Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Отандық ревматологтар құқықтық базаның жетілуіне мүдделі


27 мая 2011, 14:00 | 1 700 просмотров



Астанада Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен Ревматологтардың І халықаралық форумы мен Орталық Азия және Қазақстан ревматологтарының ІІ конгресі өткені мәлім. Айтулы жиын қарсаңында Қазақстан мен Австрияның белді ревматолог мамандары арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, салада қордаланған мәселелердің қалай шешіліп жатқаны жайлы баяндады.

Мамандардың айтуынша, әлемдік статистика бойынша жасы 50-ден асқан азаматтардың 80 пайызына дейін әрқилы буын ауруларына шалдығады. Егерде бұрындары асқынған ауруларды дәрі ар-қылы жеңілдету мәселесіне басымырақ назар аударылса, соңғы кездері гендік инженериядағы жаңалықтардың арқасында буын ауруларын алдын алу, түпкілікті емдеп шығу мүмкіндіктері айқындалып жатыр екен. Жиынның мақсаты мен жалпы ревматология саласындағы соңғы жаңалықтармен отандық және шетелдік мамандар былай бөлісті:

Ғалымжан ТОҒЫЗБАЕВ, Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас ревматологы, медицина ғылымдарының докторы:

- Денсаулық сақтау жүйесінде «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы жұмыс істеп келеді. Оған сәйкес, ревматология бөлімдері бар республиканың бүкіл қалалық және облыстық ауруханаларын физио-терапиялық кешендермен жабдықтау мәселесі тұр. Бұл шара биылдан бастап іске қосылады. Яғни науқас азаматтар республикалық трансферт арқылы емді тегін қабылдай алады.

Осы күнге дейін салада шешілмеген мәселелер көп болатын. Жалпы, ревматологияда көп нәрсе қозғалмаған еді. Себебі саланы қамтитын құқықтық база болмаған. Бұл арада Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сай жұмыс істеп, құқықтық базаны жақсартып, Әділет министрлігіне бекітіп қойдық. Біз ревматологиялық кабинеттер мен бөлімшелерді, буынға енгізетін дәрілердің емдеу кабинеттерін, гендік инженерлік, биологиялық дәрілерді енгізетін кабинеттер ашуды жоспарлап жатырмыз. Мұның мақсаты не? Біздің жағдайда көптеген аурухана, емханаларда кез келген дәрігер кез келген жағдайда дәрілерді тізімге енгізе береді. Бұдан көптеген асқынулар пайда болған. Сол себептен біз мұның бәрін заңдастырып, тек ревматолог маман ғана осы мәселемен тікелей айналысуы керек деген ұғымды шығарып отырмыз.

Бурхард ФЛИБ, Австрия ревматологтары қауымдастығының бұрынғы басшысы, медицина ғылымдарының докторы:

- Біздің ревматологтар соңғы 30 жылда жаңа технологияларды қолданып келеді. Сондықтан әлемдік жаңа технологиялармен бірге қадам басып келе жатырмыз дей аламын. Біз аурулардың қалай пайда болып, қалай асқынатынын жақсы білеміз, бұл арада біз аурудың асқынбай емделуіне күш саламыз. Мәселен, ревматоидтық артрит ауруын емдеуде гендік инженериядағы биологиялық дәрілер көп қолданылады. Біз ультра дыбыстық диагностика арқылы ревматологиялық буын ауруларының алдын алу шараларына баса назар аударамыз. Біз остеоартроз ауруын алдын алу мен емдеу жолдарын жетілдіруде тәжірибе бөлісе аламыз.

Асқар СЕЙСЕНБАЕВ, Орталық Азия және Қазақстан ревматологтары қауымдастығының президенті, медицина ғылымдарының докторы, профессор:

- Біз шетелде өтетін ревматологтардың жиындарына жиі қатысамыз. Биыл Қазақстанда өтетін Ревматологтардың бірінші халықаралық форумы мен Орталық Азия және Қазақстан ревматологтарының екінші конгресі - ерекше атап өтерлік шара. Өйткені шетелдік үздік технологиялар Қазақстанға келіп, біз де өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік аламыз. Жоғарыда айтқанымыздай, бұл технологиялар гендік инженерлік терапиясымен де сабақтас. Қазіргі клиникалық иммунология ғылымының алда болуы да осыған себеп. Біз біраз нәрселерді жаңадан танып, біліп жатырмыз. Көп ізденіс бар.

Республика бойынша жаңа ғылыми толқынның да дәрежесі биік. Сондықтан біздің мақсатымыз - қашанда алда болып, науқас азаматтарға бар көмегімізді көрсету. Мұның бәрі дұрыс диагнозды қоюдан басталады. Егерде диагноз дер кезінде қойылса, онда кез келген ауруды жеңіп шығуға болады. Сондықтан қазіргі таңда әкелінетін дәрі-дәрмектер мен технологиялар ревматология мен жалпы әлеуметтік салаға көрсетілетін үлкен көмек болмақ.

Автор:
Кәмшат ТАСБОЛАТ