсаулығын сақтауда жасалып жат-қан жұмыстар аз емес екені белгілі. Ғалия Матанқызы өз баяндамасында білім беру ісінде денсаулық саласының ролі жайына тоқтала келе былай деді: - «Жасөспірімдердің денсаулығын нығайту баршамыздың қызметіміздегі басым бағыт болуға тиіс. Медициналық тексеру нәтижелеріне қарағанда, жаңа туған нәрестеден 18 жасқа дейінгілердің 15 пайызының ас қорыту органдарының ауыратындығы анықталған, 9 пайызының тыныс алу, 21 пайызының қан және қан түзейтін органдарында, 6 пайызының көру органдарында кінәрат бар.

Аталған аурулардан айықтыруға биыл 194,6 млн. теңге бөлінді. 140 мектепте жаңа талаптарға сай медициналық құралдармен жабдықталған стоматологиялық кабинеттер ашылды.

Бүгінгі таңда балалардың денсаулығын нығайту - ең өзекті мәселелердің бірі болып тұр. Мектептерде сапалы оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыруды іске асыруда балаларды ыстық тамақпен қамтамасыз етудің маңызы өте зор. Қазіргі кезде 420 мектепте (жалпы мектептер санының 57 пайызы) 201416 оқушыға (жалпы мектептер санының 69 пайызы) ыстық тамақ ұйымдастырылған.

Биылғы жылы 221944 жасөспірім жазғы сауықтыру демалыстарымен және еңбектің барлық түрлерімен қамтамасыз етілді. Бұл 1-10 сынып оқушыларының жалпы санына шаққанда 81,3 пайызды құрайды.

Қазіргі кезде облысымызда 22 жазғы стационарлық лагерьлер жұмыс жасайды. Өкінішке орай, барлық аудан оқушыларын толыққанды жазғы демалыспен қамтамасыз етуге тиісті мүмкіндіктер болмай отыр.

Облыс басшылығының қамқорлығының арқасында 2011-2013 жылдары Іле, Алакөл, Көксу, Сарқан, Панфилов аудандары мен Қапшағай қаласында жазғы сауықтыру лагерлерін салу және қайта қалпына келтіру жұмыстары жоспарланып отыр. Қазірше Ақсу, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Райымбек, Ұйғыр аудандары мен Талдықорған қаласында жаз-ғы сауықтыру лагерлерін салу мәселесі әлі шешімін таппай отыр»,-дей келе мектептен тыс білім беру мекемелерінің желісін кеңейту, оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға септігін тигізетін, жалпы адамгершілік құндылықтар, қазақстандық отаншылдық және азаматтық негізінде бала тұлғасының жан-жақты дамуын қалыптастыратын орта болу керек деген тыжырым жасады, - Ғалия Матанқызы. Ол өз баяндамасында дінтану сабағының сапасын арттыру керектігін де тілге тиек етті. - «Әлі өзіндік көзқарасы, танымы қалыптаспаған жастарды теріс жолға итермелейтін, сондай-ақ қоғамға экстремистік және идеологиялық қауіп тудыратын түрлі діни ағымдардың көбейіп кетуі үлкен алаңдатушылық тудырып отырғаны белгілі. Осыған орай, барлық ынталы органдармен бірлесе отырып білім беру ұйымдарында жат қылықтарға жол бермеу үшін алдын алу жұмыстарын жүргізіп, «дінтану» сабағының сапасын арттыруға қатаң бақылау жасау қажет.

Қылмыс бойынша көрсеткіштердің соңғы уақытта төмендегеніне қарамастан, кемші-ліктер де жоқ емес. 2010 жылдың 1 жартыжылдығында 108 заңбұзушылық тіркелген. Ал 2011 жылдың осы мерзімінде 89 қылмыстық істер орын алды. Ағымдағы жылдың 1 жартыжылдығында 1174 кәмелетке толмағандар түрлі заң бұзушылықтары үшін арнайы есепке қойылды. Негізінде қылмысты тұрақты оқумен қамтылмаған оқушылар жасайды. Өкінішке орай, оқуға бармай жүрген оқушылар да жоқ емес. 2009-2010 оқу жылында осындай 168 бала анықталды. Олардың ішінде оқу жылының аяғына дейін 32 бала сабаққа бармаған. Ағымдағы оқу жылында мектепке келмей жүрген 80 бала анықталып, Талғар, Іле, Ескелді, Қарасай, Қаратал, Ұйғыр, Жамбыл, Кербұлақ аудандары мен Талдықорған, Қапшағай қалаларынан 20 бала оқуға тартылмай отыр.

