Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

БІР ҰЛТ - БІР ДІН


15 июля 2011, 13:55 | 1 763 просмотра



Қайрат ЛАМА ШАРИФ, Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің төрағасы: «Бір ұлт - бір дін» қағидасы ең алдымен мемлекеттің тұтастығын, бірлігін көздейді

- Өз қызметіңізге кіріскен кездегі сіздің ең алғашқы мәлімдемелеріңіздің бірі Қазақстанда байсалды исламды дамыту тұжырымдамасын жасау жайында болды. Біздің жағдайымызда ол қаншалықты қажетті деп ойлайсыз?

- Өте қажет деп ойлаймын. Қазақстанда байсалды ислам тұжырымдамасын жасау жөнінде шешімге келуімізге еліміздегі қазіргі діни ахуал тікелей себеп болып отыр. Өздеріңізге белгілі, Қазақстан тұрғындарының 70 пайызын мұсылмандар құрайды. Сондықтан біздің ислам дініне ерекше көңіл бөлуіміз заңды да. Қазір елімізде 2752 мұсылман діни бірлестігі бар, 2414 мешіт салынған. Елдегі мұсылмандардың негізгі бөлігі - ханафи мазхабын ұстанатын сүнниттер. Бұл - бүгінгі ахуал.

Енді төл тарихымызға көз жүгіртелік. Біз тәуелсіздік алғалы бері ғана мұсылман бол-ған жоқпыз. Қазақ - мың жылдан бері мұсылман халық. Ислам діні бүгінгі Қазақстан территориясына VІІІ ғасырдың соңынан тарала бастағанын бәріңіз білесіздер. Түркі-ислам өркениеттерінің тоғысы нәтижесінде туған топырағымыздан Әбу Насыр әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашғари секілді мұсылман Ренессансына елеулі үлес қосқан даңқты тұлғалар шықты. Қазақ ұлты мен мемлекеттігі ислам діні аясында, ислам шариғаты шеңберінде қалыптасты. Халқымыздың рухани-моральдық құндылықтарына мұсылмандық қағидалар тірек болды. Йассауи, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп тәрізді рухани тұлғаларымыз ұлтымыздың діни көзқарастарын ислами ағартушылық тұрғысынан жүйелеп берді. Қазақтың барлық салт-дәстүрлері ислам шариғатымен біте қайнасып кетті. Бір сөзбен айтқанда, мұсылмандық біздің өмір салтымызға айналды.

Қазір біз үшін ислам діні біріншіден, мемлекет құраушы қазақ ұлтының діні ретінде, екіншіден, республикамыздағы көптеген өзге ұлт өкілдерінің ата діні ретінде ерекше орынға ие. Бүгінгі таңда Қазақстан ислам әлемінің ажырамас бөлшегіне айналып отыр.

Қазақстанда байсалды ислам тұжырымдамасын жасаудың осындай тарихи негіздері бар. Бірақ бұл Тұжырымдаманың жасалуы елімізде тек ислам дінінің мүддесін жоғары ұсталады дегенді білдірмейді. Белгілі бір тараптың мүддесін көтеру екінші тараптың мүддесін аяқ асты ету деген сөз емес. Республикамыздағы өзге ұлт, өзге дін өкілдерінің де бүгінгі қоғамымызда, мәдениетімізде, рухани өмірімізде өзіндік орны бар. Зайырлы, демократиялық даму жолындағы мемлекетіміздің заңнамасы олардың құқықтарын да өз орнымен заң жүзінде қорғап келеді.

- «Қазақстанда байсалды исламды дамыту тұжырымдамасы» қазір көптеген ислам елдері қолдап отырған «Әл-Уасатыйя» идеясының көшірмесіне көбірек ұқсайтын тәрізді...

- Біз мынаны ескеруге тиіспіз: «Байсалды ислам» ұстанымы - қазақ қауымы үшін жаңалық емес. «Қазақ мың жылдан бері мұсылман ел», «Қазақ халқының мың жылдық толеранттылық тәжірибесі бар» деген сөздерді біз негізсіз айтып жүрген жоқпыз. Осы мың жылдық мұсылмандық-толеранттылық тәжірибеміз қазақ дүниетанымын, қазақ болмысын нағыз шектен шықпайтын, орта жолды ұстанған, байсалды, мәмілегер болмыс ретінде қалыптастырды. Ислам ілімін жетік меңгеріп, қазақы дүниетаныммен астастыра білген ұлтымыздың көрнекті тұлғаларының еңбектері, халқымыздың діни танымын, рухани құндылықтары мен ұстанымдарын танытатын шығармашылық мұралары осы айтылғандарға дәлел бола алады.

