Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде


17 июня 2011, 13:38 | 2 870 просмотров



Күретамыр гипертониясы кеңінен тараған аурулардың бірі. Адам ағзасындағы қан тамырларымен қан белгілі бір қысыммен ағады. Адам жасына қарай қан қысымы қалыпты жағдайда 120-140 мм сынап бағанасына дейін болуы қажет. Әртүрлі жағдайларға байланысты адамның қан қысымы үнемі қалыпты жағдайда болмайды, 200 мм сынап бағанасына дейін көтерілуі мүмкін. Бұл қауіпті аурудың негізгі белгісі, мұны гипертония не қан қысымының көтерілуі дейді. Күретамыр гипертония-сы қан қысымының алдымен жиі-жиі, сосын үнемі көтерілуіне байланысты созылмалы ауру. Оның пайда болуына адамның күйгелектігі, ашуланшақтығы, қатты күйзеліс, тұқым қуалаушылық, тұзды,майлы тамақты көп ішу, шылым шегу, аз қимылдау және басқа да факторлар әсер етеді.

Негізгі белгілері.

Күретамыр гипертониясына шалдыққанын науқастар өздері де білмей қалады. Алғашында ешбір ерекше белгілер сезіле қоймайды.

Кей-кейде басы ауырып, құлағы шулайды, еңбек қабілеті төмендеп,ұйқысы бұзылады. Бұл белгілер күретамыр гипертониясының бастапқы белгілері.

Аурудың екінші кезеңінде бастың айналып, ауыруы жиілейді. Ентігу пайда болып, жүрек тұсы ауырып,айнып,құсуы ықтимал,көзінің нұры кеміп,таңдайы кебеді, екі беті қызарады.Осы белгілерден кейін күретамырлық криз пайда болуы мүмкін.

Ал, үшінші кезеңде қан қысымы шырқау шегіне жетіп, аурудың жоғарыдағы белгілері күшейеді.

Қан қысымы неге көтеріледі?

Себебі – қан қысымы тарылады, сондықтан қанның айналуына, тамыр бойымен жүруіне кедергі туады да қысым көтеріледі. Тамырда склероздық өзгерістер пайда болып, бірнеше жылға созылады. Қан қысымының қатты көтерілуі жүрекке үлкен күш түсіреді, жүректің қан тамырлары тарылады, жүрек қанды күшпен айдайды. Мұнымен бірге ми,бүйрек, көз қан тамырларында қан айналу процесінің бұзылуы байқала бастайды. Гипертония көп ретте қан тамырлар қысымын реттеп отыратын орталық жүйке жүйесінің бұзылуынан, мәселен, әртүрлі жүйке аурулары, қорқыныш, шаршап-шалдығу, ағзадағы зат алмасу процесінің бұзылуынан болады. Қан тамырларының зақымдануы /инфаркт/,миға қан құйылу /инсульт/,бүйрек,көз,қан тамырларының зақымдануына әкеліп соғады.

Ауруды болдырмаудың шаралары.

Сақтық шараларын білген жағдайда гипертония ауруына шалдықпауға болады. Ең алдымен көңіл-күйіне өзі иелік етіп, артық реніштен, ашу-ызадан аулақ болуы тиіс. Қандай қиын кезде де ашуды ақылға жеңдіріп, жүйкені тынықтыра білу қажет.

Екіншіден, тиісті тамақтану бойынша ұсыныстарды сақтау.

-мал майларын пайдаланбау,майдағы қажеттілікті өсімдік майлары есебінен толықтыру;

-тұзды тәулігіне 4 граммға дейін шектеу, калий тұздарымен бай азықты пайдалану /ас бұршақ,өрік-мейіз,құрма,теңіз қырыққабаты/;

-жұмыртқаның сарысын қолдануды азайту;

- ем-дәмге сұлы мен жүгері үлпегін, түйе бұршақтан жасалған азықты енгізу;

-жемістер мен көкөністерді пайдалануды ұлғайту /күніне 400 гр./

-алкогольді, кофені пайдалануды шектеу;

Сондай-ақ, дененің артық салмағын төмендету.

Үшінші - темекі шегуден бас тарту. Төртінші – дене еңбегімен шұғылдану,жүріп-тұрып көп қозғалу,жаяу жүру.

Бүгінгі таңда гипертонияға қарсы қолданылатын дәрі-дәрмектер ,сан түрлі емдік тәсілдер баршылық.

40 жастан асқаннан кейін күретамыр гипертониясын өткізіп алмау үшін, жылына бір рет дәрігерге көрініп тексеріліп қоюды әдетке айналдырған жөн. Ауру пайда болған жағдайда дәрігердің бақылауында болып,берген ем шараларын бұлжытпай орындаған дұрыс. Қан қысымын төмендететін дәрілерді үнемі белгілі бір уақытта қабылдау тиіс.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні,қан қысымын жиі-жиі өлшеп, күнделікті кездесетін стрестік жағдайлармен күресе білсек, дене шынықтырумен айналысып, зиянды әдеттерден аулақ болып, көп қимыдасақ, табиғи азық-түліктің емдік қасиетін ұмытпасақ, гипертония ауруының алдын алуға мүмкіншілігіміз мол. Қан қысымын бір деңгейде ұстап, аурудың одан әрі ұзақ уақыт, кейде тіпті өмір бойы емделіп,күтініп жүруге тура келеді.

Асқынған күретамыр гипертониясы инсульт, инфарктың бірнеше рет қайталануына, науқастардың еңбекке жарамсыздығына, мүгедектікке әкеліп соқтырады.

Автор:
Т. МУРЗАМАДИЕВ, Дегерес дәрігерлік амбулаториясының дәрігері,Жамбыл ауданы,Алматы облысы.