Кәмелеттік жасқа толмағандар арасында криминалдық жағдайды сараптау жұмыстары барысында балалардың оқуға қатысуы мен үлгеріміне бақылаудың жоқтығы - олардың арасында қылмыс жасау мен құқық бұзушылықтың өсуіне, есірткі заттарын қолдануы-на, ішімдікке салынуына алып келеді. Сондықтан ата-аналардың бала тәрбиесіне жауапкершілігін арттыру қажет»,-деді Ғалия Матанқызы Аманова.

Қазіргі кездегі ең өзекті жайт - жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесі болып отыр. Өкініштісі, жүргізілген жұмыстарға қарамастан, мектеп оқушылары арасындағы өзіне-өзі қол жұмсау әлі тоқталмай тұрғаны белгілі. Бұл турасында баяндамашы: «2010 жылы 29 өзіне-өзі қол жұмсау және 3 өзіне-өзі қол жұмсауға ұмтылған жағдай тіркелсе, 2011 жылдың 5 айы ішінде 15 өзіне-өзі қол жұмсау және 10 өзіне-өзі қол жұмсауға ұмтылған жағдай есепке алынды. Еңбекшіқазақ, Іле, Райымбек, Талғар аудандарында, Панфилов ауданында және Талдықорған қаласында тіркелді.

Жасөспірімдер арасындағы өзіне-өзі қол жұмсаудың алдын алу жұмысы және суицидтік мінез-құлық үнемі қатаң бақылауда. Панфилов, Алакөл, Ақсу, Сарқан, Кербұлақ, Ұйғыр аудандарында жыл бойы Қазақстан мен Германия ғалымдарының қатысуымен «Адам және қоғам» мемлекеттік емес ұйымымен бірлесе отырып, ата-аналар мен оқушылар, мұғалімдерге арналған психологиялық тренингтер мен курстар өткізілді.

Бұл жұмыстар әлі де өз жалғасын табуда. Психолог мамандардың пікірі бойынша өзіне-өзі қол жұмсаудың себебі әлеуметтік-психологиялық жағдайдың төмендігі, жеке тұлғаның қоршаған ортамен қарым-қатынасының бұзылуы болып табылады. Отбасындағы ауыр психологиялық ахуал, ата-аналардың ажырасуы, тағы басқа келеңсіз жайттар жасөспірімдерді өзіне-өзі қол жұмсауға итермелейді. Сондықтан аудандық (қалалық) білім бөлімдері жасөспірімдер арасындағы тосын жағдайларды ерекше бақылауға алып, зерделеуі қажет. Мектептің психологиялық қызметі өзіне-өзі қол жұмсаудың алдын алуда үлкен рөл атқаруы керек.

Кейбір мектептердегі психологтардың жұмысын басқа мамандық иелері атқаратыны анықталды. Аудандар мен қалалық білім бөлімдеріне жаңа оқу жылында барлық мектептерді білікті маман психологтармен қамтамасыз етуді тапсырамын. Мектептегі полиция инспекторының штат кестесін көбейту өз шешімін күтіп тұрған өткір мәселелердің бірі. Облыс мектептерінде 88 инспектор жұмыс жасайды, алайда бүгінгі таңдағы мектеп инспекторына деген сұраныс 271 бірлікті құрайды», - деп қорытындылады баяндамасының осы бағыттағы ойын басқарма басшысы.

Білім беру жүйесінің ұйымдары мен білім басқармалары барлық мүмкіндіктерін пайдаланып, осы бағытта жұмыс істеулері керек. Ол үшін:

«Қылмыстың алдын алуға жауапты ұйымдармен бірлесе отырып, жасөспірімдер арасындағы жағымсыз іс-әрекеттердің алдын алуда отбасы, мектеп, қоғамдық ұйымдардың қатысуымен жүргізілетін жұмыстарды күшейту қажет. Білім беру ұйымдарында салауатты өмір салтын қалыптастыру бойынша жұмыстар жандандарылып, оқушылардың дене шынықтыруына қолайлы жағдайлар жасау керек.

Автор:
Ырысбай КЕНЖЕБАЙҰЛЫ.