Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ХОШ, АЯУЛЫ ТАЛҒАТ


18 марта 2011, 07:24 | 1 966 просмотров



Қырық күннің жүзі болды, пәни жалғаннан татар дәмі таусылып, Шаған таудың өршіл қырандарының бірі Талғат Қауысбекұлы бауырымыздың да дүниеден озғанына. Бекбай әулетінің әрбір үйінде марқұмның рухына арнап жағылған шырақтардың алтын арай сәулесі Шаған мен Лабасы тауларының аймақтарын қырық күн бойы нұрға бөледі.

Небәрі 40 жастың қырқасына енді ғана шыққан, қамал бұзар шағында рахымсыз сұм ажалдың торына түскен Талғат бауырымыз жігіттің сұлтаны еді. Шыққан тегіне көз жүгіртсек, ұлы Шаған тауын жайлаған «Мырза» елінің «Артық» атасынан тарайтын Сарыой ауылының азаматы. Сол елдің берекесі болған үлкен Абыз Дуанбек бақсы бастаған, Бекбай балалары Нүсіпбек пен Жүнісбектен өрбіген Наурызбай, Қауысбек, Оразбай, Қауыс батырлардың ұрпағы.

1971 жылы ақпанның ақ боранды күнінде дүниеге келген Талғат бақуатты да өмір сүрді. Әкесі Қауысбек, ағасы Наурызбай денсаулығына байланысты үлкен еңбектен босағанда шопан таяғын өз қолына алған еді. Жеңгесі Нұрсараға үлкен демеу болып, бауырларының жақсы азаматтар болып қалыптасуына үлкен еңбек сіңіргені бек шындық. Тағдырдың жазуы шығар, сол Қуысбек ағамыз өмірден ерте озып кетті. Ол кеткен соң салмақ сөз жоқ Оразбай мен Қауыс інілеріне түскені және белгілі. 3 жыл бұрын Оразбай ағамызды да бақиға аттандырғанбыз.

- Өліге иман, тіріге береке бере гөр, ұлы Алла!- деп, Тәуба қылған асыл жеңгелеріміз Нұрсара, Қуанған, Зейнеп және Тұрсын келініміздің арқасында еш қиындық білінбеді. Ауылдың берекесі болған Дыңғырша (Әйнек) анамыздан тәлім-тәрбие алған аттары аталған асыл жеңгелеріміз еркетайлары Махан мен Сақбаланы аялай жүріп, Бекбай әулетін сүттей ұйытып, берекелі де мерекелі әулетке айналдырды. Осындай аналардан айналып кетпейміз бе?!

Міне, енді бүгіндері Талғат баурымыз да қапылыста жол апатынан қаза болды. Тумысынан елгезек, ағасы Жомарттың қолын ұзартып жүрген қолқанаты еді. Ағаға іні, кішіге қамқор аға, қимас дос, мейірбанды жігіт ағасы еді. Амал нешік... Артында аяулы жары, 4 бірдей перзенті қалды. Алла Тағала соларға ғұмыр берсін.

...Алла берсе толмайтын,

Ортаймайтын бергенде.

Үмітті алдан күтейік,

Құдай да берер бергенге.

Көңіл айтам Жомартжан,

Артыңда қалған сендерге.

Бір Алла өзі жар болсын,

Артында сенің ергенге!!!

Өліге иман, тіріге береке бере гөр Ұлы АЛЛА!

Ауылымыздың даңқы арта берсін!

Автор:
Сансызбай ШОЛПАНҚҰЛҰЛЫ, Көксу ауданы.