Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Көктемнің басты қаупі - бруцеллезден сақтаныңыз!


3 июня 2011, 07:42 | 1 501 просмотр


Облысымызда бруцеллезбен сырқаттанушылық деңгейі төмендемей отыр. Эпидемиологиялық қолайсыздықты Ақсу, Алакөл, Еңбекшіқазақ, Ескелді, Кербұлақ, Көксу, Райымбек, Сарқан, Ұйғыр аудандары мен Талдықорған қаласы қамтыды.

Ауылшаруашылық малдары, кейде үй жануарлары да (ит, мысық) бруцеллез ауруы-ның таралу көзі болып табылады. Адамдар-ға аурудың жұқпа көзі жеке меншік сектордағы ауылшаруашылық малдар (ұсақ және ірі мүйізді мал) болып отырғандықтан, малдар арасындағы эпизоотиялық қолайсыздық аурушаңдықтың өсуіне негізгі себеп болып тұр, 2010 жылы тіркелген науқастардың жұқпа көзі 72,8% ұсақ мүйізді малға, 17,3% ірі қара малдың үлесіне келді.

Адамдардың осы аурумен сырқаттануы көктем, жаз айларында күрт өседі. Бұл ауылшаруашылық малдарының төлдейтін кезеңіне байланысты, яғни қоздырғыш ағзаға мал төлдеу кезі ақпан- сәуір айларында түссе, инкубациялық мерзім- 1-1,5 ай өткен соң, ауру белгілері біліне бастайды.

Ауру малды төлдету кезінде, қойдың жүнін қырқып, одан өнім алу, сондай ақ ет, сүт өнімдерін дайындау кезінде жұғады. Сүт зауыттарында да ауруды жұқтырып алуыңыз әбден мүмкін. Ауру адамға қайнамаған сүт, қаймақ арқылы, мал қораларын тазалау ке-зінде ауадағы шаң – тозаң арқылы да жұғады. Осы жұғу жолдарының ішіндегі ең қауіптісі мал төлдету кезінде малдың шуы, қағанақ суы арқылы жұғуы. Ауылды жерлерде мал төлдету кезінде қозыны ауыздандырып емізу, суық қорадан үйге әкеліп кептіру, барысында әсіресе үйге әкелген қозымен балалар ойнап жүріп ауруды жұқтырады. Сонымен бірге мал төлдеп жатқанда, арнайы киімммен, рәзеңке қолғапсыз жұмыс істеп, малдың шуын жинамай итке тастай салу үлкен қателік. Балаларды мал қораларына, мал төлдетуге қатыстырмауға тырысыңыз.

Бруцеллез қоздырғышы азық өнімдері мен сыртқы ортада: сүт, қымыз, шұбат, жаңа сойылған ет, тоған суаттар, ағын су, жүн, тері, топырақ, қи, тезекте бірнеше күннен бірнеше айға дейін сақталады.

Сүтте 55 градусқа дейінгі температурада микробтар 1 сағаттан соң, 70 градусқа дейінгі аралықта 10 – 15 минуттан кейін, ал қайнатқан кезде бір сәтте жойылады. Көптеген науқастар, қайнамаған сүт ішкенін, шашлық жегенін айтады, дұрыс термиялық өңдеуден өтпеген азық өнімдерінен де ауру жұғуы мүмкін.

Аурудың алғашқы клиникалық белгілері – кешке қарай дене қызуы көтеріледі, денені тер басып, әлсіздік пайда болады. Негізінен буындар ауырып, бұлшық еттер мен жүйке жүйелері зақымданады. Жыныс мүшелеріне әсер еткен жағдайда ерлерде – орхит, әйелдерде – түсік тастау, жатырдың қабынуы, мастит ауруларына әкеліп соқтырады. Ал, балалар мен жасөспірімдерді белсіздік ауруына ұшыратуы мүмкін. Дер кезінде қаралмаған немесе дәрігерге кеш келген жағдайда бруцеллез асқынып, созылмалы түріне айналып, мүгедектікке әкеліп соқтырады.

Бруцеллез диагнозын растау үшін эпидемиологиялық анамнез, аурудың клиникасы және зертханалық тексеру нәтижелері негізге алынады. Зертханалық тексеру әдістерінен бактериологиялық және серологиялық әдістері қолданылады. Бактериологиялық әдістің мақсаты- қоздырғышты бөліп алу, ал серологиялық әдісте науқастың қан сары суынан бруцеллез қоздырғышына қарсы антиденелерді анықтайды. Серологиялық әдістер бойынша оң нәтиже анықталса, науқастар инфекционист дәрігерге кеңеске жіберілуі тиіс.

Малды төлдету кезінде сақтық үшін арнайы қолғап, аяқ киім киген дұрыс, қолды сабынмен екі қайтара жуып, залалсыздандыру керек. Сонымен қатар сапалы өңдеуден өткен ет, сүт өнімдерін тұтыну керек, әр жерде көшелердің қиылысында ветеринарлық анықтамасыз сатылып жатқан сүт және сүт өнімдерін сатып алып, тұтынудан сақ болыңыз. Ауладағы малдың арасында түсік тастау, өлі туу жағдайын дереу мал дәрігеріне хабарлау керек. Көбінесе ондай деректер мал дәрігеріне хабарланбай, тек адам ауырған кезде айқындалып жатады. Егер дер кезінде бұндай фактілер белгілі болып жатса, малды тексертіп аурудың алдын алу шараларын жүргізуге болады. Көктемде малдар төлдеп болған соң жайлауға шығарар алдында малдарыңызды бруцеллезге тексертіп барып қосқандарыңыз дұрыс, мысалы жайлауға шығатын табынды құрғанда, біреу тексертіп қосады, біреу тексертпей қосады, жаздай малдар арасында ауру тарап, күзде үйге алған кезде, мал төлдеу барысында адамдарға жұғады. Егер осы қарапайым ережелерді сақтасаңыз, өзіңізді және жақындарыңызды аурудан сақтайсыз!

Бруцеллез ауруыны алдын алуда бірталай жұмыстар атқарылуда.

Автор:
Е.СЫДЫМАНОВ, АОМСЭҚК Департамент директоры Л.БЕРДИКЕНОВА, АОМСЭҚК Департаментінің КжАҚЖҚБ бас маманы Ж.ДАРМЕНБЕКОВА, АОСЭСО Аса қауіпті жұқпалы аурулар зертханасының менгерушісі.