Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Сібір жарасы ауруынан сақ болыңыздар!


3 июня 2011, 07:43 | 2 180 просмотров


Облысымызда 2010 жылы сібір жарасының терілік түріне 5 адам шалдықты. Бұл жағдай Еңбекшіқазақ ауданының Казатком елді - мекенінде орын алды. Науқастар жұқпаны ауру малды еріксіз сойған кезде жұқтырған. Дер кезінде жүргізілген кешенді санитарлық – эпидемияға қарсы және алдын алу шараларының арқасында аурудың жаңа жағдайлары тіркелген жоқ, аса қауіпті жұқпа ауыздықталды.

Сібір жарасы - адамға көп жағдайда сырқаттанған ауылшаруашылық малдарынан жұғатын аса қауіпті жұқпалы аурулардың бірі. Ауру карбункул (жара) түрінде сыртқы жабындарды зақымдаумен, қызба, интоксикациямен, кейде сепсистің дамуымен сипатталады. Қоздырғыштың ағзаға ену жерінде оттың шоғына ұқсайтын (ортасы қара айналасы қызыл) жаралар пайда болады, ертеде ол жараларды «қасиетті от» деп атаған.

Сібір жарасы ауруының қоздырғышы сыртқы ортада өте тұрақты, табиғаттың қолайсыз факторларына төзімділігімен ерекшелінеді. Ол қолайсыз жағдайларда спора түріне еніп, топырақта ондаған жылдарға дейін сақталады. Малдың немесе адамның денесіне енгенде спорлар тез арада өзгеріп, ауру қоздыратын түрге айналады. Облыс бойынша сібір жарасы ауруынан 181 қолайсыз елді – мекен есепте тұр, яғни кез келген уақытта аурудың бас көтеру қаупі бар.

Ауылшаруашылық малдары аурудың қоздырғыштарын көбінесе сібір жарасынан қолайсыз деп есептенілетін жайылымдарда жайылып, әсіресе құрғақшылық кезде аласа өскен шөппен бірге топырақты жегенде жұқтырып ауырады. Жануарлардың ерні, ұрты, таңдайы, тік ішегінде көпіршіктер пайда болып, кейін олар жарылып, аузы- мұрнынан қанды көбіктенген сұйықтық бөлініп, жануар өледі. Аурудан өлген малдардың барлық мүшелері мен тіндері, терісі, жүні, сүйектері залалды болады.

Адамдарға сібір жарасымен ауырған малды сою, терісін сыпырып, етін жіліктеу, тамаққа пайдалану, жүнін өңдеу кезінде ауру жұғуы мүмкін, бұл кезде бірен – саран жағдайлар немесе топтап аурулар кездеседі. Сонымен бірге сібір жарасымен ауырған малдары бар қораларда жұмыс істеу кезінде шаң – тозаң арқылы жұғуы мүмкін. Жұқпаны ауа – тамшылы, ауа – шаң жолдары арқылы жұқтыру кезінде өлім деңгейі жоғары болады және жұқпаның бұл тарау жолын халықаралық экстремисттер биотерроризм мақсатында қолданады, оған дәлел ретінде 2001 жылғы АҚШ-та болған террактілер.

Сібір жарасының терілік түрі ең жиі кездеседі. Науқастардың саусақ, білек, мойын, бет, аяқ, т.б. мүшелер терісі зақымдалады. Терінің зақымдалған жерінде қатты қышитын қызыл дақ пайда болып, күлдіреп 2 – 3 күннің ішінде ортасында көмірдей қара қабыршағы бар жараға айналады. Жараның айналасы қызарып, жалтырап ісіп тұрғанымен, ұстағанда ауырмайды. Дененің қызуы көтеріледі. Уақытында ем қолданылмаса, қоздырғыш қанға өтіп (сепсис) денеге жайылып аурудың өлімге әкеліп соқтыруы ықтимал.

Сан рет сібір жарасы туралы айтылып жатқанына қарамастан соңғы кезде адамдардың күйдіргімен топтап ауруы көбейіп кетті. Себебі, бүгінде мал шаруашылығымен шұғылданатын ұжымдар мен серіктестіктер, жекеменшік мал ұстайтын азаматтардың арасында мал дәрігерлердің қызметін қажетсінбеу, малдарын мезгілінде күйдіргіге немесе басқа да жұқпалы ауруларға қарсы ектірмеу (вакцинация), мал санын жасырып қалу, ауырған малды мал дәрігеріне уақытында хабарламай сойып, етін бірнеше үйге таратып беру немесе басқа бір жерге апарып сатып жіберу жағдайлары жиі кездеседі.

Сібір жарасы ауруының алдын алу үшін әрбір адам төмендегідей қарапайым ережелерді сақтауы қажет:

-жергілікті мал дәрігерімен келісіп жылына 1 рет малдарын түгелдей сібір жарасына қарсы егу,

-тұрғылықты мекен – жайы бойынша жайылымдардың сипаттамасын жергілікті ветеринарлық қызмет немесе санитарлық қызметтен білу,

-малдары кенеттен ауырған немесе өлгенде, міндетті түрде мал дәрігеріне хабарлау,

-малды соятын немесе сататын жағдайда, алдын ала мал дәрігеріне көрсетіп анықтама алу,

-малшыларды, т.б. мал шаруашылығымен шұғылданатын кісілерді күйдіргіге қарсы вакцинамен уақытылы егу,

-жер асты су көздерін ашатын, құдық қазатын жағдайларда олардың «қауіпті» жерлерден аулақ болуын ескерту,

-мал ұстайтын қора жайларда тазалық сақтау шараларын әрдайым жүзеге асырып отыру қажет.

Қорыта келгенде айтарымыз, мал немесе мал өнімдерін сатып алатын болсаңыз, сатушылардан мал дәрігерімен берілген анықтаманы талап етіңіздер және арнайы ет сататын жерлерден ғана сатып алыңыздар. Ауладағы ауылшаруашылық малдарын ұстау ережелерін мұқият сақтаңыздар. Аурудың ал-ғашқы белгілері байқала қалса дәрігерге қаралыңыз, дер кезінде басталған ем өміріңізді сақтап қалатындығын естен шығармаңыз! Аурудан сақ болыңыз!

Автор:
Е.СЫДЫМАНОВ, АОМСЭҚК Департамент директоры Л.БЕРДИКЕНОВА, АОМСЭҚК Департаментінің КжАҚЖҚБ бас маманы