Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ӘР АДАМ ӨЗІНЕ ЖӘНЕ БАСҚАҒА КӨҢІЛ БӨЛУІ ҚАЖЕТ


13 мая 2011, 07:57 | 1 855 просмотров



Мен жаман қызметкер емеспін, өз кәсібімді және басқаның ісін қатты бағалаймын

М.Горький.

Талдықорған қаласы. Шамасы тоқсаныншы жылдардың ортасы болуы керек. Ол кезде Майра Бұрғанбайқызы облыстық аурухананың жарақат бөлімінде медбике-тін. Жұмыстан шаршап, орталық көшелердің бірімен келе жатқан-ды. Ойы тез үйіне жетіп, кешкі ас даярлап, балаларының сабағын бақылап, ерте жату. Бірақ...

- Майра апай, саламатсыз ба? – деген дауыс оны елең еткізді. – Байқаймын, танымадыңыз-ау. Мен Қайратпын ғой.

- Шынымды айтсам, шырамытқандаймын. Қайдан көргенімді есіме түсере алмай тұрғаным?-деп Майра Бұрғанбайқызы таныс та бейтаныс жігітке қарсы сұрақ қойды.

- Есіңізде ме? Мені Алакөл ауданынан сан-авиациямен осыдан үш-төрт жыл бұрын жарақат бөліміне әкелген болатын. Жол – көлік апатынан ауыр жарақат алған мені сіздің аялы алақаныңыз, кішіпейіл мінезіңіз, адамға деген имандылығыңыз аяғымнан тік тұрғызды емес пе? Мен сізді ұмытқан емеспін. Әрдайым есімде жүрдіңіз.

Қайрат облыстық ауруханада жатқан әрбір күнді, қатты қиналған сәттерді Майра апайына қаз-қалпында әңгімелеп келе жатыр...

Бұл кейіпкеріміз Кенжебекова Майра Бұрғанбайқызының ондаған, тіпті жүздеген адамға жасаған қамқорлығының бірі ғана шығар. Жұмыстан кейінгі бос уақытында қала көшесіне шыққан кездерінде жоқ дегенде өзінің қолынан жазылып шыққан бір адамды кез-дестіреді. Шүйіркелеседі. Бұл қарапайым медбикеге деген құрмет, бақыт десе де болады.

ӨМІРДЕРЕК

Майра Бұрғанбайқызы бұрынғы Талдықорған облысы Сарқан ауданы Ново-Покровка ауылында дүниеге келген. Әкесі Бұрғанбай аталған ұжымшарда есепші, анасы Гүлдариға балалар бақшасында тәрбиеші болып жұмыс атқарған. Майра берекесі мен бірлігі, ырысы мен ынтымағы жарасқан отбасындағы сегіз баланың төртіншісі.

Зерек өсті. Ойынқұмар. Кішкентайынан үлкен апайларынан бұйырған қуыршақтармен ойнағанды ұнататын. Өзінше оны емдеп, укол да салатын. Кішкене төсегіне жатқызып, қарайтын. Мұны көрген ата-анасы «осы баламыз адам жанының арашашысы болар» дейтін-ді.

Білімге құштар. Мектептің қоғамдық жұмыстарына белсене араласты.

1975 жылы білім шаңырағын бітіріп, Талдықорған медицина училищесіне оқуға түседі. Балалық арманы орындалады.

ЕҢБЕК ЖОЛЫ

Медицина училещесін 1980 жылы бітіріп, бір топ әріптестері мен бірге жолдамамен Талдықорған облыстық ауруханасы медбикелік жұмысқа орналасады. Аталған емдеу мекемесінің сол кездегі бас дәрігері Александр Иванович Пьянов «Сен өжет қыз екенсің. Жансақтау бөлімінде жұмыс жасауға лайық сияқтысың» деп үлкен сенім артады. Сырттай ауыр бөлім екенін естіп-біліп жүрген Майра бұл ұсыныстан бас тартпайды.

Бөлім меңгерушісі Виктор Николаевич Ким мен аға медбике Елизавета Селиверстовна Ярыгина жаңа келген қызды бөлімнің жұмысымен егжей-тегжейлі таныстырады.

