Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

МЕНОПАУЗА ЖӘНЕ КАЛЬЦИЙДІҢ АЗАЮЫ


15 апреля 2011, 07:48 | 2 955 просмотров



Әйелдерде менопауза кезінде сүйекте кальцийдің жетіс-пеуінің пайда болуы (остеопороз) кальцийдің алмасуын және оның сүйекке жетуін реттейтін негізгі әйелдік гормон эстрогеннің жетіспеуімен байланысты. Әдетте оның белгілері 51-75 жас аралығында білінеді. Сонымен қатар тым ерте және кеш те байқалуы ықтимал.

Сенильді остеопороз, жас ұлғайған кезде кальцийдің азаюымен және сүйек тканьдерінің бұзылуы мен жаңа тканьдердің пайда болуы жылдамдығы арасындағы тепе-теңдіктің сақталмауына байланысты.

Сенильді дегеніміз, бұл жағдайдың әдетте 70 жастан асқандарда пайда болатындығын білдіреді және ол әйелдерден гөрі ерлерде жиі кездеседі. Остеопороз 5 пайыздан кем жағдайда басқа да бір ауру немесе белгілі бір дәрілерді пайдалану салдарынан орын алуы ықтимал. Мұны екінші остеопороз деп атайды. Ол мәселен, бүйректің созылмалы ауруы немесе гормондық ауытқу (әсіресе қалқанша бездер ауруы) байқалғанда пайда болады. Шектен тыс көп алкоголь ішу және темекі тарту бұл ауруды одан сайын қоздыра түседі. Сүйекте кальцийдің азаюының өте сирек кездесетін ювенильді деген түрінің себептері әлі белгісіз. Ол гормондар мен қанттағы дәрумендер деңгейі қалыпты сүйек тығыздығының кеміуіне ешқандай себеп-салдар кездеспейтін балалар мен жас адамдарда байқалады. Әйелдерде сүйекте кальцийдің азаюына не ықпал етеді? Оның себептері төмендегідей болып келеді: отбасында біреуде аурудың болуы, тамақ құрамында кальцийдің жетімсіздігі, отырып жұмыс істеу, нәсіліне қарай, дене бітімінің тым артық болуы, жүктіліктің болмауы, менопаузаның ерте басталуы, темекі тарту, спиртті ішімдікті көп пайдалану.

Сүйектің тығыздығы біртіндеп азаяды, сол себепті бастапқыда аурудың белгілері білінбейтін де болады. Кейбір адамдар оны мүлде сезінбейді. Сүйектің тығыздығы әбден азайып, ол бұзылып, сына бастағанда ауырып, қисая бастайды. Омыртқаның компресстік сынығы пайда болғанда адамның белі үнемі ауырып тұрады. Сүйекте кальцийдің азаюы орын алғанда кенеттен немесе сәл жарақаттан омыртқаның сынуы мүмкін. Ондайда арқада кенеттен ауру пайда болады, адам тұрып тұрғанда немесе жүріп келе жатқанда ол жан-

ға батады. Зақымданған жер қол тигізгенде де ауруы мүмкін, алайда ол бірнеше апта немесе айда басылады.

Егер бірнеше омыртқа сынса бұлшық еттерге салмақ түсіретін және ауыр, жанға бататын оның қисаюы орын алады. Кальцийдің азаюынан сәл салмақ түссе немесе құлағанда басқа сүйектердің тез сынуы мүмкін. Жас ұлғайған кезде мүгедектіктің басты себебі болатын жамбас сүйегінің сынуының бір себебі осында жатыр. Сонымен қатар остеопорозы барлардың сынған сүйегі оңайлықпен жазылмайды. Сондықтан да оны емдегеннен де алдын алған жөн. Ол үшін сүйектің тығыздығына қажетті мөлшерде кальций, кейбір адамдарға дәрі қабылдау қажет. Отыз жасқа дейінгілер үшін тиімді шара –кальцийді мөлшерлі қабылдау, ол егде тартқан кезде де пайдалы. Күніне екі стақан сүт (сүт –кальцийдің басты көзі) және Д дәруменін қабылдау орта жастағы дені сау әйел сүйегінің тығыздығын арттырады. Алайда көптеген әйел остеопороздың алдын алу мақсатымен кальцийді таблетка түрінде қабылдайды. Кальцийдің көптеген препараты бар, олардың кейбіреуінің құрамында Д дәрумені бар. Кальцийдің тәуліктік мөлшері -1,5 грамға жуық. Сүйек тығыздығының артуына сүйекке салмақ түсіретін жаттығулар, жаяу жүру, баспалдақпен көтерілу де жақсы көмектеседі. Ал салмақ түсірмейтін, мәселен, суда жүзу сияқы жаттығу сүйек тығыздығына әсер етпейді.

Сынық кезінде остеопороз оның белгілеріне және жалпы тексеру мәліметтері мен сүйекті рентгендік зерттеу негізінде анықталады. Басқа зерттеулер оны жою жолдарын белгілеу үшін қажет. Алайда остеопорозды сыныққа дейін де анықтауға болады. Ол үшін сүйектің тығыздығын бағалауға мүмкүндік беретін кейбір зерттеулер жүргізіледі. Оның барынша дәл тәсілінің бірі - әдеттегі рентгендік зерттеуге қарағанда сәулелендіруі аз болатын рентгендік абсорбциометрия. Бұл зерттеу ауыртпайды және қауіпсіз, 5-10 минут жетіп жатыр. Бұл ауруды емдеу –сүйектің мықтылығын арттыру деген сөз. Оның жеңіл түрінде кальцийге қоса Д дәруменін қабылдаса жетіп жатыр. Менопауза кезінде асқынып бара жатқан немесе ауыр түрінде әйелдерге эстрогендер белгіленеді. Ол аурудың дамуын азайтады немесе тоқтатады.

Остеопороздан зардап шегетін ер адамдар да әдетте кальцийді және әсіресе ағзасы кальцийді сіңіре алмаса Д дәруменін қабылдайды. Сондай-ақ қанда тестостерон деңгейі төмен болса, тестостерон препараты белгіленеді. Не десек те аурудың белгілері байқала бастағанда дереу білікті маманға қаралып, сауатты ем қабылдаған жөн. Ең бас-

тысы азық-түлік құрамында кальцийдің жеткілікті болуын қамтамасыз ету екенін ұмытпағайсыз.

Автор:
Ф.НАСИРОВА,Сумбе ауылдық ауруханасының терапевт-дәрігері Райымбек ауданы.