Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Соғыстан келгенде, екі айдан кейін 18-ге толдым...


6 мая 2011, 07:50 | 1 714 просмотров



Мен әскерге 1943 жылы ерікті түрде өтініш беріп аттандым. Оған себеп, мен 7 жасымда жетім қалып, Көкпекті ауылында Семей облысындағы балалар үйінде тәрбиелендім. Сол тәрбиені үкімет алдында ақтап, фашистерден жерімді қорғап қалу үшін, ойланбастан әскер қатарына қосылдым. Соғыста 1 жыл 8 ай артелерист болып неміс басқыншыларымен шайқастым.1944 жылы аяғыма оқ тиіп, жарақаттанып, елге оралдым. Әскерден қайтып келгенде екі айдан кейін 18-ге толдым. Соғысқа аттанар кезде менің бойым 1,47 метр, салмағым 42 келі болды. Сол кезде партиотизм деген күшті болды. Соғыстан кейін Алматыдағы Кооперативный техникумының бухалтерлік бөлімін бітірдім. Ал соған дейін тек 5 сынып орта мектеп білімім болған еді. Одан кейін КазГУ-дің философия-экономика факультетін тәмамдадым. Павлодардағы «Научное произведственное объединение сборочных механизмов системы министерства тракторного сельского хозяйства машиностроения Союза ССР» кәсіпорнында 33 жыл, экономикалық қызметін басқарып, экономист болдым. 30 жыл халық төрағасы, штаттан тыс халықтық бақылау инспекторы болдым. Республиканың, облыстың, ауданның, министрліктің грамоталарымен ерекшелендім. Біз өмірдің соққысымен тәрбиеленіп өскен адамбыз. Қиыншылықпен жүріп, тек білімнің арқасында ғана көтерілдік. Егемендікті ата бабаларымыз аңсап кетті ғой. Соны бағалай білейік. Соның қызығын қазір көріп жатырмыз.

Астананың өзі жайнап, гүлдеп-өркендеп келеді. Есімде бір қызық жағдай бар. Студент болған кезімде мені құрбыларым қалжыңдап мазақтайтұғын «соғысқа бардым дейсің, окопта жатып, аяғыңды көтеріп, жараланып, енді үкіметтен зейнетақы алып отырсың»,- деп. Сонымен қатар есімде ерекше болған бір жағдай қалды. Мен ештеңе білмей, қазақ мектебінің 5-ақ класын бітіріп, 9-10 сыныптың әдебиет оқулықтарын жиып алып, дайындалғаным есімде. Сонау Жаңғыз төбе дейтін станциядан, екі балдақпен, аяғымның ісігі әлі кетпеген кезім-де, жастық салып алып, вагонның үстіне шығып, жіптерді байлап, ұстап, бір жарым тәулік сол вагонның үстінде, желдер деген қатты, соған қарамастан, әйтеуір Алматыға оқуға барғанмын. Сол кезде, мені тек бір нәрсе ғана жігерленді. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өлеңің ауызымнан шығармай, жүрегіме ұялаттым. Қарным ашқан, тамақ болған, күш жігер болмаған кезде қанаттардырған тек сол өлең шумақтары.

Шығамын тірі болсам адам болып,

Жүрмеймін бұл дүниеде жаман болып,

Жатқаным көрде тыныш жақсы емес пе,

Жүргенше өмір сүріп надан болып.

Автор:
Калимжан Әнуарбек Масаұлы, 85 жаста.