Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ЖАЛҒАН ҮРЕЙ, ЖАСАНДЫ ІНДЕТ


15 июля 2011, 13:49 | 1 632 просмотра



Жүре біткен иммундық тапшылық синдромы (СПИД) «ғасыр індеті» екені бәрімізге аян. Бұл дертке шипа боларлық дәрі әлі жасалған жоқ. Ғалымдар ондаған жылдар бойы ізденіс үстінде жүр. Сондықтан да, адамның иммундық тапшылығы вирусын яғни ВИЧ жұқтырғандардың күні қараң. Олар тірідей қоғамнан аластатылып, жанды өлікке айналады. Медиктердің шығарған үкімі осындай.

Бірақ та соңғы жылдары әлемде басқаша пайым ұстанатын ғалымдар мен медиктер саны артып келеді. Олар СПИД-ті ауру деп мойындамайды. Осындай «оппозиционер» ғалымдардың саны әлемде 6000-нан асып кетіпті. Бұлардың дәлеліне қарағанда «ғасыр дерті» СПИД бірнеше ғалымның ойдан шығарған жасанды ауруы. Мысалы, ресейлік патолог-дәрігер Владимир Агеевтің айтуы бойынша СПИД тапсырыспен жасалатын ауру. Онымен АҚШ-та жылдық бюджеті 2 млрд долларды құрайтын жасырын медико-ғылыми орталығы айналысады. Оның штатында 2 мыңдай қызметкері бар. Олардың табыс көзі – әлемде дүркін-дүркін жаңадан вирус ошағын тұтандырып отыру.

1980 жылдың басында жоғардағы медико-ғылыми орталықта бірнеше пациенттер-гейдердің иммундық тапшылығын әлдебір вируспен байланыстыру идеясы туындайды. Орталықтың иммунологы Ф.Готллиб иммундық тапшылықтың инфекциялық табиғаты туралы өз болжамын ортаға салады. Сол-ақ екен жаңа бір індеттің басталғаны туралы ақпарат дереу әлемге жария етіледі. Ары қарай сенсация іздеп шарқ ұрған батыстық баспасөз иелері мен ақшаның құлы болған кейбір алаяқ медиктер бұл ақпаратты көкпардай іліп әкетіп, дүниеге жаяды. Жаңа идеяны ойлап тапқан ғылыми орталыққа мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлдіреді.

Осылай обыр (рак) дертінің ұлттық институтының маманы Роберт Галлоға жоқ вирусты «ойлап табу» жұмысы тапсырылады. Бұл тапсырыс көп күттірмей-ақ тез орындалады. Екі жыл өтпей-ақ 1983 жылдың 23-сәуірінде Вашингтон қаласында СПИД туындатқыш вирустың табылғандығы туралы сенсациялық мәлімдеме ресми түрде жарияланады. Идея авторлары – Р.Галло мен Пастер институтының ғалымы француз Люк Монтанье екеуіне «Адамның иммундық тапшылығы вирусын алғаш анықтаған ғалым» деген абыройлы атақ беріледі. Олар осы ғылыми «жаңалықтары» үшін үлкен сыйлыққа ие болған.

Абырой болғанда осы оқиғадан кейін іле-шала жаңа вирустың табиғатта барлығына нақты дәлел талап еткен принципті ғалымдар тобы пайда болды. Масқара болғанда Р.Галло мен Л.Монтанье дәлел таба алмай қиналды. Ақыры өткен ғасырдың 90-шы жылдардың соңында СПИД-ті ойдан шығарған ғалымдар өздерінің теориясында кемшіліктердің бар екенін мойындауға мәжбүр болған. Осыдан кейін жаңа дерт төңірегіндегі байбаламның қызуы басылуы тиіс еді, бірақ керісінше тіпті өршіп кетті. Себебі, СПИД үрейі жаһанға жайылып, бауырына аса мол ақша жинаған индустрияға айналып үлгеріпті. Сондықтан да оны тоқтату жақын болашақта да мүмкін болмайтын түрі бар.

Жалпы СПИД индустриясымен айналысатын топтар үшін адамдарға вирус жұқтырыл-ғаны туралы диагноздың құпия сақталғанынан гөрі сақталмағаны ұтымды сияқты. Өйткені, дүниені дүрліктірмейінше, жұртшылықты үрейлендірмейінше бұл салаға үлкен кіріс кірмейді. Мұндайда бәрінен қымбат адам тағдыры жайында қалады.

Сол себепті үрей ұшқыны үнемі әйгіленіп тұру үшін әлемнің әрбір түкпірінде СПИД науқаны жүйелі түрде ұйымдастырылып, халықаралық дәрежеде аңғай шу көтеріліп тұрады. Осындай тағдырды әсіресе дамушы елдер жиі-жиі бастан кешіреді.

«СПИД жұқтырған» деген диагнозбен шағын қалада, немесе ауылдық жерде күн кешудің қаншалықты қасіретті екені айтпасақ та түсінікті. Осыдан болып дүниеде қаншама отбасының ойраны шықты, қаншама күнәсіз жас сәбилер құрбандыққа шалынды, қаншама ата-аналардың көз жасы көл болып, көкірегі қарс айрылды десеңізші.

Жоғарыдағы ресейлік патологоанатом Владимир Агеев пен оның әлемдегі мыңдаған кәсіби жақтастарының пікірлерінше: фармацевтикалық алпауыттар СПИД-ті әуел бастан медиктерден тысқары өз бақылауында ұстап, жоғарғы қызметтегі шенеуніктерді көп ақшаға сатып алу арқылы адамдардың қоғамдық санасына жалған қорқыныш ұялатып отыр. Бұл проблема төңірегіндегі спекуляциялар медицинаның қазіргі нарқындағы ең үлкен афера (алаяқтық іс) болып табылады, дейді.

Автор:
Төкен ӨМІРЗАҚҰЛЫ