Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

2050 жыл: Адамдар қартайып, ауыл күйрей ме?


27 мая 2011, 07:53 | 4 012 просмотров



Соңғы жылдары еліміз демографтары «2030 жылға дейін еліміздің халқы 20 миллион адамға дейін жетуі қажет» деген әңгімені айтып жүр. «Жақсы сөз - жарым ырыс». Алайда шын мәнінде осындай көрсеткішке жете аламыз ба? Бұл туралы шетелдік сарапшылар не дейді екен?

Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2008 жылдың 29 мамырында Ақордада бір топ қазақтілді БАҚ басшыларымен кездесіп, ұлттық жаңғыру және халқымыздың бәсекеге қабілеттілігі аясындағы келелі мәселелер бойынша берген кең көлемді сұхбатында: «ата-бабамыздан қалған жеріміз далиған дала. Халқымыз аз. Мына жақтағы Ресейге қарасақ та, мына жақтағы Қытайға қарасақ та біз азбыз. Өзбек ағайындармен салыстырғанда да көп емеспіз. Сондықтан да біз халықтың сапасына қатты назар аударуымыз керек. Дегенмен көптің аты - көп. Мысалы, дүниежүзінде қандай қобалжу, қандай қозғалыс болып жатса да Қытай былқ етпейді, себебі өзінің базары өзіне жетіп жатыр, шығарған өнімнің барлығын өзінің халқы сатып ала алады. Ресей де солай. Тіпті 70 миллиондай халқы бар Түркия да солай. Бес Франция сыйып кететін осындай алып территорияда небәрі 15 миллион 700 мың адам өмір сүріп жатыр. Сондықтан да біз қалайда көбеюіміз керек. Көбеймесек көсегеміз көгермейді. Санның сапаға айналмай қоймайтынын ұғынуға тиіспіз. Не шықса да көптен шығады. «Көп қорқытады, терең батырады» деп қазақ бекер айтпаған» деп еді.

Осымен қатар: «демографияның басты тетігі - табиғи өсім. Табиғи өсу бар. Енді осы қарқыннан айырылмауымыз керек. Ең бастысы - жаһандану заманы екен, нарық заманы екен, қымбатшылық екен деп жүріп халқымызға ежелден тән балажандылық дәстүрін үзіп алмау. Әр бала өзінің несібесін ала келеді. «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» дегенді қазақ тегін айтпаған. Сондықтан пейілді тарылтпайық. Мұны, әсіресе жастарға арнап, қадап айтамын - деп атап өткен еді.

Расында да, Қазақстан әлемдегі аз қоныстанған елдердің бірі екені белгілі. Еліміздің Статистика агенттігінің мәліметтері бойынша, 2010 жылдың 1 қыркүйегіндегі халық саны - 16189667 адамды құрады. Болашақта ше?

Оптимистік болжам:

Бұл болжам негізінде бірқалыпты демографиялық өсімге қол жеткіземіз. Мәселен, 2015 жылы 17,21 миллион адамға, 2020 жылы 18,33 миллион адамға жетеміз. Осы қарқыннан жаңылмасақ, 2030 жылы 20,23 миллионға жетпекпіз. Ал 2050 жылға қарай Қазақстан халқының саны 26 миллионнан асып түседі. Дегенмен бұдан да зор көрсеткіштерге жетеміз деген сенім бар.

Пессимистік болжам:

БҰҰ және Бүкілдүниежүзілік мамандарының пессимистік болжамы бойынша 2030 жылы Қазақстандағы халық саны 14,5 миллионға, ал 2050 жылы 12,6 миллион адамға азаяды. БҰҰ-ның сарапшылары Қазақстан халқын табиғи өсімі жоқ 51 мемлекеттің қатарына қосып жіберген сияқты. Мұндай пессимистік болжаммен 2015 жылы 20 миллионға иек артамыз деп айту қиын. Өйткені 20 миллионға жету үшін жыл сайын 670 мың сәби дүниеге келуі тиіс.

Жоғарыда БҰҰ еліміздегі экологиялық, әлеуметтік, демографиялық жағдайға қарап шындыққа жақын болжам жасады ма, ол жағын өздеріне қалдырайық. Дегенмен елдің қорғанысын қамтамасыз етіп, қоғамның тұрақты дамуы үшін Қазақстандағы халық санын 30 миллионға дейін жеткізу қажет. Жалпы, халқымыздың орташа жасы 26-27-де болғандықтан, әзірге жақсы өсім бар деуге болады. Болашаққа сол себепті үмітпен қарау керек. Дегенмен БҰҰ-ның бұл болжамы сенімсіз.

ӘЛЕМДЕ ШЕ?

Үшінші мыңжылдыққа Жер шары 6 млрд 100 млн адаммен өткен-ді. Жер бетіндегі халық саны онан бері 6,8 млрд адамнан асып түсті. Ал 2025 жылы бұл сан 7 млрд болмақ. Ал 2045 -2050 жылға қарай Жер бетінде қазіргіден 2,2 млрд адам артық өмір сүреді (9 млрд). Әлемде қартайған адамдар саны арта түседі. Ауыл өмірі экзотикаға айналады: адамзаттың 70 пайызы қалаларда тұрады (2008 жылы тұңғыш рет адамзат тарихында қала халқы ауыл халқынан асып түсті). Азия тұрғындарының саны артып, еуропалықтар азая бермек.

Қазіргі кезде дамыған мемлекеттерде 1 млрд 200 миллионнан астам адам бар, ал дамыған мемлекеттерге жатпайтын елдерде қазіргі кезде 4 млрд 800 миллионнан астам адам тұрады.

БҰҰ-ның есебі бойынша, 2050 жылға қарай адамзат тарихында алғаш рет жасы 16-ға жетпеген жас балалардан гөрі 60-тан асқан қарттардың саны едәуір көп болады. Бұл - әлем халқы «қартайып» барады деген сөз. Ал қай елдің халқы көбейеді немесе азаяды дегенге келсек, 2050 жылы Үндістан халқы 455 млн адамға көбейсе, Пәкстан 122 млн, Конго 120 млн адамға көбейеді. Көбейеді деген - дамиды дегенді білдіре ме, ол жағын білмейміз.

Ал енді Жапонияда - халық саны 25 миллионға, Ресейде - 33 миллионға, Украинада - 15 миллионға, Германияда - 8,4 миллионға, Польшада - 7,7 миллионға, Қазақстанда қазіргіден 3 миллионға азаяды деген болжам бар.

Керісінше АҚШ пен Канада халқы 100 миллионға артады деген үміт бар. Жалпы, 2005 жылдан бастап әлем халқы жылына 78 миллион адамға артып келеді, оның 75 пайызы дамушы елдердің үлесіне тиеді.

АЗ ХАЛЫҚТАРДЫҢ

ТІЛІ ЖОҒАЛАДЫ

ЮНЕСКО жақында жоғалып бара жатқан тілдердің әлемдік атласын жария етті. Ол бойынша 2,5 мың тіл алдағы уақытта өлі тілге айналмақ көрінеді. Ресейдің өзінде 30 тіл біржола құрып кетудің аз-ақ алдында тұр. Сібір мен Қиыр Шығыстың аз халықтарын айтып отырмыз. Соның бірі водь тілінде 12 шал мен кемпір ғана сөйлейді екен. Кеть тілінде Енисей бойында тұратын аз ғана адам сөйлейді. Кіші тілдердің жазба түрі жоқ, Дағыстанда 27 этникалық тіл болса, соның төртеуінің ғана жазуы бар екен.

Автор:
Ақтан ҚОҢЫР.