Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

МАҚСАТ – САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ


26 августа 2011, 07:59 | 2 505 просмотров


Осы аптаның сәрсенбісінде Қ салтын қалыптастыру Р Денсаулық сақтау министрлігінде Вице-премьер Е.Т.Орынбаевтың төрағалық етуімен Денсаулық сақтау жөніндегі ұлттық үйлестіру кеңесінің 15-ші отырысы болып өтті. Кеңес отырысы созылмалы инфекциялық емес аурулардың алдын алу және темекі шегуді, алкогольді ішімдіктер ішуді азайту, дене шынықтыру және дұрыс тамақтану бойынша сектораралық ынтымақтастық рөлі тақырыбына арналды.

Кеңес жұмысына мемлекеттік органдар, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Инфекциялық емес аурулар тақырыбы қазіргі уақытта бүкіл әлемде өзекті болып отыр. Алдағы қыркүйек айының 19–20 күндері Нью-Йоркте жоғары деңгейде өткелі отырған инфекциялық емес аурулар жөніндегі Ғаламдық Саммит осы мәселелерге арналады. Төрт негізгі ауру түрі – жүрек-қан тамырлары, қатерлі ісік, созылмалы өкпе және қант диабеті аурулары барлық дерттердің үштен екі бөлігін құрап, адамдардың өліміне басты себеп болып отыр.

Кеңес отырысында Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова аталған аурулардың алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыстар жүргізудің маңыздылығына тоқталды. Және бұл дерттер бойынша тұрғындардың денсаулығын жақсарту 2005–2010-шы жылдары аралығында жүзеге асырылған Денсаулық сақтау саласын реформалау және дамытудың мемлекеттік бағдарламасына тікелей байланысты болғанын және «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы еліміздің денсаулық сақтау саласын жалпы әлемдік стандарттар деңгейіне жеткізуді мақсат ететінін атап көрсетті. Бұл міндет барлық мемлекеттік органдардың, денсаулық сақтау мәселелеріне қатысты барлық субъектілердің өзара бірлескен іс-қимылын талап ететіні белгілі.

Осыған байланысты ағымдағы жылы темекі шегуді шектеу және оның алдын алу мақсатында заңнамалық база жетілдірілді. Атап айтқанда, 18 жасқа толмаған тұлғаларға темекі сатуға, темекіні даналап сатуға, қоғамдық орындарда темекі шегуге, сыртқы жарнама және баспа құралдарында, телеарналар мен радиоларда жарналамауға тыйым салу, 2009–2011 жылдар аралығында темекі өнімдеріне акциздер құнын 30% арттыру сияқты жүйелі іс-шаралар қолға алынды.

Алкогольдік өнімдерді тұтыну аса маңызды тәуекел факторларының бірі болып табылады. Тек соңғы 3 жылдың ішінде аталған көрсеткіш еліміз бойынша 9% төмендеді. Алкогольге қарсы нормативтік база жетілдірілді: 21 жасқа толмаған тұлғаларға спирттік ішімдіктер сатуға, сыртқы жарнама, электронды және баспа құралдарында жарналамауға, қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктер пайдалануға тыйым салу, мас күйінде көлікті басқарғаны үшін қатаң шаралар қолдану қарастырылған.

Бұл салада жағдайдың жақсаруына барлық мүдделі құрылымдардың соңғы 5 жылда атқарған жұмысы игі ықпал етті.

Ағымдағы жылы республикалық бюджет қаржысы есебінен Денсаулық сақтау министрлігі үкіметтік емес ұйымдар арасында 143 млн. теңге сомасында әлеуметтік тапсырыс орналастырды. Мақсат – салауатты өмір салтын қалыптастыру, аурулардың алдын алу, репродуктивті денсаулық және басқа да салалар бойынша іс-шараларды жүзеге асыру болып табылады.

Кеңес қорытындысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова 1-ші қыркүйек күні бүкіл еліміздің оқу орындарында денсаулықты нығайту мәселелеріне арналған «Денсаулық сабақтарын» өткізу туралы бастама көтерді. Ол үшін жастар арасында беделді спортшыларды, дене шынықтырумен жүйелі негізде шұғылданатын саясаткерлер мен қоғам қайраткерлерін сабақтарға шақыруды ұсынды. Денсаулық сақтау министрінің ұсынысы жиынға қатысушылар тарапынан қолдау тауып, мұндай игі шаралар жаңа оқу жылында жас ұрпаққа ерекше серпін беретіні атап өтілді.

Автор:
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.