Кез келген халықтың болашаққа бағытталған бағдарламасы оның ғасырлар бойы жинақтаған рухани тәжірибесін тірек етуге тиіс. Сырттан таңылған ешбір идея қаншалықты жаңашыл, ілгерішіл болса да ұлттың тарихи дәуірлерде қалып-тасқан құндылықтарымен үйлеспесе, ұлт болмысына сіңбей, жат идея күйінде қала бермек. Сондықтан Қазақстанда байсалды исламды дамыту тұжырымдамасын жасау барысында ең алдымен қазақ және өзге мұсылман ұлттар менталитетіндегі діни-рухани құндылықтарды екшеп алу қажет деп білеміз.

Қазақта дін мәселесінде ешқашан шектен шығушылық көзқарастар, іс-әрекеттер орын алмаған, Алланың парызын, Пайғамбардың сүннетін тәрк етіп, күпірлікке салыну фактілері де болмаған. Қазақы ислам ғасырлар бойы өзінің орнықты арнасымен дамыған. Әрине, «Бес саусақ бірдей емес», адасушылықтар мен сауатсыздықтар жекелеген адамдар мысалында орын алған болуы мүмкін, бірақ мұндай келеңсіздік ешқашан топтық деңгейге көтеріліп көрген емес. Сондықтан «Қазақстанда байсалды исламды дамыту» тұжырымдамасын біз бабалар салған жолдың жалғасы, ұлтымыздың рухани тәжірибесінің жемісі ретінде қабылдағанымыз жөн.

- Көпшіліктің назарын аударып отырған тағы бір мәселе - баспасөз конференциясында өзіңіз көтерген «Бір ұлт - бір дін» ұстанымы. Демек, мемлекетіміз белгілі бір дінге ерекше басымдық беруді қолдап отыр ма?

- Біздің ұсыныстарымыз баспасөз конференциясында тек тезистер түрінде берілді, оның астарында не жатқанын толық түсінбегендіктен әртүрлі пікірлер туындап жатқан болуы мүмкін. Сондықтан ең алдымен осы тезистің мазмұнында не қамтылғанын таратып айтуымыз қажет.

Баршаңызға белгілі, Қазақстан - көп этникалы мемлекет. «Қазақстандық ұлт» деген терминді біз әзірге қабылдай қойған жоқпыз, біз үшін «ұлт» деген ұғым «этникалық топ» деген мағынаны білдіреді. «Бір ұлт - бір дін» тезисі бүкіл Қазақстан халқы бір дінге бірігуі керек дегенді білдірмейді, керісінше әрбір ұлт өзінің тарихи дәуірлерде қалыптасқан ата дінін ұстануы қажет дегенді білдіреді. Кез келген ұлттың ата діні - сол ұлт өкілдерінің тарихи таңдауы болып табылады. Ал бір ұлт өкілдерінің түрлі діндерді, әсіресе, жат идеологиялық ағымдарды ұстанып, жік-жікке бөлінуі қандай ауыр зардаптарға ұшырататынын біз тарихтың ащы сабақтарынан білеміз. Дін бірлігі ұлттың бірегейлігін сақтайды, оның өз болмысын, ділін, рухани құндылықтарын қорғауға септігін тигізеді.

Ұлттың дүниетанымы оның дәстүрінен танылады. «Дәстүрлі дін» деген ұғымның өзі ең алдымен «дәстүрге айналған, дәстүрмен тұтасып кеткен, ұлттың рухани-мәдени құндылықтарына негіз болған дін» дегенді білдіреді. Қазақстан үшін дәстүрлі дін - елдегі әрбір халықтың өз дәстүрімен сабақтасып жатқан ата діні деген сөз. Қазақстанда өмір сүріп отырған қазақ, өзбек, ұйғыр, татар, түрік, әзірбайжан, күрт, тәжік, шешен, қырғыздардың барлығының ата діні - ислам. Олардың әрқайсысы исламды өздерінің ежелден келе жатқан салт-дәстүрлерімен бөліп-жармай бірге қабылдайды. Сол секілді Қазақстандағы көптеген славян халықтарының ата діні - хрис-тиан дінінің православие тармағы болып табылады. Бүгінгі буыны мен болашақ ұрпағы елдің санасын сан тарапқа тартқылаған жат ағымдардың жетегінде кетпеуі үшін әрбір дәстүрлі дін өкілдері өздерінің ата дінінің дамуына мүдделі болуға тиіс. Сондықтан «Бір ұлт - бір дін» қағидасы көпшілік тарапынан дұрыс түсініліп, қолдау табатынына біз сенімдіміз. Өздеріңіз де аңғарып отырған боларсыздар, бұл ұстаным мемлекеттің бір дінге ерекше басымдық беруінің белгісі болып табылмайды. Әр ұлт өзінің ата дінін ұстанғанда ғана ғасырлар бойы қалыптасқан рухани тұ-тастығын, ішкі бірлігін сақтап қала алады. Ал әрбір ұлттың ішкі тұтастығы сақталса, мемлекеттің тұтастығы сақталады. Демек, «Бір ұлт - бір дін» қағидасы ең алдымен мемлекеттің тұтастығын, бірлігін көздейді.

