Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ШҰЖЫҚ ЕМЕС, ТЕРІ-ТЕРСЕК ЖЕП ЖҮРСІЗ НЕМЕСЕ «Е» ДЕГЕННЕН ҚОРҚЫҢЫЗ


15 июля 2011, 13:51 | 1 911 просмотров



Қазіргі шұжық өнімдерінің кейбірінде бір түйір ет жоқ десек сенесіз бе? Соңғы жылдары арық малдың етіне соя ақуызын, өнімнің сапасын жасанды түрде арттыратын басқа да химиялық заттар қоса салып, әп-әдемі шұжықтардың түр-түрін жасай береді. Дүкен сөресіндегі шұжықтардың іші адам ағзасына өте зиянды соя концентратына, дәмдегіш, салмақ көбейткіш, ет дәмін беретін түрлі химиялық қоспаларға толы. Солай бола тұра, ет өнімін шығарушылар жұрттың бәрін «өнімнің құрамындағы химиялық қоспалар өте аз мөлшерде, зияны жоқ» деп алдайды.

Ал, сіз өзіңіз жақсы көретін жіңішке шұжықтың (сосиска) құрамында не бар екенін білесіз бе? Оның 25 пайызы – соя ақуызынан, 15 % – құс етінен, 7 % – мал етінен, 5 % – крахмал ұнынан, ал 45 % – малдың терісінен, тарамыс-тамырлары мен бүйрек-бауырларынан жасалған қоспадан тұрады. Міне, елдің ең көп жейтін тағамның сиқы осындай.

Ең сорақысы – өтпей қалған шұжық өнімдері ет комбинатында екінші рет өңдеуден өтіп, сауда нүктелеріне қайта әкелінеді. Мұндайда бұрынғысы аздай, оның құрамына қайтадан азықтық қоспалар қосылады. Химиялық азықтық қоспалар сататын компаниялардың жарнамаларында мынадай ұсыныстар бар:«Біздің өнімдеріміз бизнесіңіздің алға ілгерілеуіне көмектеседі, шұжық, тағы басқа ет өнімдерінің құрамындағы етті жасанды жолмен 10%-ға көбейтеді. Мұндайда өндірісті дамыту үшін қосымша қаражат талап етілмейді, жаңа технологияларды енгізудің қажеті жоқ. Жартылай ысталған шұжық өнімдерін 8-10%-ға көбейту үшін азықтық қоспаның 400 грамын ғана 100 кг фаршқа қоссаңыз жеткілікті. Өнімнің тартымдылығы, дәмінің ерекшелігі ойдағыдай болады». Міне жарнаманың түрі.

Азық-түлік сатып алған кезде өнімнің тауар құлақшасындағы (этикетка) канцерогенді заттар туралы мәліметке мұқият назар салған жөн. Сапасы төмен, канцерогені өте жоғары өнімді тұрақты түрде пайдаланып жүрген кісінің дертіне дауа жоқ. Қылтамақ сияқты емі жоқ аурулардың бәрі де осы канцерогендік заттардан туатынын ғылым дәлелдеп отыр. Жылдар бойы улы заттар жиналған адамның ағзасы генетикалық өзгерістерге ұшырайды. Ал, геннің өзгеруі адамның азуына, көңіл-күйінің құлдырауына әкеліп соғады. Бауырдың, талақтың, бүйректің қатерлі ісігіне шалдығуына себепкер осы канцерогендер. Егер тамақтың тауар құлақшасында құрамында «Е» деген деген зат бар деп көрсетілсе, онда өнімге азықтық қоспалар, химия-лық дәмдегіштер, жасанды бояу қосылды деген сөз. Олар өнімді бұзылудан сақтайтын күшті реагенттер. Сау адамды науқас қылатын да дәл осы реагенттер.

Дүниежүзілік тамақ өндірісінде азықтық қоспаның үш түрін мүлдем қолдануға тиым са-лынған. Олар Е-121 қоспасы – қызыл цитрус тағамдық бояуы, Е-123 – амарант бояуы, Е-240 – формалдегид консерванты.

Автор:
«namys.kz»