Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

НАУҚАС АДАМҒА ЖЫЛЫ СӨЙЛЕУДІҢ ӨЗІ - ЕМНІҢ БАСЫ


24 июня 2011, 07:55 | 6 155 просмотров



- Талшын Мұхадесқызы, 2007 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Ана мен бала Ұлттық ғылыми орталығын ТМД-да теңдесі жоқ мекеме деп атайды. Осы күнге дейін қандай жетістіктерге қол жеткізілді?

- Біздің орталық тікелей Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен ашылған еді. Біз мұны мақтан тұтамыз. Себебі бұл Президентіміздің аналар мен балаларға деген үлкен қамқорлығын, ерекше қолдауын аңғартады. Бұл орталықтың ашылуынан бастап, бүгінгі таңда халыққа кең көлемді қызмет көрсетуі осындай үлкен қолдаудың арқасында дер едім. Шынында да, Ана мен бала Ұлттық ғылыми орталығына алыс шетелдерден немесе ТМД елдерінен үлкен басшылар, медицина қызметкерлері келгенде, бұл орталықтың жұмысына қарап, жоғары баға береді. «Қазақстанда мұндай жоғары дәрежелі орталықтың бар екенін білмеппіз» деп айтатындар да бар. Тіпті осында қалып, жұмыс істегісі келетін шетелдік профессорлар да жоқ емес. Тәжірибе алмасуға да мүмкіндігіміз зор. Жалпы, шетелдік кәсіби мамандарға біздің еліміз, халқымыз, Елбасының, Үкіметтің аналар мен балаларға деген жылы көзқарасы, қолдауы ұнайды. Сондықтан біздің ұжымымыз, дәрігерлер мен медбикелер бізге беріліп жатқан сенім мен жоғары бағаға сай болғымыз келеді. Біздің негізгі мақсатымыз да - халыққа медициналық қызмет көрсетудің сапалық деңгейін көтеру. Бұл бағытта көптеген тренингтер ұйымдастырылып, оқытулар мен дәрістер де өтіп жатыр. Негізгі жетістіктерге келер болсақ, ана мен баланың денсаулығын сақтауға бағытталған жаңа заманғы, инновациялық технологияларды енгіздіріп жатырмыз. Қазіргі балалардың денсаулығын айта кетсек, өкінішке қарай, көптеген балаларда бүйрек-несеп, эндокриндік, жүйке жүйесінің аурулары жиі кездеседі. Сондықтан да бұл бағытта диагноздың дер кезінде қойылуына және емнің тиімділігін жоғарылатуда көптеген қадамдар жасалып келеді. Мысалы, әлемде нефробиопсия деген әдіс бар. Қазақстанда бұл әдіс бірінші рет біздің орталықта енгізіліп отыр.

Сондай-ақ қазіргі балаларда несеп жолдарының, бүйрегінің ақауы бар аурулар да кездесіп жатады. Оны оперативті жолдармен емдеуде де көптеген ғылыми жаңалықтар енгізіліп отыр. Сонымен бірге, Орталықта онкогематология, қанның қатерлі ауруларына байланысты арнайы бөлім ашылды. Оған Үкімет тарапынан тиісті қаражат бөлінуде. Екіншіден, жоталарының ақауы бар, қарапайым тілмен айтсақ, бүкірлігі бар балаларға да бірінші рет қазақ жерінде, жалпы, Қазақстан медицинасының тарихында хирургиялық коррекциялық операциялар жасалып, балалар денсаулығы қалпына келтіріліп жатыр. Бала үшін де, дәрігер үшін де бұл өте қиын операция. Бірақ баланың денсаулығына, оның болашағына маңызы зор: 10-15 жыл бойы бүкір болып, өз қатарымен бірдей жүгіре-секіре алмай жүрген балалардың денсаулығына араша түсіп, кеудесін түзетіп берген соң, баланың да отбасында өмірге деген көзқарасы өзгеріп, бала болашағы да басқаша болады.

