Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

МЕЙІРБИКЕ МӘРТЕБЕСІН ҚАЛАЙ КӨТЕРЕМІЗ?


6 мая 2011, 07:48 | 2 390 просмотров



Медицинада науқастың денсаулығына дәрігерден кем жауап бермейтін орта буын қызметкер – мейірбике екенін бәріміз де білеміз. Иә, емнің дұрыс нәтиже беруі – медбикенің көрсетілген ем-домды сауатты да, қалтқысыз орындауында ғана емес, жаны қиналып жатқан науқаспен күндіз-түні бірге болып, жиі қарым-қатынас жасап, олардың көңіл-күйіне әсер ететін жанкешті еңбегіне де тікелей байланысты. Алайда, бүгінде денсаулық сақтау саласындағы ең басым мамандық иелерінің осы еңбегі, қызметі әділ бағаланып отыр ма? «Арқалағандары алтын, жегендері жантақ» болып жүрген мейірбикелердің мәртебесін қалай көтереміз?

Бұл сауалға Алматы медицина колледжінің директоры, медицина ғылымдарының докторы Дамир ДӘУЛЕТБАЕВ жау-ап береді.

– Дамир Абайділдаұлы, аталмыш мамандық иелерін даярлаудың басы-қасында отырған басшы, ұйымдастырушы, әрі ға­лым ретінде мейірбике ісіне деген көзқарасыңызды білгіміз келеді?

– Бізде медбикеге дәрігердің көмекшісі ретінде қарайды. Негізінде шет мемлекеттерде ондай ұғым жоқ. Біздегі дәрігерлер сияқты оларға мұрын шүйіре қарамайды, медбикені арнайы маман, дәрігердің сенімді серігі деп бағалайды. Дәрігер мен медбикенің әр­қайсысының өз саласы, өз қызметі бар дегенмен, түптеп келгенде, арбаның алдыңғы қос дөңгелегі сияқты, екеуі бірігіп бір бағытта жұмыс жасайды. Ал бізде Кеңес Одағынан қалған ұғым, медбике – орта буын маман, дәрігердің «барып кел, шауып кел», орындаушысы деп түсінеді. Егер бүгінде Қазақстанда 138610 орта буын медицина қызметкері болса, соның 97060-і мейірбике, қалғандары акушер, лаборант, т.б. Яғни, жүз мыңға жуық медбике – халықтың денсаулығын нығайтып, оларға қол жетімді, әрі тиімді медициналық көмек беруде бағалы ресурс болып отыр. Олай дейтініміз, медбике өз уақытының 70 пайызын науқаспен өткізеді.

– Сіздердің колледждеріңіз елімізде тұңғыш рет Қазақстан да медбике ісін реформалау тұжырымдамасын әзірлеп, оны өздеріңіздің білім беру жүйесіне ен-гізген бірден бір оқу орны. Осындай маңызды шешімге қалай келдіңіздер?

– Жалпы медбике ісінде ең тиімді модель – ол американдық үлгі болып саналады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Алматы шақары Американың Туссон қаласымен бауырлас-қалалар болғандықтан, олармен әріптестік іс-шаралар негізінде колледж ондағы медициналық оқу орындарымен қарым-қатынас жасай бастады. Сөйтіп, 1993 жылдан Пима медицина колледжі, Аризона және Миннесота университеттерімен тығыз байланыс басталды. Алғаш біздің мамандарымызды бастап колледж директоры Қалқаман Аяпов пен бүгінде денсаулық сақтау саласының үздік ұйымдастырушыларының бірі Амантай Біртанов ағаларымыз Америкаға барып, сондағы медбике ісінің қыр-сырын үйреніп, осы саладағы озық тәжірибені Қазақстанға әкелді. 10 жылдан астам уақыт бойына колледж американдық үлгімен медбике ісі мамандарын дайындаудың 4 деңгейлік жүйесімен оқытуды жүргізді. Алғашқы түлектеріміз 1995 жылы түлеп ұшты. Сол жылғы колледж өміріндегі тағы бір айтулы оқиға – Израильдің «Машав» білім беру орталығының орыс тіліне жетік екі оқытушысы келіп, шеберлік класын өткізген. Ал 1996 жылы американдық әріптестеріміз келіп, мамандық даярлауда өз зерттеулерін жүргізіп, қызметімізге оң баға береді.

