Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

2030 ЖЫЛ: 20 МИЛЛИОНҒА ЖЕТЕ АЛАМЫЗ БА?


15 июля 2011, 13:45 | 1 350 просмотров


Соңғы жылдары әлем халқы демографиялық жағынан қарқынды өсіп, 6 миллиардтың үстіне шыққанымен, жекелеген елдерде тұрғын саны кеміп барады. Содан болар, адам санының азаюына байланысты дабыл қағып жатқан мемлекеттер де жетерлік. Соның бірі - Ресей. Жақында немістің Даму және халық саны атты зерттеу институты Ресейге байланысты өз тұжырымдамасын жариялады.

Баяндама «Алып елдің құрдымға кетуі» деп аталады. Сарапшылар осы баяндамада Ресей халқы (одақтас республикаларды қоспағанда) 1960 жылы әлем бойынша халқының көптігі жағынан төртінші орын алғанын, ал 2010 жылы тоғызыншы орынға сырғып түскенін айта келе, үстіміздегі ғасырдың ортасында тағы 25-30 миллион халқын жоғалтып, ондыққа да кіре алмай қалатынын нақты дәйектермен дәлелдеп шыққан. Шындығы сол, былтырғы санақтың қорытындысына қарап-ақ, ресейліктердің жылдан-жылға кеміп бара жатқанын байқауға болады. Неміс зерттеушілері алдағы 20 жылда тек Үндістанның бағы жанатынын болжаған. Олардың дәйегі - демографиясы гүлдеп тұрған елдердің экономикасы қашанда мығым болмақ. Өйткені сыртқы саудадан бұрын, елдегі тұтынушылар санының көбеюі, жұмыс күшінің артуы, қарттардан бұрын, жастардың молығуы экономикаға сілкініс беретінге ұқсайды. Бұған мысал ретінде, сарапшылар 1945 жылға дейінгі жапон экономикасындағы жастардың орнын, одан кейінгі «Азия жолбарысы» атанған Оңтүстік Корея, Тайван, Сингапур және Гонконгтың өсуі мен өркендеуінің егжей-тегжейін зерттеген. Бұл елдердегі отбасыларында кезінде алтыдан бала болған екен. Осындай демографиялық өсім мемлекеттің дамуына да үлкен серпін берген. Алайда осы аталмыш елдердің қазіргі күні экономикасының даму қарқыны «неге кеміп қалды?» деген сұраққа, бұл елдерде қазір баяғыдай көп бала туушылық жоқ. Ал оның кесірі өз кезегінде мемлекеттің дамуына кесірі тиіп, қарттардың күрт көбейіп, еңбек ететін жастардың азайып кетуіне әкеліп соқтыруда дейді. «Қазір бұл елдер тез қартайып бара жатыр. Демек, алдағы уақытта «Азия жолбарыстары» жолбарыс болудан қалды» деседі сарапшылар. Алып Қытай жөнінде де осындай пікірлер айтылған. Кезінде шектеусіз туылған әрбір бала аждаһа елінің экономикасын алға сүйреуге өзінше үлес қосқан. Содан болар 1980 жылмен 2008 жылдар аралығында халықтың жан басына шаққандағы табысы 250 доллардан 6020 долларға артқан. Алайда соңғы жылдардағы Қытай экономикасының тежеле бастауының себебін сарапшылар 1979 жылы қытай билігі «әр отбасындағы бала саны бірден аспау керек» деген шектеу қойғандықтан дейді. Соның кесірінен қазір жұмыс күші азайған. Мәселен, осы 30 жылда аждаһа елі 400 миллион сәбиді кем туған. Дегенмен «жыланды екі кессең де, кесірткідей әлі бар» демекші, қазірдің өзінде бұл елде жұмыс істейтіндердің саны 800 миллион адам болып саналады. Екі баладан болғанның өзінде қытайлықтардың саны артып, 2032 жылы 1,46 миллиард адам-ға жететін көрінеді. Бірақ одан әрі өсу мүмкіндігі шектелмек екен. Өйткені осы уақытта шектеудің кесірінен жастар азайып, қарттардың саны 32 пайызға артпақшы. Демек, елде 459 миллион адам зейнеткер жасында болмақ. Мұның өзі серпінді дамып келген Қытай экономикасына тұсау болатын көрінеді. Ал керісінше, сарапшылар есебінде, Үндістан демографиялық өсімнің арқасында қарқынды экономикаға ие болмақ екен. Қазіргі күні үнді халқының саны 1,2 миллиард. 2031 жылы халқының саны жағынан Қытайдың алдына шықпақ. 2050 жылы үнділіктер 1,66 миллиард болатын болса, қытайлар 1,42 миллиард адамды құрамақ. Бүгінгі күні Үндістандағы жұмысшы күші - 750 миллион. Ал бізде жағдай қалай? Соңғы жылдары демографтар «2030 жылға дейін еліміздің халқы 20 миллион адамға дейін жетуі қажет» деген әңгімені айтып жүр. «Жақсы сөз - жарым ырыс». Алайда шын мәнінде, осындай көрсеткішке жете аламыз ба? Болжам бойынша, 2015 жылы 17,21 миллион адамға, 2020 жылы 18,33 миллион адамға жетуіміз бек мүмкін. Бәрі ойдағыдай болса, 2030 жылы 20,23 миллионға жетпекпіз. Ал 2050 жылға қарай Қазақстан халқының саны 26 миллионнан асып түседі. Бірақ 20 миллионға жету үшін жыл сайын 670 мың сәби дүниеге келуі тиіс екен. Біздің мүмкіндігіміз оған жете ме? Мәселе осыда болса керек.

Автор:
Нұрсұлу МЫРЗАБЕКОВА.