Акушерлік-гинекологиялық көмек мәселесіне келер болсақ, бұл салада да біздің орталықтың қол жеткізген жетістіктері баршылық. Ең алдымен, Қазақстанда бірінші рет жасалып жатқан операциялардың бірі - жатыр миомасы сияқты қатерлі ісікті емдеу. Мәселен, көптеген жерлерде мұндай дерті бар әйелдердің жатырын операциялық жолмен алып тастайды. Біздің орталықта әйелдің жатырын алмай, сақтап қалатын операциялар жасалады. Біріншіден, бұл лапароскопия әдісі арқылы жүзеге асады. Екіншіден, жатырдың осы ісіктерін қоректендіретін тамырларын тығындау әдісі қолданылады. Жоғарыда айтқанымдай, бұл әдіс біздің елімізде бірінші рет Ана мен бала Ұлттық ғылыми орталығында қолға алынып отыр. Әйелдердің ішкі құрылысына түсуіне және зәрін ұстамаған жағдайларда қазіргі заманауи, мүше аластатпайтын операциялар жасалады. Бұлар да Қазақстанда бірінші рет істелініп жүр.

- Естуімізше, «Vamed» компаниясы тиімді менеджмент қалыптастырумен қатар, орталықтың халықаралық «Джи-си-ай» стандартына қол жет-кізуіне жол ашуы керек қой. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр, бұл стандарт орталыққа не береді?

- Бұл стандарттың негізгі мақсаты - көрсетілген медициналық көмектің сапасын жоғарылату. Жалпы, әлемде «Джи-си-ай» стандартына қол жеткізген медициналық орталықтар көп емес. Егер де аурухана «Джи-си-ай» стандартында болса, бұл Еуропа елдерінде де, АҚШ-та да, жалпы, әлемнің кез келген елінде мұндай клиникада көрсетілген көмектің өте жоғары сапада екенін білдіреді. Негізі біздің елімізге «Vamed» компаниясын шақырудағы мақсат та - осы әлемдік «Джи-си-ай» стандартына отандық медицинаның деңгейін көтеру еді. Біздің халыққа көрсетіп жатқан медициналық көмегіміз де соған сай болуы тиіс. Сондықтан қазір осы халық-аралық стандарттың аккредитациясынан өту үшін біздің ұжым барынша дайындалып, қажырлы еңбек етіп келеді. Біздің күнделікті жұмысымызда мамандарды оқыту, көмек сапасын жақсарту шаралары көрініс тауып отырады.

- Президент өз сөздерінде «2015 жылға дейін қазақтың санын 20 млн адамға жеткізу керек» деп айтып жатыр, бірақ елімізде жасанды түсік жасау проблемасы еш шешілер емес. Мәселен, деректерге сенсек, соңғы жылдары елімізде жыл сайын 130-150 мыңға шамалас жасанды түсік жасалып келген. Мұнымен қалай күресуге болады? Алдағы төрт жылда 20 млн адамға жете аламыз ба?

- Бұл межеге жетуге тырысу керек. Халқымыздың саны өсуі тиіс. Өкінішке қарай, жасанды түсікке баратын әйелдер негізінен балалы болуды қаламайды. Сіз ойлап отыр-ған боларсыз, егер де елімізде түсікке тыйым салынып, аборт жасалмаса, халық саны көбейеді деп... Меніңше, бұл оған байланысты емес. Бұл мәселенің мәні тереңде жатыр. Негізі түсік жасау-жасамауды әйел мен оның отбасы шешеді. Көбіне-көп түсікке баратын әйелдер жүктілікті жоспарламайды. Ал отбасы жоспарламаған бала қалай болған күнде де жарық дүние есігін аша алмайды. Сондықтан тек қана жасанды түсік санын азайту арқылы біз халық санын көбейте алмаймыз. Бұл жерде халық санын көбейту үшін демографиялық саясаттан бөлек, әрбір отбасына әлеуметтік көмек көрсетілуі тиіс. Жасанды түсікті азайту үшін біз тек қана контрацепция әдістерінің қолданылуын түсіндіру жолында ғана жұмыс істей аламыз. Бірақ контрацепция кеңінен қолданылып жатқан елдерде халық саны аса көбейіп те жатқан жоқ. Бүкіл әлем елдерінің тәжірибесі соны көрсетіп отыр. Сондықтан бұл жерде Үкіметтің әрбір отбасын нығайтып, балаларды өсіруге, білім беруге ықпал ететін саясаты болуы керек деп ойлаймын.

- Ата-ана болуды аңсап жүрген, бедеулік дертіне душар болған азаматтарға қандай көмек көрсете аласыздар? Сіздің орталығыңыз қанша адамға ата-ана болу бақытын сезінуге жол ашты?

