Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

…БІЗ АДАМДЫ ОНЫҢ ШЫНАЙЫ ІСІНЕН ТАНИМЫЗ


22 апреля 2011, 07:56 | 3 137 просмотров



Еңбек ету - өзіңді-өзің табиғат ал дында сынау және оның бұлжымас заңына бағыну.

Т.Картейль.

Елбасының тікелей қолдауымен еліміздің медицина саласында 2010 жылдан бері «Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі» бағдарламасы еніп, қазіргі таңға дейін өзінің жемісін бере бастады. Бірақ, мемлекетімізде жаңа жүйенің оң және шалағай жақтары да байқалды. Денсаулық министрлігі, жергілікті денсаулық сақтау басқармалары практикалық дәрігерлердің көмегімен кемшіліктердің алдын алып, халық денсаулығын жақсартуға енген соны жаңалықтың толыққанды қызмет ету жолдарын қарастыруда. Осы жүйенің бас-

табанынан медицина саласында қызмет етіп жүрген айдарымыздың бүгінгі кейіпкері - Талдықорған қаласындағы Алматы облыстық ауруханасы жарақат бөлімінің меңгерушісі, дәрігер травмотолог-ортопед, жас маман Монгол Анарбек Монголханұлы.

ӨМІРДЕРЕК

Анарбек қарапайым отбасында дүниеге келген. Кезіндегі Талдықорған облысы Андреевка (қазіргі Қабанбай ауылы) ауданының Бибақан ауылында есейді. Әкесінің есімі – Монголхан, анасы - Мағира. Аудан орталығындағы мектеп-интернатта 11- сыныпты бітірген соң Тараз қаласындағы мемлекеттік университетінің дайындық бөлімінде оқиды. Келесі жылы ол мемлекеттік грантпен Алматы қаласындағы С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетіне оқуға қабылданады. Осы білім ордасында дәріс алуымен қатар академик Алшынбай Рақыш-

ұлы Рақышевтің жетекшілігінде зертханада қызмет атқарады. Соның нәтижесінде студент кезінде мол тәжірибе жинайды. Жинаған тәжірибесінің арқасында Мәскеу қаласында өткен Халықаралық ғылыми - теориялық конференцияға қатысып, баяндама жасаған ол дипломант атанып қайтты. Бұл – Анарбектің студент шағындағы алғашқы жетістіктері!..

АРМАН ҚУҒАН АНАРБЕК

- Кез-келген адам мақсатына жету үшін әуелі оқу керек. Сонан соң еңбек етіп, тынбай іздену керек. Оқи жүріп, ҚР-сы Ғылым Академиясының академигі Рақышев Алшынбай Рақышұлының жетекшілігімен университеттің анатомия кафедрасында қосымша қызмет атқардым. Жалпы, адам анатомиясы құпияға толы, толық зерттелмеген ғылымдардың бірі. Жақсы дәрігер болу үшін бұл ілімді жақсы меңгеру керектігін профессор Алшынбай аға дәрістерінде жиі қайталайтын,-деп студенттік жылдарды еске алады бүгінде Анарбек Монголханұлы.

Кафедраның зертханасында жүріп Анарбек адам ағзасының құрылысын бір кісідей меңгеріп алды. Бұл оның келешекте білгір де білікті хирург болуына ықпал етті. Адам анатомиясы зерттеу ерекшеліктеріне байланыс-

ты бірнеше салаларға бөлінетіндігін, дәлірек айтқанда, жүйелік немесе қалыпты анатомия – адам денесінің құрылысын ағзалар жүйелері бойынша баяндалатынын нақты тәжірибеде өз көзімен көріп білді. Патологиялық анатомия – ауруға шалдыққан ағзаларды зерттейтінін, ал топографиялық анатомия – денедегі ағзалардың, тамырлардың, жүйке талшықтарының өзара орналасуын, арақатынасын талдайтындығы жөнінде мол мағлұматтар алды.