- Алғашқы күн мұндағы шаруалар, негізгі міндеттер жайлы пысықтау күні ретінде өтті,-деп еске алады Майра Бұрғанбайқызы. – Бұдан соң нағыз ауыр да жауапты жұмыс кестесі басталды. Жол-көлік апатынан, өндіріс орындарында жарақат алған, «тілсіз жаудан» зардап шеккен науқастар жиі түседі. Кей кездері тілге келмей жан тапсырып жататындар да болады. Бұл бізге ғана емес, науқастың туыс-туғандарына да өте ауыр болатын. Жасыратын несі бар, кейбір адамдар дәрігерлер мен медбикелерді кінәлайды. Оған да төзу керек. Ауыр сөздер есту қиынның – қиыны екен. Менің жансақтау бөлімінде медбике ретінде қалыптасуыма Галина Петровна Таркованың сіңірген еңбегі ерен. Ол маған үнемі «Майра, шыда. Бас кезінде бәрі де қиын болады. Бара – бара бұл жұмыстың ауырлығын емес, аса жауапты екенін түсінесің. Сенің ісің, нау-қасқа деген көзқарасың, оған деген жанашырлығың қалыптасады. Бәріне уақыт пен шыдамдылық керек. Бойында ондай қасиеттің барын көріп тұрмын» дейтін.

Майра үшін Галина Петровна Таркова шын мәнінде тәлімгер-ұстаз болды. Науқасқа укол салу, система қою, ауыр жарақаттарды таңу, ЭКГ жасауды үйретті. Тіпті кезекшілікке де бірге тұрады. Тәлімгерімен бірге жұмыс жасау Майраға мереке іспеттес. Еш алаңсыз, асып-саспай, еркін қимылдап, дәрігерлердің науқастарға берген тиесілі ем-домын жасайды. Уақыт уыста тұрған ба? Зымырып айлар, жылжып жылдар өтіп жатты. Майра Бұрғанбайқызы аталған бөлімде қатарынан 6 жыл еңбек етті. Қиындығы мен қуанышы қатар жүретін бұл бөлімнің жұмысын әбден меңгерді. Күні кеше біреуден үйренуші болса, кейіннен жаңадан келген медбикелерді өзі үйретті. Реанимация бөлімі жұмысының ерекшелігіне баулыды.

ЖАРАҚАТ БӨЛІМІНДЕ

Жансақтау бөлімінде әбден ысылған Майра Бұрғанбайқызы 6 жылдан соң жарақат бөліміне ауысады.

- Еш қиналған жоқпын,-деп бүгінде еске алады Майра Бұрғанбайқызы. – Ұқсас жұмыс. Бірақ ауырлығы да баршылық. Түрлі жарақат алған адамдарды қабылдау, оларға дәрігер нұсқаған ем-дом жасаудың өзі қиын. Қинал-ғанда жанын қоярға жер таппайтын адамдардың көңілін аулау, тілін табу, жұбату оңай шаруа емес. Олардың ауыртпалығын бірдей көтере білу тек білікті, жанашыр, іскер де иманды жанның ғана қолынан келеді. Күндіз күлкі, түнде ұйқы жоқ күндер кешеміз,-дейді Майра Кенжебекова.

Аталған бөлімде Майра 22 жылдай жұмыс жасады. Қатардағы медбике, таңу және қан құю кабинеттерінде еңбек етті.

КЕҢЕС БЕРУ ДИАГНОСТИКА

ЕМХАНАСЫНДА

Майра Бұрғанбайқызы Кенжебекова туралы жазбақ болып емханаға келген едім. Қарбалас сәт, кезекте тұрған ондаған адам. Мен де кезектің соңын алдым. Арада бес-он минут өтті. Келген мақсатымды айттым.

- Уақытым болар ма екен,-деп қысылды.

- Оқасы жоқ, күте тұрамын, - деп орындыққа жайғастым. Шындығында бұл күні әңгімелесудің сәті түспеді. Сұхбатымыз қайта-қайта үзіле берді. Оған себеп, кезекте тұрған жандарға қызмет көрсету. Осыдан-ақ кейіпкер жұмысының аса жауапты, тынымсыз екенін түсіндім. Күніне жүздеген адамды қабылдау, оларға дұрыс бағдар, кеңес беру, қай дәрігерге қаралу, ол қай сағатта, қай дәрігер қабылдайтындығын жатқа білуінің өзінен-ақ, Майра Кенжебекова өз ісінің білгірі екендігіне тағы көзім жетті. Бір күн осылай аяқталды. Жүздескенімізбен толыққанды әңгімелесудің реті келмеді. Мамыражай мамыр айының алғашқы мерекесінен кейін кездесуге уағдаластық.

