27 мая 2011, 07:50 | 2 215 просмотров
Орыс зерттеуші В.Козловтың 1983 жылы Мәскеуде жарық көрген «Национальности СССР» атты еңбегінде: 1897 жылы Ресей отарында болған бұратана халықтарға арнайы жүргізілген санақтың қорытындысы жарияланған. Осындағы мәліметке қарағанда сол шамада 4 млн 84 мың қазақ болыпты. Өзбектер – 726 мың, қырғыздар – 201 мың, түрікпендер – 281 мың, тәжіктер – 350 мыңнан аспаған.
Арада 50 жыл өтіп, 1939 жылы жүргізілген халық санағында қазақтардың саны – 2 млн 300 мыңды көрсетіп, табиғи өсімін былай қой-ғанда статистикалық тұрғыдан екі есеге кеміп кеткен. Ал, өзбектердің саны – 3 млн 900 мыңға жетіп, 50 жылда 3,5 есе өскен. Түрікпендер – 760 мың, қырғыздар – 750 мың, тәжіктер – 900 мыңға жетіп тоқтаған.
Сол сияқты шығыстанушы П.Г.Галузоның 1929 жылы жарық көрген «Отар Түркістан» атты еңбегінде: «1915 жылы Қазақстан халқы 6 млн-ға жетті» деп жазыпты. Дәл осындай деректі алаш ардагері Мұстафа Шоқайдың «Түркістан Советтердің билігінде» атты жазбасынанда кездестіруге болады. Бірақ осының қаншасы қазақ, қаншасы басқа ұлт болды екен?
Бұл сауалға жауапты көп жыл құпия сақталған «Баяндау жазбадан» табамыз. Онда 1926 жылдың желтоқсаны және 1937 жылдың қаңтарында жүргізілген халық санағының айырмасы мен табиғи өсімі туралы баян бар. Осында көрсетілген деректерде: «1926 жылы Қазақстанда 3 млн 963 мың қазақ өмір сүрген… 1930 жылы Қазақстанда барлығы 5 млн 873 мың адам болған, оның 1 миллионы басқа ұлт… Аштық жылдары (1931-32 ж.ж) 1,3 млн адам Қазақстан жерінен басқа жаққа босып кетті… 1933 жылдың аяғында 2 млн 493 мың адам қалды» делінген.
Ашаршылық жылдары туралы жазылған Роберт Конквестің «Жатва скорби» атты кітабында: «Аштық жылдары Голощекин қазақтарға дәрігерлік көмек көрсетпеу туралы жасырын нұсқау шығарған» деп жазыпты.