– Осы озық үлгіні сол кезден-ақ республика көлемінде енгізуге болмады ма?

– Өкінішке орай, ол уақытта бұл үлгі заманнан тым ерте басталған жүйе болғандықтан, оны қабылдамады. Оның үстіне оқыту­дың көрсетілген жүйесін толықтай енгізуге тәжірибелік тұрғыда денсаулық сақтау саласы мүлдем дайын емес еді. Ал қазіргі уақытта кәсіптік және техникалық білімді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы қабылдан-ғаннан кейін, бұл жүйенің негізгі ережелері енгізілді. Колледж ұжымында шыңдалып-ұш-талған бұл жүйе Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеген 2010 жылға дейінгі денсаулық сақтау саласын реформалау тұжырымдамасында өз орнын тапты деуге болады, әрі осы жүйе негізінде С.Асфендияров атындағы Ұлттық медицина университетінде жоғары медбикелік білім факультеті ашылып, биыл түлектері диплом алады. Білім беру үрдісінде, әсіресе, клиникалық пәндерді оқытуда ДДҰ-ның бір­қатар бағдарламаларында, «Лемон» жобасы шеңберінде көрсетілген аймақтық еуропалық бюро ұсыныстарына сәйкес медбикелік технологиялар енгізілген. Бүгінде модель еліміз бойынша енгізілуде. Өйткені, сұраныс солай.

– Енді оның ерекшелігіне тоқтала кетсеңіз?

– Біріншіден, медбике ісіне кездейсоқ адамдар келмеуі керек. Олар адамға жаны ашитын, ауыртпашылықты бөлісе, көмек бере алатын, жүрегі жұмсақ жандар болуы тиіс. Өйткені, кейбір студенттер ата-анасының қалауымен немесе басқа оқу орындарына жолы болмаған жағдайда, шарасыздан келуі мүмкін. Міне, жаңа модель бойынша 1 курсты дұрыс оқымаған, талаптанбаған студент ары қарай курсқа көшпейді, не өздері басқа колледжге ауысып кетеді. Тек үлгерімі жақсылар 2 курсқа өтеді. Ал студенттің 2 курста үлгерімі болмаса, жалпы медбикелікке, яғни, тіркеу бөлімінде құжатпен жұмыс істейтін, физиотерапия, тамақ беретін медбике ісіне ауыстырылады. Жақсы оқыса, 3 курсқа өтіп, хирургия, жансақтау бөлімдерінде істейтін нағыз кәсіби білімді маман болып шығады. Төртінші деңгейде студенттерге дәріс бере алады.

Ал біздің оқу орнының қазіргі алға қойған мақсаты, біріншіден, медбике мәртебесін көтеру. Медбикеге жұртшылық та, дәрігерлер де атүсті қарамай, оларды дәрігердің нағыз серігі деген ұғымды қалыптасыруға күш салудамыз. Екіншіден, олардың жұмыс деңгейін көрсету. Ол деңгейде де үлкен іс-шаралар жасалынып жатыр. Үшіншіден, медбике ісін оңтайландыру. Мәселен, хирург операциясын жасап, емін айтып кетті делік. Ал медбике инесін салады, төсегін ауыстырады, тамағын береді, яғни, дәрігер 24 сағаттың ішінде науқаспен ең көп дегенде 4-5 минөт бірге болса, қалған жұмыстың бәрін медбике атқарады. Төртіншіден, колледжде ұстаздарды да, студенттерді де ғылыммен айналысуға баулып, барлық жағдай жасаудамыз. Өйткені, ғылыммен айналысқан адам жұмысын жоғары деңгейде атқаруға тырысады. Ал ол қашанда оң нәтиже бергізеді.

Ендігі мәселе, «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын ем ізде» деген қағидамен саламатты өмір салтын насихаттау.

Сондай-ақ үш тілділік мәселесін де қолға алдық. Студенттердің бір кәсіби сабағы ағылшын тілінде жүргізіледі. Конференциялар да ағылшын тілінде өтеді. Бір айта кететін жайт, бізде бұрын мемлекеттік грантқа конкурс болмаса, қазір ақылы бөлімнің өзіне бір орынға 2,4-тен келуде.

– Әңгімеңізге рахмет.

Автор:
Әңгімелескен Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.