Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ТУБЕРКУЛЕЗ


3 июня 2011, 07:44 | 2 192 просмотра



Туберкулез қоғамдық денсаулық сақтау ісінің аса зор глобальды мәселесі болып қалып отыр: әлемде 1,7 млн. адам туберкулез микобактерияларымен инфицирленген, жыл сайын туберкулезбен 9 миллионнан астам адам науқастанып жатады және одан 3,0 млн. адам көз жұмады. ДДҰ болжамы бойынша туберкулез жақын арадағы 10 жылда әлемдегі сырқаттанушылық пен өлім-жітімнің негізгі он себептерінің бірі болып қалмақ.

Туберкулез – әлеуметтік дерт болып саналады. Облыстағы туберкулезбен ауырғандардың 62,6% әлеуметтік қорғалмаған жандар, тұрмыс жағдайы төмен, жұмыссыз (дұрыс және толық құнды тағамданбайтын, қорғаныс жүйесі әлсіреген) адамдар. Сонымен қатар, туберкулезге шалдыққандардың басым көпшілігі (65,3%) еңбекке жарамды және балалы болатын жастағылар (18-44 жас).

Туберкулез – жұқпалы ауру, адам көзіне көрінбейтін туберкулез микобактерияларымен шақырылады. Сондықтан қоздырғышты анықтау үшін қақырықты микроскопиялық жолмен (микроскоп арқылы) зерттейді. Туберкулез адам ағзасында жиі тыныс ағзасы - өкпені зақымдайды; сондай-ақ лимфа бездері, ішек, бүйрек, жыныс ағзалары, көз, сүйек, буын, ми, ми қабықшасы және басқа да ағзалар мен мүшелер зардап шегеді.

Аурудың жұғу көзі белсенді өкпе туберкулезімен науқастанған адам болып табылады. Жөтел, сөйлеу, түшкіру кезінде науқас адамдар ауаға көптеген бактерияларды бөледі. Қоздырғыштар өз кезегінде желдетілмеген бөлмеде ұзақ уақыт бойы сақталып, сау адамның ағзасына енеді.

Туберкулез микобактериясын жұқтырып алған адам міндетті түрде ауыра бермейді. Жалпы алғанда, қазіргі кезде әлемдік халықтың үштен бірі туберкулез микобактерияларын жұқтырып алған. Туберкулез микобактерияларын жұқтырып алған адамдардың 5-10% өмірінің бір кезеңінде туберкулездің қандай да бір түрімен ауырады немесе жұқпа көзіне айналады.

Кох таяқшасын жұқтырып алу салдарынан әрқашан айқын клиникалық көрініс беретін алғашқы туберкулез ауруы дами бермейді: адамдардың басым көпшілігінде оған туа біткен тұрақтылығы мен БЦЖ вакцинациясы және ревакцинациясынан қалыптасқан иммунитеті болады. Алайда қоздырғышты жұқтырып алу із-түзсіз қалмайды: өкпе және лимфа түйіндерінде көптеген ұсақ туберкулез ошақтары құрылады, мұндайда Манту сынамасы оң нәтиже береді, температура жоғарылайды, қан құрамында өзгерістер пайда болады. Дегенмен осындай жағдайлар, әсіресе аз көлемде белсенді микобактерияларды жұқтырып алғанда, қайтымды болып келеді: физиологиялық норма қалпына келеді және әдетте ошақтар әктеніп, тыртықтанып бітеді немесе толық тарап жазылады. Өкінішке орай аталған ошақ ішіндегі бактериялар әрқашан өле бермейді. Олар тек қана «ұйқыға кетеді», кейде өз уақытын шыдамды күткендей өте ұзақ мерзімге.

Жаманат факторлардың әсерінен ағза әлсіреген кезде – дұрыс тамақтанбаудан және басқа да зиянды еңбек жағдайларында олар оянып, қарқынды көбейеді: қабыну салдарынан әктенген, консервіленген ошақтардың қорғаныс капсуласы еріп, Кох таяқшалары қан және лимфа жүйесі арқылы таралады. Осылайша екіншілік туберкулез пайда болады, бірақ кейде қайталама сыртқы инфекцияның нәтижесі ретінде де дамиды.

Туберкулез инфекциясының барлық түрлері жүйке, эндокриндік, жүрек-қан тамыры жүйелерінің, бауыр, асқазан-ішек жолдарының әртүрлі дәрежеде қызметінің бұзылуларына әкеледі. Аурудың ағымы және нәтижесі көбінесе бүтіндей ағзаның иммундық жағдайына тәуелді болады. Адамдардың ауру қабылдағыштығы әр түрлі, дегенмен иммунды жүйесі әлсіреген адамдар жиі дертке шалдығады.

Ағзаның иммунды жүйесінің әлсіреуіне мынадай факторлар әсер етеді:

- жеткіліксіз немесе құнарсыз тамақтану;

- уытты заттар пайдалану (шылым, алкоголь, есірткі);

- қосарлана жүретін аурулар (АҚТҚ (ВИЧ) жұқтырып алу, қант диабеті, асқазан, аш ішектің жарасы аурулары, ұзақ уақыт гормоналды препарат қабылдау және т.б.);

- стресс. Стресс пен депрессияның иммунды жүйеге кері әсер ететіні дәлелденген.

Туберкулез ауруының алғашқы белгілері:

- 2 аптадан аса жөтелдің мазалауы, қан түкіру;

- түнгі уақыттағы тершеңдік;

- дене қызуының көтерілуі;

- әлсіздік;

- тәбеттің, салмақтың төмендеуі;

- кеуде тұсының ауруы.

Туберкулез ауруының таралу ерекшеліктері мен оның белгілерін әрбір адам, әрбір жанұя білуі қажет, себебі дер кезінде қабылданған шаралар тек инфекцияның таралуын ғана емес, сонымен бірге аурудың дамуын тоқтата алады.

Туберкулезді анықтау жолдары: Аурудың алғашқы кезеңінде сырқатты анықтаудың ең сенімді жолы флюорографиялық (немесе рентгенологиялық) тексеру болып табылады. Жыл сайынғы флюорографиялық тексеру – өкпе туберкулезі мен басқа да кеуде қуысы ағзаларының ауруларын анықтайтын сенімді және қауіпсіз әдіс. Жүйелі түрде тексеруден өту арқылы дертті уақытылы анықтап, айналадағы адамдардың ауруға шалдығуының алдын алуға болады. ҚР ДСМ МСЭҚК Алматы облысы бойынша департаменті туберкулездің алдын-алу үшін, жыл сайын қызметкерлерін тұрақты флюорографиялық тексеруден өткізеді. Бүгінде 17.05.2011 жылы флюоро автокөлігі департамент ауласында өз жұмысын бастап кетті. Қызметкерлердің медициналық тексеру өтуге кететін уақытын үнемдеу және денсаулығына немқұрайлық танытпау мақсатында, біз басқада ұйымдасқан мекемелердіде флюорографиялық тексеруден өтуге шақырамыз.

Халықаралық тәжірибе туберкулезбен күрес қоғамның барлық күштері біріктірілгенде ғана сәтті болатынын көрсетеді. Сондықтан осы аурумен күресте мемлекеттердің, дәрігерлік және азаматтық институттардың, сонымен қатар әлемдегі барлық елдер халқының күш-жігерлері біріктірілуі қажет.

Автор:
Е.СЫДЫМАНОВ, ҚР ДСМ МСЭҚК Алматы облысы бойынша департамент директоры