Қазақстанда ислам дінін жаңғырту үдерісі басқа конфессиялардың қызметі мен еркін дамуына ешқандай кедергі жасамайды. Біздің көпұлтты мемлекетіміздің шамамен төрттен бір бөлігін құрайтын православие дінінің өкілдері саны жағынан елімізде екінші орынды алады. Сонымен қатар католиктік, протестанттық, иудаизм, буддизм және басқа да діни ілімдердің еліміздің рухани өміріндегі игілікті рөлін ешкім жоққа шығара алмайды. Барлық діни бірлестіктер Қазақстанда өз қызметтерін еркін жүргізуде үлкен мүмкіндікке ие болып отыр. Көпконфессиялы және көпұлтты мемлекет ретінде Қазақстан әлемдік және дәстүрлі діндердің гуманитарлық-адамгершілік әлеуетін пайдаланып, дінаралық келісім мен рухани көшбасшылар сұхбатын әрі қарай жандандыра бермек. Ислам руханиятын дамыту мәселесі де Қазақстан мәдениетін дамыту шеңберінде жүзеге асырылады.

- Соңғы жылдары Қазақстанда көптеген ислами және басқа да дәстүрлі емес ағымдар пайда болды. Бұл үрдіс қауіп-қатерсіз деп айта алмасақ керек. Агенттік осы бағытта қандай жұмыстар жүргізбек?

- Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық тарихында қол жеткізген көптеген жетістіктерімізбен қатар, дін саласында қордаланып үлгерген мәселелер де жеткілікті. Діни сенім бостандығын пайдаланған жат ағымдар насихатының кең тарала бастауы, діни экстремизм идеяларының күшейе түсуі, қазақы қалыптағы дәстүрлі исламды теріске шығаруға бағытталған іс-әрекеттердің жиі көрініс бере бас-тауы еліміздегі діни ахуалдың ширыға түскенін байқатады. Қазақстан Республикасының Дін істері агенттігі осындай күрделі мәселелерді шешу үшін құрылып отыр.

Агенттіктің алдында қыруар мақсат-міндеттер тұр. Соңғы екі онжылдық ішінде еліміздің рухани-діни келбеті елеулі өзгеріске ұшырады. Мұны бүгінгі таңда діни бірлестіктер санының 4479-ға жеткендігінен-ақ байқауға болады. Қазақстандағы қазіргі діни ахуалды таразылар болсақ, сан алуан діни ілімдердің белсенді насихатталып отырғанын байқаймыз. Қоғамда қазіргі таңда азаматтар тарапынан рухани-өнегелік бағдарларды іздеу үдерісі орын алуда. Мемлекет алдында көптеген өзекті сауалдар тұр. Діни қозғалыстар мен ағымдардың шынайы мақсаттары не? Радикалды діни ілімдердің елдегі ішкі саяси тұрақтылыққа ықпалы қай деңгейде? Олардың белсенділігіне қандай факторлар әсер етеді? Қоғамның модернизациялануы жағдайында діни дәстүрлерді қалай жаңғырту керек? Бұл сауалдар елдегі қауіпсіздік мәселесімен тікелей байланысты болғандықтан, олардың өзектілігі жыл өткен сайын арта түсуде.

Бұл мәселеде біз ең алдымен әрбір діни бірлестіктің шын мәнінде қандай ұйым екендігін, еліміздің қай аймақтарында қандай қызмет атқарып отырғанын, олардың шетелдердегі миссионерлік тарихын зерттеп-зерделеуге тиіспіз. Агенттікте осы бағытта сараптамалық зерттеулер жүргізетін екі ғылыми-зерттеу орталығы бар. Олардың бірі - Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы әлемдік тәжірибені зерттейді, ал Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және сараптамалық орталық Қазақстанның ішкі діни ахуалын қарастырады.

Радикалды ұйымдармен жұмыс жүргізу әдістеріне келетін болсақ, әрине, бірінші кезекте Қазақстанда әрекет ететін діни бірлес-тіктер қызметінің біздің заңнамамызға қаншалықты сәйкес екендігін талдап-тексеруіміз қажет. Екінші тиімді әдіс ретінде аталмыш ұйымдардың іс-әрекеті жөніндегі бұқаралық ақпараттандыру шараларын айтуға болады. Яғни әр алуан идеяларды насихаттап жүрген діни ағымдар туралы көпшілікке ақ-қарасы ашып көрсетілген, толыққанды, шынайы ақпарат беріліп отыруға тиіс. Бұған дейін де жүзеге асырылып келген бұл жұмыс Агенттіктің құрылуына байланысты жандана түспек.