- Кешіріңіз, өткен жолы әңгімелесудің сәті түспеді. Жұмысымның ыңғайы солай ғой, - деп үзілген әңгіме қайта жалғастырды Майра Бұрғанбайқызы. – Міне, төрт жылдан бері кеңес беру диагностика емханасында медбикемін. Емдеу мекемесіндегі жаупты учаскелердің бірі осы. Себебі, күніне 200-250 адам кеңес сұрап келеді. Оларды қабылдау қажет. Облысымыздың аудан, ауылдарынан ат терлетіп келгендерге жөн сілтей білу, дұрыс бағдар беру, әркімнің жандүниесін түсініп, ақыл-кеңес айту әлбетте, өз ісін білетін, қызметін бағалайтын адамның ғана пешенесіне жазылған десем артық айтқандық емес. Маған осы учасекеде жұмыс жасайсың дегенде көп ойландым. Бірақ, мектепте, оқу орындарында, медицина саласында еңбек еткен жылдардағы ұйымдастырушылық, адаммен тілтабыса білуімнің арқасында бұл жұмысты тез меңгеріп кеттім,-дейді Майра Кенжебекова.

1987-1989 жылдар. Бұл аралықта кеңестік халықшаруашылығы қызмет көрсетудің жаңа үлгісі – мердігерлік әдіспен жұмыс жасай бас-таған-ды. Тың тәсіл медицина саласын да айналып өткен жоқ. Майра Бұрғанбайқызының іскерлігін, өз учаскесіндегі жауапкершілігін бағалаған емдеу мекемесінің басшылары оны мердігерлік бригаданың жетекшілігіне ұсынады. Қарамағындағы оншақты медбикелер мен кіші буын жұмысшылардың басшысы ретінде ол бұл істе де білгірлік танытады. Былайша айтқанда жаңа әдістің қыры мен сырын «ұршықша» иіріп әкетеді. Медицина саласына енгізіліп жатқан соны жаңалықтар, реформалардың іс жүзіне асуына өзіндік үлес қосады. Бұл да оның ізденімпаздығы мен жаңашылдығын аңғартса керек.

- Бала жастан кітапқұмармын. Өсе келе әкем аудандық, облыстық газет – журналдарды оқы деп кеңес беретін. 70-ші жылдардың балалары негізгі ақпаратты аталған басылымдардан алатын-ды. Медицинаны таңдаған мен осы салаға қатысты бұқаралық-ақпарат құралдарын арнайы жаздырып алатынмын. Жоғары оқу орнында білімімді шыңдай түспен арманым да болды. Бірақ, менің қалауым медбикелік-тін. Науқастырдың жанында болып, оларға сапалы қызмет көрсетіп, алғыстарын арқалап жүргенім мен үшін бақыт, мәртебе. Рас, күнде демейін, кезінде менің қолымнан ем алған бір адамды аптасында бір рет болса да кездестіремін. Күні кеше ғана Қайрат есімді бала, бүгінде орда бұзар отыздағы жігітті кездестірдім. Медицина саласында еңбек еткен 30 жылдан астам уақытты көз алдымнан өткіздім. Ойлап отырсам, менің еңбегім ескерілмей қалмапты,-деп еске алады Майра Бұрғанбайқызы.

Иә, оның еібегі ескерусіз қалған жоқ. Денсаулық сақтау саласы басқармасының, қалалық және облыстық әкімдіктің мақтау грамоталаларымен марапатталды, бағалы сыйлықтарға ие болды. Фотосуреті қаламыздың құрмет тақтасына бірнеше рет ілінді. Еңбекте, қоғамдық жұмыста өзін тек жақсы қырынан танытқан, Майра Бұрғанбайқызы міне, осындай.

ОТБАСЫ

Жолдасы - Серік Жұмабайұлы Кенжебеков: ішкі істер министрлігі салысының ардагері.

Қызы – Ардақ: жоғары білімді, Алматы қаласындағы белді фирмалардың бірінде экономист.

Ұлы – Асхат: әскерилендірілген қызметте.

ӘУЕСТЕУШІЛІГІ

Волейбол ойнайды, шаңғы спортымен айналысады. Әрине, қолы боста.

Ас әзірлеу мен үйдің тазалығы өз мойнында.

Кітап, газет-журналдарды оқуға уақыт табады.

Телеарналардан жаңалықтарды үзбей көреді.

Шетелдік телесериалдарды ұнатпайды.

Серуен құруды артық санамайды.

Автор:
Ырысбай КЕНЖЕБАЙҰЛЫ.