Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ШЕБЕРДІҢ ҚОЛЫ ОРТАҚ


27 мая 2011, 13:52 | 2 812 просмотров



Мүгедек кәсіпкерлердің көрмесі. Шағын ғана үстелдің үстіне қойыл-ған екі ғана жәдігер. Екеуі де ертоқым. Бұларға қызуғушылық танытқандар көп-ақ. «Кім жасады, қалай жасалады?», тағысын тағы осындай сауалдарға бала жасынан ІІ-топтағы мүгедек жауап беріп отыр. Ол-шебер Мейірхан Данышпанов. Ескелді ауданы Бақтыбай ауылының тумасы.

- Мектепте тәп-тәуір оқыдым,-дейді Мейірхан Данышпанов. – Негізгі пәндерден гөрі еңбек сабағына қатты қызығатынмын. Ағаштан, темірден түрлі заттар жасайтынбыз. Бірақ, өсе келе мұны мен шын мәнінде кәсіп қыламын деп ойлаған емеспін.

Ауылдағы науқанды жұмыстардың бәріне араласып өстік қой. Тіпті ұжымшарда есепші болып та енбек өттім. Оңтайландыру жылдары бұл кәсіптен қол үзуге тура келді. Қысқаруға ұшырадым. Не істеу керек? Нені кәсіп ету қажет? Ол кездегі ауыл адамдары тұрмақ, қалалықтарды осы ой мазалайтын. Ауылшаруашылығы саласы, өнеркәсіп орындары біртіндеп жабыла бастады. Жұмыссыздар пайда болды. Мен бұрынғы Талдықорған педагогика институтына (ЖГУ) құжаттарымды тапсырып, студент атандым. Әрине, сырттай оқуға тура келді,-деп күрсініп алды Мекең.

Мейірхан өмірге құштар. Қиындықтарға мойынұсынатын адам емес. Кез-келген іске араласып, отбасын асырады. Балаларын оқытты, кәсіпке баулыды. Өзі де солармен қатар жүріп жоғары білім алды. Бірақ, мұнымен іс біткен жоқ. Алған білімін кәсіп етуде тағы да біраз қиындықтарға тап болды.

- Институтты бітірердегі дипломдық жұ-мысқа қазақтық қасиетті қара домбыра туралы тапсырма алдым,-деп әңгімесін жалғастырды Мекең. – Бұдан сүрінбей өттік. Бес жігіт болатынбыз. Ақылдаса келе бесеуміз домбыра жасауға уағдаластық. Ісіміз тағы да тығырыққа тірелді. Біріншіден, менің құлақкүйім жоқ. Музыкант емеспін. Дыбыс тұрмақ, нотаны әзер айырамын. Үйде отырып, бірнеше домбыра жасадық. Өтпейді. Сұраныс мүлдем жоқ десе де болады. Тағы «не істеу керек?» деген сауал алдымнан көлденеңдеп тұрып алды. Қой, мұным болмас деген ойға келген мен қайдасың Алматы деп жолға шықтым,-деп әңгімесін жалғастырды Мейірхан.

Бұл шахар «Меке, сен келіп қалыпсың» деп құшақ жая қойған жоқ. Бірақ, алған бетінен қайтпайтын, қайсар азамат біраз есікті қағып, біраз мекемелердің табалдырығын тоздырды. Бір күні жарнамалар жарияланатын газет сатып алады. Бір кәсіп табылар деген оймен оны парақтай бастайды. Соңғы беттерінің бірінде «Продаю седла» деген хабарландыруды оқиды. Онда көрсетілген мекенжайды іздеп табады.

-Тәубә! Іздегенге-сұраған осы шығар,-деп қуанғанымды айтсаңшы. – Мені шебердің өзі қарсы алды. Сейіткер Медеубаев деген адам екен. Мен келген жайымды айттым. Қолымнан іс келетінін де жасырмадым. Сынамақ болды. Оның саяжайында шағын шеберхана бар екен. Сонда бірнеше жігіт ат әбзелдерін жасаумен айналысып жатыр. Тапсырыстары да бар сияқты. Мен осы жерде бір - екі жыл еңбек еттім. Ертоқым жасаудың қыры мен сырын меңгердім, - деп еске алады Мейірхан сол бір күндерді. Бұдан әрі Мейірхан Данышпанов ертоқым турасында әңгімеледі.

ЕРТОҚЫМ жайлы бірер сөз

Ертоқым – қазақтың ең көп пайдаланған мүлкінің бірі. Бұрынғы заманда бабаларымыз келген қонақтың астына мінген атының әбзелдеріне қарап-ақ, оның қай рудан екенін, дәрежесінің деңгейін, қай өңірден келгенін айырып отырады екен.

