Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Созылмалы йодтапшылығы және оның алдын алу


9 октября 2009, 22:27 | 3 023 просмотра


ЙОД- адамға өте қажет микроэлементтердiң бiрi. Ол қалқанша бездiң гормондарының құрамына кiредi. Йод жетпеген жағдайда қалқанша бездiң қызметi нашарлайды, ағзадағы зат алмасу процестерi өзгередi, төмендейдi.

Ересек адамдарға күнiне 10-нан 300 микрограмға дейiн йод тамақпен, сумен және ауамен енуi керек. Егер узақ уақыт осы деңгейдiң ең төменгi шегi орындалмаса, адамдарда созылмалы йодтапшылық пайда болады. Кәзiр созылмалы йодтапшылық кең тараған. Бүкiл планетаның 1/3 бөлiгi осы жағдайда өмiр сүруде. Бiзде 60-70жылдары жүргiзiлген зерттеулерде мұндай аймақтарға Қазақстанның тең жартысының көбi жатады делiнген, әсiресе оңтүстiк Қазақстан, Алматы, Шығыс-Қазақстан облыстары.Соңғы онжылдықтарда жағдай бұрынғыдан да нашарлады, эндемиялық зобтың ошақтары көбеюде.

Йодтың жетпеуiн әсiресе балалар мен жүктi әйелдер тез сезiнедi. Әйелдер ауыр босанады, жаңа туылған балалар тез шетiнейдi, әлсiз болады, кейбiреуi туа бiткен гипотиреозбен ауырады- қалқанша без гормондарының жетiспеушiлiгi- баланың интеллектуалдық қабiлетi төмен болады, бойы да, ойы да өспей мүгедек болып қалады. Йод жетпейтiн аймақтарда халықтың интеллектуалдық деңгейi басқаларға қарағанда 10-15 пунктке төмен. Ал йодтапшылық өте қатты сезiлетiн аймақта әлеуметтiк –экономикалық жағдай төмендей бередi, өйткенi халық ақыл- санамен iстелетiн қызметтi iстей алмайды.

Йодтапшылық басқа аурулардың қозуына да әсер етедi, әсiресе қан аздық көбейедi, оның ауыр түрлерi жиi кездеседi, сондықтан қаназдықты емдегенде йод препараттарын қосып беру керек. Сонымен қатар, йодтапшылықтан ағзаның өзiн-өзi қорғау қабiлетi нашарлайды.

Йодтапшылыјтың тек қана денсаулыққа ғана емес, энономикаға да үлкен зияны тиетiнi белгiлi болды.

Сондықтан да, оның алдын алу өкiметтiң араласуымен шешiлетiн маңызды мәселе ретiнде қаралу керек.

Йодтапшылықтың алдын-алудың ең бiрiншi жолы йодталған тұз қолдану.

Йодлталған ашытқы, нан, сүт, айран,т.б. онша маңызды емес.

Әр адам өзi, өз айналасындағы бала-шағасы, туыстарындағы йодтапшылығының алдын алумен айналысуы керек. Ол үшiн йодтың препараттарын күнделiктi қабылдау керек.

Ең сапалысы-калий йодиды: 9жасқа дейiнгi балаларға-50мкг, 9жастан жоғары балаларға-100мкг, жасөспiрiмдерге-100-150мкг, жүктi және бала емiзетiн әйелдерге 200мкг калий-йодидiн қабылдау керек.

Халық арасында 5% йод тұнбасын қолдану кең тараған, бұл өте қате және қатерлi әдiс, өйткенi бұл жағдайда ағзаға артық йод түсуi мүмкiн. Артық йодтан улы жемсау ауруы пайда болады.

Теңiз капустасы және басқа да теңiз тағамдарын йодтапшылықтың алдын-алу үшiн қолдану жеткiлiксiз.

Сонымен қатар, соңғы кезде жиi қолданылатын биологиялық белсендi қоспалардың да әсерi аз.

Сондықтан, ең тиiмдi әдiс- калий йодидiн қолдану.

Бiздiң және бiздiң балаларымыздың денсаулығы өз қолымызда.

Шелек емханасында йодтапшылықтың алдын-алу үшiн көп жұмыс жүргiзiледi;

Халық арасында әңгiме, лекциялар оқылады, эндемиялық зоб табылған жағдайда аурулар есепке алынып, емделедi, йод препараттары, керек болса қалқанша без гормондарын беремiз, жасөспiрiмдер мен жүктi әйелдерге ерекше көңiл бөлiнедi, оларға зобтың алдын алу үшiн йод препараттары тағайындалады.

Жүктi әйелдерге йод препараттары тегiн берiледi.

Осы шаралардың арқасында 2006 жылға қарағанда 2008ж. эндемиялық зобпен алғаш рет есепке алынған аурулар саны әлдеқайда азайған.

2006ж- 91ауру есепке алынды.

2007ж- 85, 2008ж.-42 ауру алынған.

Автор:
Г.С. Атабаева, дәрiгер-эндокринолог МКҚК Шелек а.”Ауылдық ауруханасы”