Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

СОЛАҚАЙЛАРДЫҢ ЖАЗЫҒЫ НЕ?


19 августа 2011, 07:51 | 3 151 просмотр



Тамыздың 13-і - солақайлардың халықаралық күні. Солақайлық - ауру емес десек те, қоғамда бұл топ өкілдеріне бас-қаша қарайтыны белгілі. Кеңестік кезеңде мектептерде солақайларды оң қолмен жазуға мәжбүрлеу саясаты болды. Сол уақыттағы саясаттың өзіне «солақай» деген атауды таңды. Ырымшыл қазақ «оң аяқпен атта», «оң болсын!» деген сөздерді жиі айтады.

Оны қойып, дінде де сол қолға деген көзқарас жақсы емес. Дәрет алғанда сол қолмен тек кіндіктен төменгі мүшелер ғана жуылады. Одан жоғарғысы - оң қолдың үлесінде. Жолда жүру, мектеп партасы, жұмыс үстелі, тіпті компьютерлер де оңқайдың ыңғайына қарай жасалған. Әйтеуір солақайға деген көзқарас қай жақта да жақсы емес. Сонда сол қолдың жазығы не болды екен?..

Әңгімені әлқиссадан бастасақ, ресми болмаса да, ғалымдардың жиі айтатын дерегі бойынша, әрбір 100 адамның біреуі солақай болып туылады екен. Жақсы, жүздің бірі болмаса да, солақайлар - қоғамда азшылықты құрайтыны белгілі. Сонда «неге оңқайлар көп» деген сұрақ туады. Бұған да ғалымдардың айтар уәжі бар. Олардың долбарлауынша, арғы ата-бабалар оң қолмен де, сол қолмен де бірдей жұмыс жасауға қабілетті болған. Алайда олардың тұтынған жемістері мен өсімдік тамырларында кездесетін түрлі улар сол қолдың жұмысын басқаратын орталық жүйке-жүйесінің бөлігіне кері әсер етіп, оны өлтіреді екен. Ғалымдар психоактивті заттардың солақайларда оңқайларға қарағанда, орталық жүйке-жүйесінің бөлігіне күштірек әсер ететінін дәлелдеп отыр. Міне, осылайша табиғи сұрыпталу нәтижесінде солақайлардың саны сиреп, адам баласы оңқайлыққа бейімделіп кеткен екен. Әрине, бұл долбар ғана, әйтпесе бұл құпияның сыры әзірге бір Аллаға ғана аян. Медицинаның дамуы бүгінде баланың ана құрсағында жатқанда-ақ оның қай қолына бейімделетінін анықтауға мүмкіндік беріп отыр. Егер құрсақта жатқан бала оң қолының бас бармағын сорса, оңқай да, сол қолынікін сорса, солақай болып туылады екен. Айтпағымыз табиғи сұрыпталудан бөлек, кеңестік уақытта саяси сұрыпталудың да болғаны. Жоғарыда атап өткеніміздей, мектепте мұғалімдер солақайларды мәжбүрлеп оң қолмен жазуға, тамақ ішуге тәрбиеледі. Әлбетте бұл балалар денсаулығына әсер етпей қалған жоқ. Сол қолмен жұмыс жасауға бейім баланың оң қолмен жазуға бейімделуі - оның жүйке-жүйесіне зор зиянын тигізетін көрінеді. Дәрігерлер тіпті солақай адам тамақты оң қолмен ішер болса, дәм-тұзын да дұрыс сезіне алмайтынын айтқан. Өйткені солақайлардың пайда болуы төрт жолмен - тұқымқуалаушылық, әйелдердің кеш босануы, жүре пайда болуы және әдейі үйренуімен жүзеге асатын болса, туа-бітті солақайды оңқайға айналдыру - қылмыспен тең іс. Өйткені бұл арқылы оның денсаулығына зиян келеді. Жә, кеңестік дәуір өтті. Бүгінде солақайларға деген көзқарас бұрынғыша саясатқа бағындырылмаған. Рас, мектеп балалары солақай сыныптасына аздап күле қарар, бірақ бастысы - мәжбүрлеу саясаты жоқ. Керісінше, құрмет артып келеді. Өйткені тарих солақайлар арасынан шығармашылық адамдарының жиі шығатынына куә. Шетелдің белгілі дарындарын сөз етпегенде, өзіміздің біртуар сазгер-күйшіміз Нұрғиса Тілендиев, танымал суретші Гүлфайрус Исмаилова, спорт журналисі Сейдахмет Бердіқұловтарды атап өткен орынды. Одан бөлек, Джон Хопкинс университеті зерттеу жүргізгенде солақайлардың оңқай студенттерге қарағанда әрі білімді, әрі қалталы келетінін анықтаған. Демек, солақайларға күле емес, қызыға қарау қажет сықылды. Шетелде солақай жандардың саны да бізден гөрі көп, оларға көрсетілер құрмет те жоғары. Себеп - кеңестік саяси сұрыпталу кезінде елдегі солақайлар саны күрт азайған.

Дегенмен алдағы уақытта Қазақстанда да сол қолымен жұмыс жасағанды ұнататындар қатары көбеймек. Оны оп-оңай болжауға болады. Өйткені солақайлардың пайда болуының басты себептерінің бірі - әйелдердің кеш бала босануы болса, елімізде мұндай әйелдер саны жылдан-жылға артып келеді. Қазақстанда солақайлардың ұйымы не бірлестігі болмағанмен, жыл сайын аймақтарда солақайлар арасында бәйгелер, байқаулар ұйымдастыру - дәстүрге айналған. Бұл - дұрыс шара. Өйткені кеңестік дәуірден мұраға қалған кемсітушілік әлі де болса, балалардың жүйке-жүйе-сіне зиянын тигізіп жатады екен. Солақайлар біздің қоғамда тұйықталып, оқшауланып өмір сүреді. Ал шетелде олардың бәрі - теңқұқылы, замандастары тарапынан оларға деген басқаша көзқарас та жоқ. Соған орай, дәрігерлер солақай балалардың ата-аналарына бірқатар кеңес береді.

- Біріншіден, балаға солақайлықтың ауру емес, табиғи дүние екенін түсіндіру қажет. Мұндайлардың көптігін және керісінше, солақайлардың білімді де дарынды келетінін ұғындырған жөн. Ал бұлай жасамай, оны оң қолмен жазуға, тамақ жеуге бейімдеу - дұрыс емес. Бұрынырақ баласының сол қолын байлап тастап не сол қолымен жұмыс жасаса, ұрып-ұрысып, оны оңқай еткендер болған. Оның еш қажеті жоқ, қайта зиянын тигізеді бұл. Ал баланың сол қолымен жазып, сол қолымен тамақ жеуінде тұрған дәнеңе жоқ. Рас, екі бала болып, партаға отырып жазғанда, сәл қиындық туады. Оған түсіністікпен қарау керек, - дейді психотерапевт Гүлзат Қыдыралина.

Автор:
Нұрболат АМАНЖОЛ.