Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

БАЛАҢЫЗДЫ ТІЛ-КӨЗ ТИЮДЕН САҚТАНЫҢЫЗ!


6 мая 2011, 07:43 | 5 474 просмотра



Жасы бар, жасамысы бар ата-аналарды көп алаңдататын бір жай – балаға көз тию. Әсіресе, жас ата-аналар балаларының сәби кезінде «көз тиіп кетпесін, бәленбайдың көзі бар дейді…» деп күндіз-түні алаң күй кешеді. Бауыр еті баласы үшін қашанда ана жүрегінің лүпілі бөлек-ақ! Үйге қонақ келсе де, сыртқа қыдырып шықса да құйтақандай құлыншағын сұғанақ көздің, сумақай тілдің бәлесінен аман сақтау үшін естіген, білген амалын жасап әуре-сарсаңға түседі де жатады. Маңдайына күйе жағады, өңіріне көзмоншақ қадайды, киіміне жасырып тұмар тағады. т.с.с. Бірақ, бұл заттардың бөпені бәледен қорғайтынына өзі де толық сенбей көңілі қоңылтақсып, өзге біреу сәбиге қаратып әдемі сөздер айтса «тіфә, тіфә тілім тасқа» деп айтқызып тағы тіксініп, мазасыздана қалады. Қысқасы, маза беремейтін алаңдау, шошыну, үрей…

Көз тию шынымен бар нәрсе. Тіптен өте қауіпті. «Шын көз тиген адам (мал да) бірден жан тапсырады. Ал, сиқырлаған болса ауруы ұзақ уақытқа созылады, бірақ ол да оңалмайды» дейді Ислам ғалымдары. Жабыса қалса жан тәсілім қылатын бұл дертке күйеңіз де, моншағыңыз да көмектесе алмайды. Жеті тас, үш маржанымыз да ондай «қасиет иесі» емес екен. Сонда бұл пәлекеттен қалай сақтануға болады?

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) сүйкімді екі немересі Хасан мен Хусейінді көз тиюден сақтау үшін мына дұғаны әрдайым оқыған екен. «У ьизукумә би-кәлимәтил-ләһит-тәммәти мин кулли шәйтанин уа һәмматин, уә мин кулли ьайнин-ләммәһ». Қазақша мағынасы: «Сендерді бүкіл шайтаннан, әрі түрлі зиянкестерден және сұқ көзден сақтай гөр деп Алланың кәміл сөздерімен сыйынамын».

Бұл – сәбиді тіл-көзден сақтауға арналған дұға. Той-томалақ, үлкен-кіші қонағасы, сырт адамдар бар жерге сәбиді апарарда дәрет алып, балаңыздың атын айтып, іштей осы дұғаны оқығаныңыз дұрыс. Тіліңіздің икемі келмесе қазақша мағынасын айтуыңызға да болады.

Бұл дұғаның сәбиге қорған болмағының бір шарты бар. Ол – тек қана Алла Тағалаға деген шын ықылас-ниетіңізбен оқу. Егер балаңыздың киіміне (сән үшін болмаса) «тіл-көзден осы қорғайды» немесе «мынау адамның назарын өзіне тартып алады» деп әр түрлі әлпеншек-сәлпеншектер қадалған болса, онда жоғарыдағы шарт міндетті түрде бұзылады. Себебі, «тіл-көзден көзмоншақ та сақтауы мүмкін, Алла да қорғауы мүмкін» деген екі ұшты ой сіздің сеніміңізді екіге жарады. Сол арқылы Аллаға деген ықылас-ниетіңізді екіге-үшке бөлшектеп жібереді. Мұндай жағдайда адам баласы, бір нәрсені тек қана Алладан шын ниетімен сұрай алуы мүмкін болмайтындығы өзінен-өзі түсінікті. Онда әлгі дұғаңыз да кішкентай ботақанға қор-ған бола алмақ емес. (Кезінде дін Ислам жаулары мұсылмандардың әр дұғасы қабыл болуынан қорқып, осындай адастыру тәсілдерін ойлап тапқан ғой).

Егер жаңағы амалдарды орнымен, дұрыс атқара білсеңіз, жоғарыдағы мың үрей, жүз күмәннің бәрінен айығып, алдамшы, жалған діни соқыр сенімдерден арыласыз. Жоқ нәрседен қорқа бермей жүрегіңізді орнықтырып, табаныңызды нық басып, салихалы, саналы ғұмыр кешесіз. Иншалла сәбиіңіз де Алланың панасында, тіл-көзден аман болады. Шынында Өзі жаратып, Өзі ризықтандырған пендесіне Субхан Алла Тағаланың Өзінен басқа кім қорған бола алмақ!

Автор:
Тәукен АЙТБАЕВ, қари, Халифа Алтай Халықаралық Ислам қайырымдылық қорының ұстазы