Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

АПТА ЖАҢАЛЫҚТАРЫ Емдеу саласы жақсармақ


15 июля 2011, 13:56 | 1 539 просмотров


Алматыда Акушерия, гинекология және перинатология ғылыми орталығында (АГжПҒО) «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында репродуктивтік жастағы әйелдерге көмек көрсету сапасын жақсарту мақсатында «Гинекологиядағы жаңа технологиялар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Бес күн бойы өткен конференция жұмысына елімізге танымал акушер-гинеколог ғалымдар, денсаулық сақтау саласының ұйымдастырушылары, республиканың барлық өңірінен келген мамандар, Ресей, Франция, Швейцариядан – 200-ге жуық делегат қатысты.

Конференция тақырыбы айғақтап тұрғандай, Қазақстанда эндоскопиялық хирургия саласы қалыптаса бастағалы аз уақыт өтсе де, бұл салада елеулі өзгерістер бар. Мәселен, АГжПҒО базасында 7 жыл көлемінде республикалық эндоскопиялық гинекология орталығы қызмет етуде. Орталықта республика дәрігерлеріне тақырыптық циклдер өткізіліп, 100-ден астам маман дайындалды. Тексерулердің ультра дыбыстық, аспаптық және эндоскопиялық әдістерін қолдану түрлі жастағы әйелдерде ауруды ерте айқындауға өз көмегін тигізуде. Бірқатар гинеколо-гиялық операцияларды шағын инвазивті әдістер мен орындау әйелдің бала туу мүшесін сақтап қалуда ерекше рөл атқаруда. Бір айта кетерлігі, қазіргі уақытта лапароскопиялық операциялық жүйе мен барлық облыс орталықтары жабдықталған. Одан басқа, көптеген медициналық мекемелерде лапароскопия жедел жәрдем режімінде өткізілуде.

Конференцияға қатысушылардың айтуынша, жаңа технологияларды енгізу операциядан кейінгі науқастың ауруханада жатып емделу мерзімін азайтуға, ем бағасын төмендетуге, бактерияға қарсы және ауыртпайтын препараттарға кететін шығынды қысқартуға, косметикалық тиімділікті және науқастарды толық оңалтуға мүмкіндік берген.

Қазақстанда алғаш рет АГжПҒО базасында өткен бірегей конференция ерекшелігі – жиын көрсетілімі он-лайн режімінде өтіп, яғни барлық мүд­делілік танытқан мамандар өз облыстарынан шықпай-ақ қатыса алды. Сондай-ақ әлемнің жетекші клиникаларының операция бөлмесінен теле көпірлер жүргізілген. Белгілі шетел ғалымдарының қатысуымен интерактивті оқу симпозиумы өткізілді.

Денсаулық сақтау министрлігі, АГжПҒО, Қазақстанның акушер-гинекологтар қауымдастығы фармацевтикалық компаниялардың қолдауы­мен ұйымдастырылған салиқалы жиында ғылыми жетістіктердің практикалық тәжірибемен алмасу қорытындысы шығарылып, жаңа жедел емдеу және диагностикалық технологиялар ұсынылды.

***

Еліміздегі эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз баянында хабарланғанындай, әртүрлі індеттер мен сырқаттардың өршуі тіркелген жоқ.

2011 жылдың бірінші жарты жылдығында тырысқақ, оба, туляремия, қылау, дифтерия, полиомиелит, трихенеллез, аусыл аурулары тіркелген жоқ.

2010 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ботулизммен сырқаттанушылық - 4,3 есеге, күйдіргіге ұшырау - 2 есеге, сальмонеллезбен сырқаттану- 35,6 %-ға, вирустық гепатит - 30,1%-ға, оның ішінде «А» вирустық гепатиті - 31,1 %,-ға, «В» вирустық гепатиті - 26,5%-ға, ротавирустық инфекция - 26,6%-ға, қышыма - 19,7%-ға, сарып - 15,7%-ға, бактериалдық дизентерия - 15,0%-ға, ішек инфекциялары -13,1%-ға, тыныс алу органдары туберкулезі -11,7%-ға, эхинококкоз - 8,9%-ға, АИТВ инфекциясын жұқтыру -5,8%-ға төмендегені байқалады.

Жүргізілген профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде еліміздің өңірлерінде ағымдағы жылы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда конго-қырым геморрагиялық қызбасымен (КҚГҚ) халықтың сырқаттанушылығы 2,8 есеге төмендегені байқалады.

Ағымдағы жылдың 11 шілдесіндегі жағдай бойынша елімізде КҚГҚ-ның 6 жағдайы тіркелген (2010 жылы - 17 жағдай).

Қазақстанның Кеден одағына кіруіне байланысты сыртқы шекараны санитариялық қорғау күшейтілді.

***

Қызылорда облысында «қырым қанды безгегі» күдігімен 4 жасар қыз бала ауруханаға жатқызылды,- деп хабарлайды Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінен.

«10 шілде күні Шиелі кентінде аудандық аурухананың инфекциялық бөліміне «қырым қанды безгегі» күдігімен 4 жасар қыз бала жатқызылды. Науқастың жағдайы орташа. Тағы үш адам медициналық бақылауға алынып отыр», - деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметінен.

***

Орал қаласына қарасты Круглоозерный кентінде жаңа дәрігерлік амбулатория ашылып, жұмыс жасай бастады.

Енді 5,5 мыңдай адамы бар кенттік округ тұрғындары қалаға бармай-ақ мамандардың алдынан өтіп, тексеруден өте алады. Ауысымына 75 адам қабылдайтын, №3 қалалық емхананың құрылымдық бөлімшесі болып саналатын амбулаторияда ем-шара бөлмесі, балалар дәрігері, терапевт, акушер-гинеколог, стоматолог жұмыс істейді. Басқа дәрігерлер аптасына екі рет қаладан келіп қабылдайды. Барлық бөлме талапқа сай жабдықталып, медициналық құрылғылармен қамтылған.

Дәрігерлік амбулаторияны «Еңбек-Орал» ЖШС екі жылға жуық уақыт ішінде салып бітірген. Қос қабатты ғимараттың айналасы қоршалып, гүл егілген. Жаңа нысан құрылысына облыстық бюджеттен 136 млн. теңге жұмсалған.

***

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Оңтүстік Қазақстан облысында 2009 жылмен салыстырғанда 2010 жылы жүрек-қан тамыр ауруына шалдығатын науқастар саны 19,1 пайызға азайған.

Жүрек-қан тамыр дертінен көз жұматындар саны 20,8 пайызға кеміген, деп хабарлайды ОҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айжан Омарова.

«Сонымен қатар облыста тумасынан жүрек ауруына шалдыққан науқастарды емдеу мәселесі, соның ішінде балаларды емдеу мәселесі өзекті болып отыр», - деп атап өтті А.Омарова.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 2011 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша диспансер есебінде тумасынан жүрек ақауы бар 15 жасқа дейінгі 2 802 бала тіркеуде тұрса, оның ішінде 1 жасқа толмаған 415 бала бар.

Автор:
ҚАЗАҚПАРАТ