- Бұл сұрағыңыз өте орынды. Шынында да, халық санын көбейтеміз десек, ең алдымен, осындай отбасыларына тиісті көмек көрсетілуі керек. Бұл бағытта біздің елімізде көп қызмет атқарылып жатыр. Мысалы, 2010 жылы бала сүюді аңсап жүрген 100 отбасына көмек көрсетуге біздің Үкіметіміз қаражат бөлді. Бұл - жасанды ұрықтандыру әдісін қолданып, азаматтарға ата-ана болу бақытын сездіру үшін бөлінген қаражат. Бұл қаражатқа 100 отбасына тиісті көмек көрсетіліп, жасанды ұрықтандыру әдісі қолданылды. Әрине, барлық отбасы балалы боп кетті дей алмаймыз, бірақ тек қана біздің орталықтың өзінде мұндай 48 ерлі-зайыптыға көмек көрсетіліп, оның ішінде үшем де, егіз де, дара бала босанып жатқан бақытты аналар да бар. Мұның өзі үлкен жетістік. Ал 2011 жылы біздің Үкіметіміз бұл көмек көрсету түріне 3,5 есе көп қаражат бөліп отыр. Егер де бұл бағдарлама аясында өткен жылы 100 отбасына көмек көрсетіл-се, биыл 350 отбасына бұл әдісті қолдануға мүмкіндік берілмек. Қазір бұл бағдарлама Қазақстан бойынша жұмыс істеп келеді. Денсаулық сақтау министрлігі келер жылы да бұл бағдарлама жұмысының жал-ғасатынын алға тартып отыр. Яғни келер жылы бұдан көбірек отбасына көмек қолы созылады деп күтілуде. Сонымен бірге, Үкімет бедеулігі бар әйелдердің емін өз мойнына алып отыр. Операция қажет бола ма, қабынуға қарсы басқа ем түрлері қажет бола ма, мұның бәрі ауруханалар мен емханаларда ақысыз жүзеге асып жатыр. Бұл бағдарлама бұрыннан бар, мұндай саясат өз жемісін де беріп келеді.

Бірақ менің айтарым, ұл мен қыз тәрбиелеп отырған ата-аналар өз балаларын отбасылық өмірге дайындап, балаға жастайынан дұрыс тәрбие беруі керек. Әрбір адам өзі мен балаларының денсаулығына жауапты болуы тиісті. Бұл тек Үкіметке, иә болмаса дәрігерлерге жүктелген міндет емес. Мысалы, біз мектептерде жыл сайын анкеталық сауалнамалар жүргізіп отырамыз. Байқасақ, жылдан-жылға мектептерде жыныстық қатынасқа түсіп жатқан балалардың жасы төмен түсіп барады. Яғни тым ерте жаста жыныстық қатынасқа түскен ер балалар мен қыз балалардың саны өсіп келеді. Егер де бала 12-13 жасында жыныстық қатынаспен өмір сүре бастаса, 18 жасқа дейін қаншама инфекция жинайды?! Ерте ме, кеш пе, отбасын құрған мұндай қыз балалар жүктілікке жарамды ма, жарамсыз ба?! Мұны әрбір ата-ана ойлануы керек. Әсіресе қыз балаларға мұның салдарын түсіндіру керек. Бұрын қазақта қызға қарап, «атасының, әжесінің тәрбиесін көрген екен» деп мақтап айтып отыратын. Мұндай екі ауыз сөздің өзінде қаншама мән-мағына жатыр. Сондай тәрбиенің шекаралары бізде біртіндеп жойылып бара жатқан сияқты. Меніңше, сол «ата-әже институты, әке-шеше тәрбиесі» деген қасиетті ұғымдарды көтеруіміз керек. Бүгінде 23-тен асып тұрмысқа шығып, келін боп жатқан қыздар бар, бірақ олардың кейбірінің артында екі-үш аборт жасап үлгерген өмір тарихы да жоқ емес қой. Мұндай қыздар бірнеше қабыну процесінен өткен болса, оның түтікшесінің ұрықтануға қандай қасиеті бар?! Тіпті жүкті болған күннің өзінде де «мұндай қыздардың жатырында бала ары қарай дами ма, дамығанның өзінде қандай бала туылады?» деген мәселелер бүгінде аса өзекті.

