Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

АУЫЗСУ АЛТЫННАН ДА ҚЫМБАТ ҚҰНДЫЛЫҚҚА АЙНАЛАДЫ


15 июля 2011, 13:59 | 1 423 просмотра


Қазақ елі мен «Аспанасты елі» арасында ортақ су көздерін бөлісудің осыған дейін болған барлық дерлік түйіндері енді үш жылдан кейін тарқауы ықтимал: кеше Астана Қазақстан мен Қытайдың трансшекаралық өзендер суын бөлу бойынша келісімді 2014 жылы бекітуі мүмкіндігі жарияланды. Бұл жаңалық кеше елордада жұмысын бастаған Ислам ынтымақтастығы ұйымының кеңесшілік тобының жиынында жария етілді. Айтпақшы, осы отырыста тағы бір жаңалық мәлім болды: жақында ғана қазақ жерінде өз атауын ауыстырған осынау жаһандық мұсылман ұйымына Қазақстанның төрағалығы барысында әлемдегі барлық Ислам елдерінің ортақ Су стратегиясы қабылданады деп күтілуде.

Астанада Ислам ынтымақтастығы ұйымына қатысушы елдердің Су стратегиясын әзірлеу бойынша Консультативтік топтың екінші отырысы өткен-ді. Ғасырдың ортасына қарай, ауызсу алтыннан да қымбат құндылыққа айналуы ғажап емес. Таяуда БҰҰ сарапшылары Жер шары тұрғындарының саны 2011 жылы 7 миллиардтан асып кететіндігі жөнінде болжам жария етті. Ары қарай, 2023 жылға қарай адамзат 8 миллиардтық межені бағындырады екен! Ал ішуге жарамды су ресурстары дөңгеленген дүниеде теңдей таралмаған. Басым көпшілігі құмды далада қоныстанған араб әлемі үшін ауызсу мәселесі - күн тәртібіндегі күйіп тұрған мәселелердің бірі екендігі даусыз. Бұл жерде қазақ жерінің үштен екісі, 67 пайызы шөл және шөлейтті аймақтар екендігін де еске алған жөн. Ендеше, аштықтан да жаман шөлге ұрынып, аңқа кеппеуі үшін жатжұрттардан ағып келетін сулардың тартылмауы һәм таусылмауы мәселесін тездетіп, таяу жылдарда шешіп алған жөн. Мұны Қазақстан басшылығы да бағамдап отырғанға ұқсайды: Нұрсұлтан Назарбаевтың Бейжіңге мемлекеттік сапары кезінде Қазақстан мен Қытай трансшекаралық өзендер суының сапасын қорғау туралы үкіметаралық келісімге қол қойылған болатын. Ел басының сапары қорытындысында екі жақ «Қазақстан Республикасы мен ҚХР-дың трансшекаралық өзендеріндегі суды бөлу бойынша негізгі техникалық жұмыстарды іске асыру жоспарын» белсенді ілгерілетуге ортақ ниет білдірді.

Ал кешегі жиын аясында журналистерге түсініктеме берген Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитетінің төрағасы А.Орман, әсіресе, дәл осы ҚХР-мен суды бөлісу бойынша келісімге қол қою мәселесінің маңыздылығын баса айтты. «Қос ел президенті тапсырма берді,-деді Анарбек Орман. - Бүгінде қытай және қазақ жағының ғылыми-зерттеу және жобалау институттары бұл мәселемен айналысуда. Барлық зерттеу жұмыстарын зерделеп жатыр. Соның нәтижесі бойынша, 2014 жылы Қытай Халық Республикасымен тиісті келісімге қол қойылады деп ойлаймын».

Автор:
Айхан ШӘРІП.