Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Халық емінің аясы кеңімек


25 марта 2011, 13:57 | 2 114 просмотров



Бүгінде Қазақстан – Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттің бірі. Еліміз Ұйыммен ықпалдасуды өзінің сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі ретінде қарастыра отырып, оған ерекше мән береді. Сондай-ақ, Ұйым аясында экономикалық, мәдени-гуманитарлық, әлеуметтік салаларда өзара ықпалдасу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, 2007 жылы ШЫҰ отырысында Ресей Федерациясының президенті В.В.Путин Ұйымға мүше елдер басшыларына денсаулық сақтау саласын да қамту жөнінде ұсыныс жасаған болатын. Ол ұсыныс барлық ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларынан қолдау тапты. Сөйтіп, 2008 жылдың желтоқсан айында Ресей жағы ШЫҰ-ның Дәстүрлі медицина академиясын құру жөнінде қанатқақты жоба ұсынған еді. Осының негізінде 2010 жылдың 10 тамызында Мәскеуде ШЫҰ-ға мүше Ресей, Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Әзірбайжан (бақылаушы) Дәстүрлі медицина академиясы бөлімшелерінің ынтымақтастығы жөніндегі меморандумға қол қойды. Ал 2010 жылғы 25 желтоқсанда Душанбеде бас қосқан ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер үкімет басшылары осы құжатты рәсімдеп, қол қойды.

Бүгін біз ШЫҰ шеңберінде Дәстүрлі медицина академиясын құру жөніндегі ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің өкілі, Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы «ҚР халықтық және рухани емшілер» мекемесінің, сондай-ақ ШЫҰ-ның Дәстүрлі медицина академиясы Қазақ бөлімшесінің директоры, медицина ғылымдарының кандидаты Шәкен ШЫНТАЕВҚА жолығып, осындай беделді ұйымның денсаулық сақтау саласында алдағы уақытта атқарар жұмыстары, сонымен қатар, еліміздегі халықтық медицинаның бүгінгі ахуалы жайында айтып беруін өтінген едік.

– Шәкен Мұқанұлы, алды мен Дәстүрлі медицина академиясы мен өздеріңіз қол қойған меморандумның мақсатына тоқтала кетсеңіз…

– ШЫҰ-ның Дәстүрлі медицина академиясы бөлімшелерін құру – осы Ұйым Хартиясының негізіне сүйене отырып, жүзеге асырылмақшы. Бір айта кетерлігі, Ұйымда осы уақытқа дейін денсаулық сақтау саласы қамтылмаған екен. Тек соңғы жылдары бұл салаға мән беріліп, осы мәселені көтеруді қолға алған. Ол үшін ШЫҰ-ға мүше алты мемлекеттің халық медицинасы саласымен айналысатын мекемелермен ақылдаса келе, ШЫҰ-ның Дәстүрлі медицина академиясын құру жөнінде бір шешімге келген. Оның штаб-пәтері Пекин мен Мәскеу қалаларында орналасқан. Қалған төртеуі солардың жеке бөлімшесі болып саналады.

Былтыр Шанхайда ШЫҰ шеңберінде 60-тан астам мемлекет қатысқан дүниежүзілік көрме өтті. Сол көрменің бір саласы халықты сауықтыру жолына арналды. Оны қалай сауықтырамыз дегенде, осы дәстүрлі медицина академиясын құру қажеттігі айтылды. Біз тоғыз күн Шанхайда болғанда, сол құжатқа қол қойып, әр мемлекет өз елінде дәстүрлі медицина академиясын құратын болып келістік. Ал оның жұмысын одан әрі жүргізуге қолдау көрсету Ұйымның, қала берді біздің үкіметтің құзырындағы мәселе.

Ал бағдарламаның мақсатына келсек, ол үш негізден тұрады. Біріншісі – дәстүрлі медицина бойынша кадр мәселесін дайындау, екіншісі – олардың білімін жетілдіру, үшіншісі – дәстүрлі медицинамен халықты емдеуді жоғары ғылыми тұрғыда негіздеу. Ғылыми тұрғыда негіздеуге химиялық қоспасыз дәрі-дәрмек дайындау кіреді. Яғни, адамды табиғи жолмен емдеп, сауықтыру. Мысалы, сүлік салу, шөппен емдеу, нүктемен үгу, үзу, ине салу, био-космо өрісті қолдану тәсілдері, т.б. Сонымен қатар, дүние жүзіндегі халық емшілігінің жетістіктерін насихаттау, оларды тәжірибеден өткізе отырып үйрету, үйрену. Осы мәселеге қатысты жер-жерлерде өтетін конгресс, симпозиумдерге қатысып, үлес қосу. Ағарту мәселесінде барлық еңбектерді тұжырымдап, кітап шығару, әдістемелік құралдар дайындау, оны дәрігер, емшілерге жеткізу.

Ал қол қойған меморандум бойынша ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасында халықтық медицина саласында өзара байланыс орнатып, ғылыми-зерттеуде, дипломнан кейін білім беруде, медицина мекемелері арасында, инновациялық технология, телемедицина саласында, біріккен сауықтыру жобаларында ынтымақтаса жұмыс жасау көзделуде. Бұл ретте өз тарапымнан айтарым, тек ғылыми медицина ғана елдің болашағы деп түсіну және соған қызмет жасау қате түсінік деп білемін. Мәселен, қытай ғылыми да, дәстүрлі медицинаны да қатар алып келеді емес пе… Иә, Қытай дәстүрлі медицинаға бейім. Олар операцияны мойынсынады, ал қалған ауруды халықтық еммен сауықтыруды жөн көреді.

– Сонымен, Қазақстанда дәстүрлі медицина академиясын құрдыңыздар ма?

– Сыртқы істер министрлігі мұндай академияны құрып, ашуға Шынтаевтың құқығы бар деген мәлімдеме жасады. Оған халық медицинасын он сегіз жыл басқарған еңбегім негіз болуы керек. Расында да, осы уақыт аралығында біраз жақсы дүниелер жүзеге асты. Тіпті, бұған дейін 2008 жылы Құртқа тәуіп атындағы дәстүрлі медицина академиясын құрған болатынбыз. Соны айтқан едік, ол кісілер оған келісім берді. Сөйтіп, құжаттарды жинап, ШЫҰ-ның ұлттық үйлестірушісі С.Нұрышевке, біреуін Денсаулық сақтау министрлігіне жібердік. Бүгінге дейін Мәскеуде академияның екі рет дөңгелек үстелі, үшіншісі Шанхайда өтіп, онда бағдарламаның тұсауы кесілді.

– Сонда бұл жаңадан құрылған академия коммерциялық құрылым ба?

– Жоқ. ШЫҰ жағдайында академияны коммерциялық құрылыммен ашуға болмайтын көрінеді. Сондықтан құрған академиямыз ШЫҰ ережесіне сәйкес келеді. Академия жұмысы Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында болмақ.

–Академияның қанша мүшесі бар?

–Қазіргі таңда 32 адам мүше.

–Шәкен Мұқанұлы, сөздің реті келіп тұр, енді әңгімені халық емшілері саласына бұрсақ. Білуімізше, бұрын халық емшілеріне заңды түрде емдеу үшін лицензия берілсе, қазір сертификат алулары қажет көрінеді. Олардың айырмасы неде?

– Бұл мәселені айтпас бұрын, алдымен елімізде осы күнге дейін үш рет қабылданған Халық медицинасы туралы заңға тоқталғым келеді. Өйткені, мұндай заң дүние жүзінің бірде-бір мемлекетінде жоқ. 1997 жылы тұңғыш рет Елбасы қол қойған Заң халық емшілерінің көзін ашты. «Денсаулық сақтау туралы» Заңның 64 -бабында халық медицинасымен айналысуға қасиет қонған адамдардың шұғылдануына құқы бар делінген. 2003 жылы Парламент депутаттары «Халық емшілігі туралы» екінші заң қабылдады. Онда емшілерге медициналық білім алу міндеттелді. Бірақ, Денсаулық сақтау министрлігінің ұйғарымы бойынша медициналық білімі болмаса да халық медицинасымен айналысуға рұқсат етілді. Үшінші заң 2008 жылы қабылданды. Рас, бұған дейін халық емшілеріне халықты емдеуі үшін лицензия берілсе, қазір ол алынып тасталды. Оның орнына дүниежүзілік стандартқа сай сертификат берілуде.

– Ал сертификатты қайдан, қалай алуға болады?

– Былтырдан бастап сертификатты тек аккредитация орталығы беруде. Ол үшін Денсаулық сақтау министрлігі екі аккредитациялау орталығын ашты. Оның бірі Алматыда, ҚР халықтық және рухани емшілер мекемесінің құзырында, оған 9 облыс қарайды. Екіншісі, Астанада. Сертификат ақысыз бері-леді. Бірақ, оны алудың төрт шарты бар. Біріншісі – тестен өту, яғни қасиетінің бар, жоғы анықталады. Екіншісі – дайындық курсын оқып бітіруі қажет. Үшіншісі – сынақтан өту. Мәселен, бұрын сынақтан алты ай бойы өтетін. Ол үшін облыс орталығына, болмаса Алматыға осыншама уақытқа келетін. Сондықтан сынақтан өтуге біреудің жағдайы келсе, енді біреуінің мүмкіндігі болмай, өтпей қалатын. Төртіншісі, емші кем дегенде 12-14 науқасты қабылдауы тиіс. Оны дәрігердің бақылауымен аккредитациялау орталығының аттестациялау комиссиясы өткізеді. Егер науқастың ауруын анықтауы, диагноз қоюы 70-80 пайызға дұрыс болса, сонда ғана осы төрт шарт ескеріліп, сертификат директордың емес, аттестациялау комиссиясының ұйғарымымен беріледі. Оған Денсаулық сақтау министрлігінен бір адам бөлінген. Бір айта кетерлігі, бұрын лицензия бес жыл мерзімге беріліп, емшілерді бақылау қиынға түссе, қазіргі сертификаттың мерзімі бір жыл. Сертификат Монета сарайында нөмірленіп шығады. Яғни, галаграмма. Сондай-ақ, емшілер бір жылдың ішінде екі рет тақырыптық цикл бойынша білімін жетілдіру курсынан өтуге міндетті.

– Шәкен Мұқанұлы, бүгінгі мүмкіндікті пайдаланып, оқырмандардың да көкейінде жүрген сауал да болуы керек, биоөріспен емдеу, көріпкелдік, сәуегейлік жайында ойыңызды білсек…

–Естеріңізде болсын, биоөріс адамды ешуақытта емдемейді, ол алдына келген нау-қас ағзасының биоөрісін ғана күшейте алады. Сөйтіп, адам өз биоөрісімен өзін-өзі емдейді. Адамда жеті түрлі күрделі нүкте бар, яғни жеті чакра, оның жетіншісі төбеде, төртіншісі жүректе. Жалпы, біздің халықта көріпкел, қасиеті жоғары ғұламалар көп болған. Олар он бесінші ғасырдағы Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы, 56 жасқа келгенде тәуіптік қасиет дарып, сол жасында Петербордағы әскери медициналық институтты бітіріп, 136 жыл өмір сүрген Сұлтан Қожаұлы Құртқа тәуіп, т.б. Осыған қатысты сізге бір мысал айтайын. 2003 жылы Францияда ғұлама көріпкел М.Нострадамустың 500 жылдығына орай өткен дүниежүзілік конгреске қатысуға Қазақстаннан он екі адам бардық. Қазақ емшілерінің беделі сол жолы мойындалды. Бірінші күні-ақ Қазақстан жиынға төрағалық жасады. Өйткені, біздің елде көріпкелдік, биоөріспен емдеу жоғары деңгейде дамыған. Оны біз мақтан ете аламыз. Сол жиында Париж қаласының мэрі көріпкел емшілерді байқап, сынап көргісі келді. Біздің емшінің болжап айтып бергеніне таң қалып, риза болған шаһар басшысы Ресей мен Қазақстаннан келген емшілерге қонақасы беріп, әрқайсысына бір мың еуродан сыйақы табыстады. Ал былтыр халық емшілерінің құрылғанына 20 жыл толуына орай өткен халықаралық конференцияға Қытай, Корея, Жапония, Прибалтика, Ресей, Чехия, Украина, Польша, т.б. елдерден келген қонақтар біздің мемлекет басшысының халықтық медицинаға деген көзқарасын, халықты дәстүрлі еммен сауықтыру жолына үлкен мән беріп отырғанын атап өтті. Сондай-ақ Польшаның Қазақстандағы тұңғыш елшісінің жұбайы Данутта өз кітабында Қазақстан емшілеріне үлкен баға беріпті. Бұдан екі жыл бұрын сол кісінің айтуымен Польшадан төрт шәкірті келіп, екі жарым ай оқып кетті. Бір қызығы, олар қазақ тілін сол жақтан үйреніп келгендіктен, тілдік қиыншылық болмады.

Әңгімеңізге рахмет.

Автор:
Әңгімелескен Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ. Leave a Reply