Медицинада соңғы жылдары құрсақта жатқан нәрестенің дамуының кідіруі деген де диагноз пайда болды. Ол тек қана анасы мен әкесінің денсаулығына байланысты. Күні кеше ғана тұрмыс құрған 22-23 жастағы жап-жас әйелдердің ден-саулығы жоқ. Жастығын масайратып өткізген, ерте жыныстық қатынастарға түсіп, жасанды түсік жасаған әйелдерде кейін қалаған баласы жатырында өспей қалуы мүмкін немесе мерзімінен 4-5 аптаға кешігіп өсуі ықтимал. Екіншіден, шылым шегу қыз балалар арасында сәнге айналып кетті. 13-14 жасынан шылым шегіп, арақ ішкен қыздар 20-дан асқан соң бір отбасына келін боп түседі. Бірақ бір әулеттің ұрпағын жалғастыруға 8-9 жыл бойы шылым шегіп, арақ-шарапты жақсы көрген қыздар жарай ма?! Сондықтан бала туылғаннан бастап әрбір отбасы дұрыс тәрбие беріп, шылым шегу, арақ ішу, ерте қатынасқа түсу сияқты кеселдерден сақтандыру қажет. Балаларды жастайынан ана,әке болуға дайындап, жауапкершілікті сездіруге міндеттіміз.

- Тағы бір өзекті мәселе, елімізде тұрмысқа шықпаған қыздардың саны жыл сайын артып барады. Демограф Мақаш Тәтімов те 350-400 мыңға жуық тұрмысқа шықпаған қыздардың барын айтып, дабыл қағады. Тұрмысқа кеш шығудың салдары қандай? Депутаттар ұсынып отырғандай, «екінші әйел алу» мәселесіне қалай қарайсыз?

- Негізі табиғатқа қарсы жүруге болмайды. Мен 30 жылдан астам дәрігер болып қызмет етіп келемін, көптеген жағдайларды көрдім. Жаратылыстан әйелдің міндеті бұл дүниеде ұрпақ жалғастырып, баланы дүниеге әкелу болса, әйел адамы сол міндетті орындауға тиісті. Бұл - табиғат талабы. Егер де бұл мақсат атқарылмайтын болса, әйел денсаулығынан зардап шегеді. Қазіргі кездегі сүт бездерінің, жатырдың, аналық безінің ісіктерінің көбею-інің өзі осы жағдайға да байланысты. Өйткені әйел тұрмыс құрып, бала көтеріп, босануы керек, ол баланы емізіп, тәрбие беруі керек. Қазіргі кезде біздің бәріміз де, оның ішінде мен де бармын, бір оқыған соң, ары қарай оқи бергіміз келіп, карьераға ұзақ жылдарды арнадық. Білімің, ақылың жетік болған соң, өз мамандығыңның шыңына шыққың келе береді. Менің замандастарымның бала босанатын уақыты өтіп кетті ғой, бірақ мен қыздарға, сіңлілеріме әйелдің өз жаратылысындағы қызмет, парызын өтеуі мен карьералық тұрғыдан қызметте өсуі бір-біріне ешқандай да кедергі келтірмейді деп айтар едім. Мұндай мысалдар біздің елімізде жетіп артылады. Мысалы, қызметтік тұрғыдан талай биіктерге көтерілумен қатар, отбасында төрт-бес бала босанған әйелдер жеткілікті. Мұндай аналарды үлгі тұту керек. Қызметте өсейін деп, отбасын құрып, тұрмысқа шығу мерзімін ары қарай шегере беру, дұрыс емес. Мұны дәрігер ретінде ғана айтып отырған жоқпын. Түптің түбінде, мұның ар жағында ғылыми астар да бар. Осыдан екі апта бұрын дәрігерлердің халықаралық конгресінде болып қайттық. Америка, Еуропадан келген ғалымдар Анг-лияның өзінде соңғы 30 жылдың ішінде жасы 40-тан асып тұрып, бірінші баласын енді босанып жатқан әйелдер саны босанушылардың арасында 48 пайызға жеткенін айтып отыр. 35-40-тан асқаннан кейін аналық бездің қызметі де төмендейді, ауру-сырқаттар да көбейеді. Сонымен бірге, генетикалық тұқым қуалайтын сырқаттардың саны да өседі. Сондықтан әр қызмет өз уақытында, дер кезінде орындалуы тиіс. Бұл жерде мәселені депутаттар да, дәрігерлер де шеше алмауы мүмкін. Бұл әр қыздың өз шешімі. Бірақ «екінші әйел алуға» рұқсат беру мәселенің шешімі деп ойламаймын.