- Мен бірнеше жыл елімізге танымал хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор гепатолог Амангеллі Сейітқазыұлы Ибаділдиннің, доцент Бақыт Момынбекованың жетекшілігімен Алматы қаласындағы ірі медициналық орталықтарда тәжірибелік сынақтардан өттім,-деп әңгімесін жалғастырды Анарбек Монголханұлы. – Амангелді Сейіт-қазыұлымен болған уақыт өз алдына бір әңгіме. Білім мен ғылымды, тәжіри бен ізденісті ұштастыра білдім. Ғалым ағамен бірнеше күрделі операцияларға қатыстым. Профессор ағамыз бізге «хирургтың екінші көзі сендердің саусақтарың» дейтін. Маған хирургия-

ны тез меңгеруіме зертханада жұмыс жасағанымның көп пайдасы тиді. Сол студент кезімде мені медицина ғылымы, оның зерттеліп бітпеген ілімі қызықтыратын. Оқуды бітірген соң ғылыммен айналысамын деп бел буатынмын,-дейді. Бұл да – Анарбек Монголханұлының өзіне қойған басты талабы.

Әңгіме барысында Анарбек Монголұлынан «Өзіңмен бірге курстастарыңның арасында медицинаға «кездейсоқ келген» студенттер болды ма» деп сұрадым. Біраз ойланып, «Мен тектен – тек медицинаға келген адам емеспін. Бес саусақ бірдей емес қой. Курстастар арасында диплом алу үшін жүргендер де болды. Қазір олар осы ауыр да құрметті салада жұмыс жасап жүр деп ойламаймын» деп жауап берді.

Анарбек медицина университетін үздік бітіреді. Интернатураны жолдамамен Алматы облысы Іле ауданының орталық ауруханасында өткізеді. Мұнда оны білікті маман, аталған бөлімнің меңгерушісі Бектөре Қамиұлы қарсы алады. Бөлімнің жұмысы, мақсатынан ақпарат берген соң ол Анарбекті жеңіл-желпі операцияларға тартады. Сынайды. Сыннан сүрінбей өтеді. Бұдан соң күрделі операциялар жасауға да баулиды. Бұл ретте де Анарбек кәдімгі тәжірибелі хирург ретінде өзін көрсете біледі. Кезекшілікті де жауапкершілікпен атқарады.

-Бақытым мен бағым шығар,- дейді Анарбек Моңғолханұлы. – Мектепте де, жоғары оқу орындарында да алдымнан ақ жарқын ағаларым мен апайларым шықты. Білгендерін үйретті, білімге, ғылымға деген құштарлығымды оятты. Іле ауданында көп тұрақтаған жоқпын. Көңілім ғылымға ауа берген. Бірақ, бәрі де басқаша болды.., - дейді Анарбек.

Бірде анасы Мағира шешей: «Осы оқып-тоқығаның да жетер. Адам жанының арашашысы боламын демеп пе едің. Дипломың бар. Халқыңа қызмет ет.Елге де таныла бастадың. Енді Талдықорғанға келіп, дәрігер болып, адамдарды емдеуге біліміңді жұмылдырып, алғысына кенелгенің дұрыс шығар» деп аналық ақылын айтады. Ата-анасының сөзін жерге тастамайтын Анарбек біраз ойланып, бір шешімге келеді. Ол шешім – Талдықорған қааласындағы облыстық ауруханасында дәрігер болу.

-Қолыма барлық құжаттарымды алып Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасына келдім. Марқұм Ботайбек ағамызды кездестіріп, танысқан соң облыстық аурухананың бас дәрігері болған Маралбек Білісбекұлы мен Мандат Есенғараұлының көмектерімен жарақат бөліміне дәрігер-травмотолог ретінде 2006 жылғы тамыздың 14-де жұмысқа кірістім. Үш жылға жуық уақыт осы бөлімде қатардағы оташы болдым. Бөлімшеде білімімді аямай, қиналғанда қол ұшын берген ұстаздарым Бексұлтан Бабашұлы, Қайыр Қабылбекұлдарының алдында қашанда басымды иемін. Көп ұзамай 2009 жылдың көктемінде аталмыш бөлімнің меңгерушісі қызметіне тағайындалдым,-дейді шын мәнінде еңбек жолын ақ желеңді абзал жан ретінде бастаған Анарбек.

