Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

АСҚА АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!


19 августа 2011, 07:53 | 2 057 просмотров



Бірнеше жылдың алдында АҚШ-та шу шықты. Оған себеп болған дүние – Қытайдан әкелінген үй жануарларының тамағы. Азықта зиянды қоспа бар екен. Екі ортада байғұс ит пен мысық уланып пәле бопты. Ақыры АҚШ Қытайдан азық-түлік өнімдерін алуды тоқтатты. Өткен жылы Қытайдан біздің елімізге жеткізілген сүттің құрамынан меламин табылды. Бұл химикатты тек құрылыста ғана қолдануға болады. Сүттің құрамындағы белокты көбейту үшін қытайлық кәсіпкерлер осылай жасаған. Меламин қосылған сүт бүйрек ауруларын қоздыратын күшке ие екен.

Қытай тауарларының ерекше «қасиеті» – алғашында зиянды қоспаның әсері байқалмайды, жүре келе күшейеді. Мамандардың айтуына қарағанда, бұл елден келген тауарлар сын көтермейді. Әсіресе, балалар ойыншығы бүлдіршіндерге «артроз», «сколиоз» секілді аурулар «сыйлайды». Базарлар мен дүкен сөрелеріндегі арзанқол ойыншықтар бас айналдыратын жағымсыз иіспен қоса, улы бу бөледі екен. Ойыншықтардың ішінде стирол, фенол, мырыш пен қорғасын сияқты заттар бар. Бала ойыншықты ауызына салса, ағзасына зиянды фенол енуі мүмкін. Бұл сәбидің иммундық жүйесін әлсіретеді. Тіпті психикалық ауытқуларға әкелуі мүмкін.

Сондай-ақ Қытайдан шығатын тарсылдық пистолеттер де балаға зиян. Осындай ойыншықтардан кейін бала аллергияға ұшырып, денесіне жара шығуы мүмкін. Соңғы жылдары әскери борышын өтеуге аттанған жас-тар арасында кең етек алған «майтабан» ауруына да себеп шетелдік арзан аяқ киімдер екен. Базарларда толып тұрған, оңай сынбайтын, майысқақ ыдыстардың да зияны жетерлік. Бұндай ыдыстарға салынған тағамдар лезде бұзылады. Себебі, ыдыстағы меламиннің құрамына формальдегидпен бірге асбест қосылған. Осы асбестіні ыдыс тұрмақ құрылысқа қолдануға болмайды. Аса зиянды, адамды ұрықсыздық дертіне ұшыратады.

Қазір дүкен сөрелерінде арық малдың етіне соя ақуызын қосып, өнімнің сапасын жасанды түрде арттырған шұжықтар қаптап кетті. Бұл шұжықтардың құрамында – адам ағзасына зиянды соя концентраты және еттің дәмін келтіретін түрлі химиялық қоспалар бар.

Көпшілік жақсы көретін жіңішке шұжықтың (сосиска) 25 пайызы – соя ақуызы, 15 пайызы – құс еті, 7 пайызы – малдың еті, 5 пайызы – крахмал ұны, ал қалған 45 пайызы – малдың ұнтақталған тері-терсек, бүйрек-сирағы екен. Тіпті сорақысы – сатылмай ескіріп қалған шұжық өнімдерін ет комбинатында екінші рет өңдеуден өткізіп, сауда нүктелеріне қайта әкелетінін қайтерсіз. Мұндай жағдайда оның құрамына екінші қайта зиянды азықтық қоспалар қосылады.

Химиялық қоспалар сататын компаниялардың жарнамаларында: «Біздің шұжықтың құрамындағы ет жасанды жолмен 10 пайызға көбейтілген… жартылай ысталған шұжық өнімдерін 8-10 пайызға көбейту үшін азықтық қоспаның 400 грамын 100 килә фаршқа қоссаңыз жеткілікті» деп өзеурейді. Қазақшалап айтқанда, таза фаршқа химикат қосып, етті өсіріп, көбейтеді. Осы жарнамаға қарап-ақ сөзіміздің ақиқатын біле беріңіз.

Жалпы тағам өнімдерін сатып алған кезде тауардың этикеткасындағы канцерогенді заттар туралы мәліметке мұқият назар салған жөн. Сапасы төмен, канцерогені өте жоғары тағамды пайдаланған адам «қылтамақ» сияқты емі жоқ ауруға шалдығады. Бауырдың, талақтың, бүйректің қатерлі ісікке шалдығуына себепкер де осы канцерогендер.

Егер де тауардың этикеткасында «Е» деген зат көрсетілсе, онда өнімге азықтық қоспалар, химиялық дәмдегіштер, жасанды бояу қосылды деген сөз. Олар өнімді бұзылудан сақтайтын күшті реагенттер. Сау адамды науқас қылатын да дәл осы пәле. Дүниежүзілік тамақ өндірісінде азықтық қоспаның 3 түрін қолдануға қатаң тыйым салынған. Олар: Е-121 қоспасы – қызыл цитрус тағамдық бояуы, Е-123 – амарант бояуы, Е-240 – формалдегид консерванты. Осындай «Е»-лерді көзіңіз шалса, абзалы алмағаныңыз дұрыс.

Тек шұжық қана емес қазір сүт өнімдеріне де қатыс-ты мәселе туындап отыр. Дүкен сөресінде сүттің түр-түрі бар. Кейбір сүт өнімдері жүз пайыз жасанды. Мұндай сүттер адам ағзасына зиян. Табиғи сүт 3-4 күннен соң ашып кетуге тиіс болса, жасанды сүттер 6 айға дейін бұзылмай сақталады.

Сүт ашып кетпеуі үшін қорапқа антибиотиктер сіңіріліп, металлдық қоспалармен өңделеді. Сөйтіп сүт өнімдері (айран, иогурт, қаймақ, сүт, т.б.) айлар бойы ашымай тұра береді. Мұндай өнімдерді көп пайдалан-ған адамның тұла бойы консервантқа толып, өлгеннен кейін де денесі шірімейтін көрінеді.

Өткен жылы Швейцарияда 30 жыл бұрын жерленген адам мүрделері сол күйінде бұзылмай сақталғаны анықталды. Ғалымдар жағдайды зерттей келе, өлі денелердің бұзылмай сақталуына жеген тамақтарының құрамындағы консерванттың тікелей қатысы бар екенін анықтады. Ағзаға жинақталған консерванттар адам өлгеннен кейін дененің бұзылмай сақталуына әсер етеді екен.

Автор:
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ.