Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

АУЫЛЫМ - ӘНІМ ЖЫР, ТЕРМЕ


25 марта 2011, 13:51 | 2 538 просмотров



Қазақы дастарқаным

Бүгінгі ел ішінде

Дәстурді жалғастырған.

Татулық белгісі ме,

Жағалай малдас құрған.

Қайырмасы:

Ей, менің асқар тауым,

Қазақты дастарқаным.

Өзіңісің бақ-берекем,

Ақ қайнар бастауларым.

Анаға ақпейілді

Иілсе келін балаң,

Ықылас, ізет еткен

Сыйластық елін табам.

Қайырмасы.

Дәм татар талай ғасыр,

Ұрпақтар абай болсын.

Кірлетпей, таза ұстасын

Халықтың шарайнасын.

Қайырмасы.

Тамаша

Тамаша той-думанмен таң атырса,

Сол кезде жанында әсем жан отырса.

Тамаша жексенбі күн көл басында,

Тұнықтан балық аулап бала отырса.

Тамаша тойлы ауылдың түнін көрсе,

Түнде сол айдай сұлу теңін барсе.

Тамаша достарыңмен дала кезіп,

Торқалы туған жердің гүлін терсе.

Тамаша қырдан қызыл түлкі ауласа,

Түлкіге құмай қосып қиқулатса.

Тамаша қанжығаңды қандап қайтсаң,

Тамаша соның бәрі мүмкін болса.

Тамаша жүргенді ыстамаса,

Таршылық жан-жағыңнан қыстамаса.

Тамаша тамаша емес бірақ та ол,

Бір мезгіл кетпен-күрек ұстамаса.

Гүл Наурыз

Көктем көркем тіршіліктің шуағы,

Тамылжиды, күліп аққан бұлағы.

Албырайды нәзік үлпек бүрлері,

Тербетіліп сәмбі талдар сырғалы.

Қыр өңірлер жұпарланған құлпырып,

Аққан жылға, сайраған құс сыр тұнық.

Көңіл сезім ғажап сазын шертеді,

Мұнар көшіп, самал есіп, күн күліп.

Көктем кербез ару қыздай керілген,

Жаңбыр тамшы, мөлдір моншақ төгілген.

Өзен тулап, мұзы қатқан сетінеп,

Тұман көшкен, боз шудасы өрілген.

Желкілдейді қыр балғыны үлбіреп,

Ой толқиды жанға ләзат бір үн кеп.

Шабыт билеп әкетеді еріксіз,

Заңғарларға арман, қиял күй билеп.

Ырық бермес көктем іңкәр еш тағат,

Жан құмары бүрлер ашқан бір ғажап.

Сұлулығын шексіз айтып бітпейсің,

Тау мен дала, өзен, бұлақ, тұнған бақ.

Наурыз ару-қуаныш жыр наздары,

Қиқулаған тырна, аққу, қаздары.

Сылаңдаған жылға, желек көк жұпар,

Гүл мереке, елімнің бақ таңдары.

Автор:
Серікбай Тұрлан. ақын, географ мұғалім. №10 Шоқан атындағы мектеп-гимназиясы.