Ең аяғы қамшыны қалай ұстаудың да өзіндік айтары болған деседі. Егер келген кісі қамшысын бүктеп ұстап келсе, дау айтуға келгені. Бүлдіргесінен іліп, сүйретіп келсе, жоқ іздеп жүрген адам. Ал, қонақ сол үйге қамшысын қалдырып кеткен болса, ол қайта айналып соғамын дегеннің белгісі екен. Неге десеңіз, әр рудың, аймақтың өзіндік үлгілері болған. Сол сияқты ертоқымның да түрлері, өзіндік ерекшеліктер бар. Мәселен, ертоқымның шығыс аймақта кеңінен тараған түрін «найман ер», «Абай ері» деп атайды. Ондай ердің алдыңғы қасы домалақтау болып келеді. Жетісу өңірінен төмен қарай көбінесе «құранды ер» деген ер шабады. Ертоқымның бұл түрін көбіне бірнеше бөлшек ағаштан құрап жинағандықтан «құранды ер» деп айтылады. Ал, еліміздің батыс жағында «үйрекбас ер», «қозықұйрық ер» болып келеді. Мұның барлығы қолөнерге деген ерекше құрметтен туған.

Қазақтың «Алтын ерің атқа батса, алтынын ал да отқа жақ» дейтіні сондықтан. Кезінде ер-тұрманның құны, маңызы өте үлкен болған. Ыңғайлы, атқа жайлы ертоқымдарды бір жылқы беріп сатып алады екен. Оны жасаудың өзіне жылға жуық уақыт кетеді.

- Міне солай,-дей отырып, әңгімеміз әрі қарай өрбіді. – Ауылға оралдым. Құрал-саймандарым сайлы, қажет деген материалдарды сатып алдым. Жасыратын несі бар. Қарыздандым. Банктер менің кәсібіме несие бермейді. Бір күні қырдағы малды ауылдан бір азамат келіп, ертоқым жасап беру жөнінде тапсырма берді. Бастапқы ақшасымен есептесті. Бір-екі ай тер төгуге тура келді. Тапсырыс беруші менің еңбегіме риза болды. Бұдан соң ауылдағылар мені «ерші Мейірхан» деп те атай бастады.

Бүгінде Мекең тәлімгер-шебер. Ұлдары Аманжол мен Саят та қолдары қалт етсе әкесінің жанынан табылады. Әкелеріне қол-ғабыс етіп, ертоқым жасаумен айналысады.

-Бірнеше шәкірт даярладым. Олар бүгінде Алматы облысы аумағында ата кәсібімізді жалғастырып жатыр. Қуаныштымын,-дейді.

Бірақ, мұның соңында оның бойында бүгінгі тыныс-тіршілігіне толық қанағаттанып отырғандық нышан байқалмайды. Неге?

-Жеке шеберханам жоқ. Тұрып жатқан баспанамның бір бөлмесін ыңғайлап, шеберханаға айналдырғанмын. Тапсырыс көп емес. Барын қанағат тұтасың. Нарық өзінің тәртібін алдыға тартады. Материалдардың бағасы кейде қалта көтермей жатады. Жай ертоқым шамамен 100 мың теңге. Бұл сомаға жұмыс-қа, материалға кеткен шығындар да енеді. 3 мың АҚШ доллары тұратын ертоқым жасаған күндерім болды. Мұны өзім «комплект» деп атаймын. Мақсатым – күміспен күптелген ертоқым жасау. Ол күнде алыс емес. Ата-бабаларымыз отырған ертоқымды жасауды кәсіп етіп, балаларыма мирас ете алсам арманымның орындалғаны,-дейді Мейірхан Данышпанов.

СӨЗ СОҢЫ

Осыдан мыңдаған жылдар бұрын өмір сүрген ата – бабаларымыз жер қойнауының құпиясын аша да, оның бар асылын пайдалана да білген. Тұрмысқа қажетті тұтыну бұйымдарын, сан – алуан әсемдік әшекейлерді, қару – жарақтарды жасаған. Бүл кәсіп атадан балаға мұра боп қалып, бізге дейін үзілмей жалғасып келе жатқан ұсталық және зергерлік кәсіп. Демек ұсталық кәсіп, зергерлік өнер көшпенділер өмірінде, шаруашылық және тұрмыстық қолданбалы бұйымдарды жасап, қамтамасыз ететін маңызды кәсіп түрінде ертеден – ақ пайда болған, қалыптасып, дамыған. Көшпелі өмір салтында, оның ішінде малшы өмірінде өндіріс құралы ретінде ер – тұрманның (ат әбзелдері) алар орны айрықша.

Кеткеніміз оралып, жоғалғанымыз табылып, өшкеніміз қайта жанған тәуелсіздік шапағаты төгілген осынау кезеңде, егемендігіміздің еңселі жылдарының жарқын бір жемісі –мемлекеттік «МӘДЕНИ МҰРА» бағдарламасының жасалып, жүзеге аса бастауы. Оның мақсаты – халқымыздың бірегей ұлттық мәдениетін, мәдени құндылықтарын іздеп, тауып, зерттеп әлемге әйгілеу.

Демек, халқымыздың салт – дәстүрі, ұлттық бай мұрасы, өнері мәңгілік жасайды, жаңарып дами береді.

Автор:
Ырысбай КЕНЖЕБАЙҰЛЫ