-Қазір техниканың дамыған заманы. Әлемдік статистикаға жүгінсек, жарақаттар алу салдары жол-көлік апаттарынан болады екен. Басқа аурулар сияқты емес, кенеттен болатындығынан оның ауырлығы да күрделілігі де ерекше. Кездейсоқ апаттардан болатын жарақаттар да әртүрлі. Дәрігер бірінші кезекте операциядан соң науқасқа бұл әрекет қандай нәтиже беретіндігін ойдан тағы шығармау керек. Мүмкіндігінше тірек-қимыл жүйесін қалыпқа келтіретін, аман алып қалатын жайларды әбден ескерген абзал. Бірақ, бәрі біз ойлағандай бола бермейтіні тағы белгілі.

Бөлімде күнделікті 4-5 операция жасалады. Кадр мамандар жеткілікті. Материалдық – техниқалық базамыз уақыт талабының 60-63 пайызына сай. Жылдан – жылға қажетті құрал жабдықтармен аздап болса да толықтырылуда. Мақтанарлығы - біздің бөлім жарақаттар бөлімдері арасында Республика көлемінде жасалынатын соңғы операциялары бойынша алғашқы төрттіктің қатарында. Айтар болсақ, түтікті сүйектердің блокиреуші остеосинтез операциялары, жамбас буынының эндопротез операциялары және де тағы басқа да жасала бастады. Келешекте, яғни осы жылдың екінші жарты жылынан бастап, егерде эндопротезбен қамтамасыз етілсек, облыстағы деформирлеуші коксартрозбен сырқаттанушы науқастарды Алматы, Астана қалаларына бағыттамай-ақ, өзімізде емдейтін боламыз.

2010 жылы Астана қаласының травмотология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты мамандарының қатысуымен Алматы облысы әкімінің денсаулық сақтау басқармасының бастығы Маралбек Білісбек-ұлының және облыстық аурухана директоры Тұрлыбек Жоламанұлының ұйымдастыруымен «Травмотология және ортопедияның өзекті мәселелері» тақырыбында халықаралық мамандардың қатысуымен өткен ғылыми – тәжірибелік конференция өткіздік. Мұндағы мақсат травмотолог-дәрігерлері арасында тәжірибе алмастыру. Бұл басқосуға Республикамыздың барлық облысынан келген травмотолог-ортопед дәрігерлері және 7 мемлекеттен келген қонақтар куә болды. Қазіргі таңда өз бөлімімізде соңғы әдістемеге сай күрделі операцияларды жасауда аурухана директоры Мұрат Көмекұлының басқаруымен жүзеге асырудамыз. Басты міндетіміз Алматы облысы халқына толыққанды көмек көрсетуге бар күшіміз бен білімімізді жұмылдырамыз,-дейді әңгіме соңында Анарбек Монголханұлы.

Жас та болса іскер. Ізденімпаз. Бірінші кезекке жұмысын қоятын Анарбек үлкенге іні, кішіге аға. Ол аса кішіпейіл де. Алдына араша іздеп келген жандарды жылы шыраймен қарсы алып, жан дүниесімен жәрдем беруге тырысып бағады. Мұқият тыңдайды. Қолынан келгенін аямайтын азаматтардың бірі.

Әңгімеміз бұдан әрі де жалғаса беруі керек еді, сыртта күтіп тұрған науқас жандарға оның көңілі алаң бола берді. Мертіккен, түрлі жарақат алған, қапыда қатерге ұшыраған... не түрлі аурулар оны күтіп, медет тілеп тұрған еді. Амал жоқ, енді-енді жан-дүниесін аша бастаған ініммен «тағы да жолығысармыз» деген тілекпен қоштаса бердік.

ТҮЙІН,

Анарбек Моңғолханұлының жұмыстан бос уақытындағы әуестен-

ушілігі жайында бірер сөз. Анарбек ініміздің ең бірінші қымбаты – ол асыл жары Керемет. Екеуінің ермегі сүйікті қызы Әсия мен ұлы Марғұлан. Көркем және классикалық әдебиеттерді оқуға да мүмкіндік табады. Көпшіл. Бірақ, той-томалаққа сирек барады. Бұдан басқа да жағымды қасиеттері баршылық. Ең бастысы – еңбекқор, кең де кішіпейіл.

Автор:
Ырысбай АҚАДЫҚҰЛЫ.