Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

МАУСЫМДА БЕЗГЕК ҚАУПІ КҮШЕЙЕДІ


6 мая 2011, 07:40 | 1 866 просмотров



Кеше бүкіләлемдік безгек ауруына қарсы күресу күніне орай, Алматыда санитарлық-эпидемиологиялық сала мамандары шағын жиын өткізіп, аурудан сақтану жолдарын әңгімеледі. Әлемде жыл сайын 500 миллионнан астам адам осы қатерлі дертке шалдығып, олардың 1 миллионы көз жұмады екен. Әсіресе, оңтүстік-шығыс Азия, Африка, Латын Америкасы елдерінде безгек ауруының белсенділігі жоғары. Рас, Қазақстанда бірнеше жылдан бері жергілікті деңгейде безгек ауруына шалдығу фактісі тіркелмегенімен, өзге елдерден дерт қоздырғышын жұқтырып әкелу оқиғалары кездесіп тұрады.

Елімізге безгек қаупі қатерін төгіп тұрмаса да, санитарлық-эпидемологиялық сала мамандарының халыққа сақтану шараларын ескертудің жөні бар. Өйткені алда жаз маусымы келе жатыр. Халықтың шет мемлекеттерге демалуға баратын уақыты. Оның үстіне безгек дертінің өршитін уақыты - оның қоз-дырғышын тарататын шыбын-шіркейдің көбейетін шағы - маусым-шілде айларына сәйкес келеді. Демек, «сақтықта қорлық жоқ» дегенді қаперден шығармаған абзал.

- Елімізде безгек ауруының ошағы болмағандықтан, шетелге барып келген азаматтар оның тасымалдаушысына айналып отыр. Сондықтан шетелге, оның ішінде, әсіресе, безгекке шалдығу қаупі жоғары мемлекеттерге сапар шегетін жандар болса, аурудың алдын алатын дәрі-дәрмекті қабылдаса дұрыс болады. Өйткені Әзірбайжан, Үндістан, Қыр-ғызстан, Тәжікстан, Пәкстан және Өзбекстан елдерінен сапардан және көшіп келген азаматтардың инфекцияны алып келуінің жекелеген оқиғалары тіркелді. Сондай-ақ шыбын-шіркейдің ас тағамдарын бүлдіруінен сақтанған абзал. Безгек болмағанымен, өзге де көптеген ауру инфекцияларының тасымалдаушылары болып табылатын бұл жәндіктерден үй ішін тазартып отырған жөн, - дейді эпидемиолог Гүлнар Тілеумұратова.

Безгек індетінің қаупі мойындалып, 2007 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының сессиясында бекітілген болатын. Содан бері қауіпті аймақтар жаһан дәрігерлерінің үздіксіз бақылауында. Қазақстанда да безгек эпидемиологиялық қауіп тудырмағанымен, сақтандыру шаралары тұрақты жүргізіліп тұрады. Елімізде безгекке шалдығу қаупі жоғары аймақтарға - Оңтүстік, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Маңғыстау облыстары мен Алматы қаласы жатады екен. Биылға әлі безгек дертіне шалдығу оқиғасы тіркелмесе де, өткен жылы инфекция жұқтырған Үндістан азаматы Ақтау қаласынан өз еліне қайтарылған болатын. Шүкірлігі ол ешкімге инфекция жұқтырып үлгермеген. Эпидемиологтар осы оқиғаға орай, қауіпті аймақтардан келген азаматтарды бақылауға алып отыру қажеттігін айтып отыр.

- Безгектің негізгі белгілері - дене қызуының жоғары болуы мен қалтырап тоңу. Еліміз-де безгек тарататын масалардың түрі көп болуы, көші-қон үрдісі, жағымды климат жағдайы мен жаһандық жылу - індеттің елде қайта өршуіне бірден-бір себеп болуы мүмкін. Безгек өте ауыр түрде өтеді, оның негізгі клиникалық белгілері: дене қызуының күрт көтерілуінен - ұстамалы қызба, қалтырау, қол, аяқ және бүкіл дене еттерінің ауырсынуы, бас ауруы басталады. Дене қызуы түскен кезде денені тер басып, жалпы әлсіздік пайда болады. Дұрыс және уақытында ем қабылдамаса қаны аздық, ағзаның әлсіреуі, жұмыс істеу қабілетінің жоғалуы пайда болады, кейбір кезде өлімге әкеліп соғуы мүмкін. Егерде осы жоғарыда көрсетілген белгілер пайда болса, жергілікті жердегі медициналық мекемеге қаралып, медициналық көмек алу қажет. Безгек ауруымен ауырғандарды дер кезінде анықтау ғана індеттің таралуына жол бермейді Сондықтан сақтық шараларын тоқтатуға мүлде болмайды. Өйткені безгек дерті бір күшке мініп алар болса, оны тоқтат қиынға соғады, - дейді Г.Тілеумұрат.

Автор:
Нұрболат АМАНЖОЛ