- Қазір жалпы қоғамның, әсіресе, жастардың дінге деген қызығушылығының артуы байқалады. Бұл үдеріс еліміз үшін ешқандай қауіп туғызбай ма?

- Шындығында да, қазіргі жастар тарапынан да, ересек тұрғындардың әлеуметтік белсенді өкілдері тарапынан да діни құндылықтарға деген қызығушылықтардың қарқынды артуы байқалады. Таяу тарихымыздан белгілі, Кеңестерден кейінгі кеңістіктегі өтпелі кезеңнің нәтижесінде әлеуметтік тұрғыдан қорғалмаған мың-мыңдаған жастар тобы қалыптасты. Радикалды бағыттағы дәстүрлі емес діни топтар өз мүдделері үшін сол жастарды көбірек пайдалануда. Өз идеяларын таратуда әлеуметтік тұрғыдан қорғалмаған жастардың ең қолайлы орта екендігін олар жақсы біледі.

Кейбір діни топтар тарапынан болатын жағымсыз ықпалға тосқауыл қою үшін жастардың діни білім алуы мен олардың рухани-танымдық қауіпсіздігіне байланысты мәселелерге ерекше көңіл аудару керек. Бізге бірінші кезекте жас буынға берілетін рухани-танымдық тәрбие және тоталитарлы, деструктивті псевдодіни ұйымдармен күресу жұмыстарына мұсылмандық, православиелік дін қызметкерлерін тарту қажет. Сонымен қатар мемлекет өз тарапынан жастарды әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз ету, жас отбасыларға қолдау көрсету, жастардың халықаралық ынтымақтастығын күшейтуге ықпал ету тәрізді жас-тар саясаты мәселелерін сапалы түрде жүзеге асыруы қажет. Барлық оқу орындарында тәрбие жұмыстарын күшейту, оқу орындары мен студенттік жатақханаларға діни бірлестік-тер өкілдерінің келуіне тыйым салу, жастар арасында радикалды идеяларды насихаттау-шыларға құқық қорғау органдары мен білім департаменттері тарапынан қатаң бақылау жасау қажет.

Жастардың діни сауатын арттыру мақсатында Білім және ғылым министрлігіне «Дінтану негіздері» пәнін тек мектептерде ғана емес, колледждер мен жоғары оқу орындарына да енгізу жөнінде ұсыныс білдіреміз. Жалпы, білім жүйесін сыни ой мен толерантты қатынасқа бейімдеу керек деп санаймын. Жастардың білімге, мәдениетке, спорттық және қоғамдық іс-шараларға қатысу мүмкіндігін кеңейту керек. Теледидарда діни-ағартушылық бағыттағы сұхбат алаңын қалыптастыратын, салауатты өмір салтын, білім мен рухани-өнегелік құндылықтарды насихаттайтын жастар арнасын құру қажет.

- Сөз соңын халықаралық саяси маңызы бар мәселелерге бұрайық. Жақында ғана ИЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-сессиясы өз жұмысын аяқтады. Мәжіліс қорытындыларына қандай баға берер едіңіз?

- Ең алдымен, Ислам ынтымақтастығы ұйымының (ИЫҰ) Сыртқы істер министрлігінің кеңесіне басшылық жасауды Қазақстан күрделі кезеңде қолға алып отырғанын атап айтқан жөн. Мұсылман елдерінде қайшылықты жағдайлар әлі де орын алуда. Ирак, Ауғанстан, Сомали, Ливия, Египет, Ливан, Тунис, Сирия, Алжир, Йемен, Бангладеш елдеріндегі шиеленістер, араб-израиль қақтығыстары, Пәкстан мен Үндістан, Армения мен Әзірбайжан арасындағы мемлекетаралық, аймақтық даулар бәсеңдер емес. Осындай халықаралық мәселелерді ретке келтіру үшін ислам қауымдастығы шұғыл және тиімді шаралар жүргізуі қажет. Сондықтан біз ИЫҰ төрағасы ретінде осы мәселелерді шешуде салмақты әрі негізді әдістер ұсынуымыз керек. Біздің алдымызда ИЫҰ ішіндегі қатынастарды тұрақтандыруға ықпал ету міндеті тұр.

- Сұхбатыңызға рақмет!

Автор:
Әңгімелескен Б.МҰРАТҰЛЫ.