- Бұл орталықта отандық мамандардан бөлек, қанша шетелдік маман жұмыс істейді?

- Бізде «Vamed» компаниясы қызмет еткен соң, негізінен Австрия-ның мамандары келіп, қызмет етеді. Олар негізінен балалар хирургтары, неонаталдық хирургтар, неонатологтар, яғни жаңа туған нәрестелермен айналысатын дәрігерлер, сонымен қатар онколог, онкомаммологтар, реанимация мен анестезиология мамандары, т.б. Бұл орайда орта буын медбикелерді үйрететін мамандар келіп, кәсіби біліктілікті арттыруға атсалысады. Кейбіреулері екі аптаға келсе, енді бірі алты айдан тоғыз айға дейін жұмыс істейді. Шетелдік мамандардың біздің дәрігерлерге қатысты пікірлері өте жақсы. Бізге келген мамандар да іріктелініп алынатын сияқты, олар шын ниетімен науқастарға көмектесуге келеді.

- 30 жылдан астам дәрігерлік тәжірибеңізді есте қаларлық оқиғалар болды ма? Бұрын өзіңіз емдеген азаматтармен хабарласып тұрасыз ба?

- Мен өзімнің пациенттерімнің басым бөлігімен өмірбойы араласып келемін. Мен осы мамандыққа толық ықыласыммен келдім. Әлі есімде, әкем бірде: «Дәрігер болу қиын, бүкіл өміріңді осы қызметке арнауың керек. Оның үстіне ауру адамды, қанды, өлімді, адамның қиналғанын көруге дәтің бара ма? Қиын жағдайларда да адамдарға көмек көрсетуге дайын болуың керек» деп айтқан еді. Бірақ менің бар арман-ниетім дәрігер болу еді, ақыр соңында әке-шешем қарсы болған жоқ. Біздің мамандығымыз оңай емес. Акушер-гинеколог ретінде әйелдерге жүктілік кезінде, бедеулігі, ісігі бар жандарға да көмек көрсетеміз. Мен өз мамандығымның екі жағын да, акушерлік бөлігін де, гинекология бөлігін де ұнатамын. Меніңше, екеуі де менің қолымнан келетін сияқты. Қандай қиын операция болмасын, науқас әйелге барынша көмек көрсетуге тырысып, операцияны жан-жүрегіммен жасаймын. Жұмысты істегесін қолымнан келсін-келмесін, бірақ барша нау-қастарға көмектескім келіп тұрады. Өзімнің қолымнан келмейтін әдістер болса, сол адамдарды қолынан келетін басқа орталықтағы, не тіпті басқа елдегі маманға жолдауға тырысамын. Әрине, адам жанына бататын дерті болғанда жақсы дәрігер маманға барғысы келеді. Сондықтан мен алдыма келген әрбір нау-қасты өз тумамдай қарсы аламын. Содан болар, менде емделген адамдардың жаман сөзін, теріс пікірін естіген жоқпын. Кейде әуежай, те-міржол вокзалдарында бұрындары менде емделген адамдар келіп: «Есіңізде ме, біз сізден 12 жыл, 18 жыл бұрын ем алғанбыз, міне, мынау өзіңіздің кіндік балаларыңыз» деп жылы сөз айтып жатқанда, маған бұдан артық бағаның қажеті жоқ. Өз мамандығымды жақсы көруімнің себебі де осында. Жұмысқа қашанда жақсы көңілмен келемін.

Бір жақсы досымның баласы бар, менің кіндік балам. Олар отбасылы болып, 12 жыл бойы балалы бола алмай, емделмеген жері жоқ. Қарап отырсақ, Мәскеуде де, алыс шетелдерде емделіп қайтыпты. Есімде, мен аспирантура бітіріп келгеннен кейін емделіп, бала көтеріп, ұлды болған еді. Қазір ол бала шетелде білім алып, үлкен азамат болды. Кішкентай кезінде өте ерке болды. 3-4 жасында мамасымен біздің үйге келіп, құрбымызбен шай ішіп отырсақ, серванттың үстіне өрмелеп шығып алып, бізге: «Мамалар, маған торт беріп жіберіңдерші, осында отырып жеймін» дегені есімнен кетпейді. Мұндай қызықтар дәрігерлік өмірімізде көп болған. Мәселен, екі дәрігердің отбасы оншақты жылдай бала көтере алмай, ұзақ емделді. Оған мен операция жасап, қыз бала дүниеге келген еді. Біздің дәрігерлер қыздың әкесіне барып: «Құттықтаймыз, қыз балалы болдыңыз!» десе, әкесі: «Кімге ұқсапты: маған ба, әлде Үкібасоваға ұқсап па?» деп әзілдепті. Мұндай оқиғаларды дәрігерлік өмірде қиын жағдай болған кезде есіме түсіріп, жақсы өмірлік сәттерден күш жинағандай боламын. Біздің мамандықтың қиындығы да жетеді. Әрбір ауру - бір отбасының маңдайына түскен ауыр жағдай. Сондықтан науқастардың қиын жағдайын өз басыңнан кешкендей де боласың кейде. Нау-қасты түсініп, өз жүрегіңмен оның уайымын да сезінуің керек. Дәрігер таза адам болуы тиіс: ақ жүрекпен, кең пейілмен көмек көрсету үшін адам өз мамандығына беріле қызмет етуі керек.

- Бізде «шетелдің дәрігерлері мықтырақ» дегендей стереотиптер бар емес пе? Бұған көзқарасыңыз қандай?

- Мұндай ұстаным дұрыс емес. Әрине, бізде арнайы құрал-жабдықтар жеткіліксіз болар, технология жағынан шетелден сәл артта қалатын шығармыз, бірақ адамгершілік тұрғысынан біз еш қалмаймыз. Біз үйге қайтқанның өзінде, кезекші дәрігерге қайта-қайта қонырау шалып: «Анау науқастың жағдайы қалай? Түгеншенің анау жерін қарап қойшы. Пәленшенің көңіл-күйін байқашы» деп өзіміз де көз ілмей шығамыз. Мұндай қасиет тек біздің дәрігерлерде ғана бар. Жылы сөздің өзі де шипаның бір түрі. Дұрыс қарым-қатынас, науқастың жағдайын, отбасын сұрастыру, көңілін көтеретін әңгіме айту - мұның бәрі тек біздің дәрігерлерге тән қасиет. Неге біздің адамдарымыз Батыстағыдай психотерапевт мамандарына көп жүгінбейді? Біз кейде Қазақстанда психология, психотерапия толық дамымаған деп санаймыз. Ал шын мәнінде бұл қызметтің бәрін дәрігерлер атқарады. Біз ішкі сырымызды сыныптастарымызға, әріптестерімізге, достарымызға, дәрігерлерімізге ашық айта аламыз. Ал шетелде «бұл менің ішкі дүнием, неге бұл жүкті мен басқаға салуым керек» деген ұстаным басым.

Науқастар алдыңа келгенде, тек қана ауруын емес, отбасының жағдайын, енесімен, балаларымен, күйеуімен, абысынымен қандай қарым-қатынаста екеніне дейін ашық айтады. Біздің дәрігерлер мұны түсіністікпен тыңдайды. «Маған тек сенің ауруың керек, отбасыңды айтпай-ақ қой» дейтін дәрігерлер де бар шығар, бірақ көбі психологиялық тұрғыдан бұны жақсы түсініп, тыңдайды. Бірақ мұның бәрі дәрігер ретінде менің ішімде қалады, ем бергенде, осының бәрін ескере отырамын. Біздерде біреудің келіні, біреудің қызы емделіп жатады, дәрігер ретінде мен оның ене-сіне, анасына, күйеуіне, атасына не айтатынымды білуге тиістімін. Біздің менталитетімізде бұл өте маңызды жай. Кейде аурумен жылы сөйлесіп, «мынау менің телефоным, қай уақыт болса да, маған хабарласыңыз» деген сөз жеке беделімді көтеру үшін емес, науқасқа кішкене қолдау болсын деген ниетпен ғана айтылады. Науқастар сыртта жүрсе де, маған дәрігерім көмектеседі деген ойда болады. Соның өзі сыр-қаттанып қалған адам мен оның отбасына үлкен арқау. Не болса да, психология бірінші орынға шығып тұр. Ар жағында менің кәсіби өнерім тұрады. «Жақсы сөздің өзі шипа» деген дұрыс.

- Сұхбатыңызға рақмет.

Автор:
Іңгімелескен Кәмшат ТАСБОЛАТ, www.aikyn.kz