Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ЖОҒАРЫ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК ПЕН ДИАГНОСТИКА ЛЕЙКОЗДЫ ҮЙДЕ ЕМДЕЙМІЗ


18 марта 2011, 07:51 | 2 039 просмотров


Қазақстан лейкоз науқастарының сүйек кемігі трансплантациясын жасауды жоспарлап отыр.

Қарашадан бастап Астана қаласында кезек күттірмес республикалық жедел жәрдем ғылыми орталығында алғаш рет лейкоз науқастарының сүйек кемігі трансплантациясы жасалғалы отыр. Бұл жайында баспасөз конференциясында «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Тамара Ващенкова хабарлады, деп мәлімдейді Қазақпараты.

Хабарланғандай, операция Р.М. Горбачева атындағы Гематология және сүйек кемігі трансплантациясы институты қызметкерлерінің және академик И.П. Павлов атындағы Санкт-Петербург мемлекеттік университеті қызметкерлерінің қатысуымен өткізілетін болады. Т. Ващенкованың сөзі бойынша, емдеу жұмысы кепілді тегін медициналық көмек көлемі базасында тегін жүргізілетін болады.

Алғашқы уақытта операцияны үлкен науқастарға жүргізу жоспарланып отыр, болашақта отандық мамандар бұл жаңалықты педиатриялық тәжірибеге де енгізуді жоспарлауда.

Лейкозды емдеуде шетелдік мамандардың көмегіне Қазақстан бірінші рет жүгініп отыр. 2004 жылы Германиядан келген профессорлар қазақстандық тыңдаушылар үшін лейкоздың емі және жаңа дәрілік құралдарды пайдалану бойынша дәріс курсын оқыған, бірнеше отандық мамандар Германияда тәжірибеден өткен.

Мұның ізінше Қазақстанда барлық аймақтардан келген Қазақстан азаматтары тегін ем алу мүмкіндігіне ие болған жаңа гематологиялық орталық құрылды. Мұндай орталықты құру ауыр сырқаттан зардап шеккен көптеген адамдардың өмірін қорғау ісінде айтарлықтай қадам болды.

Алайда, сүйек кемігін трансплатациялау операциясы Қазақстанда бұрын жасалмаған. Көптеген мамандардың айтуына қарағанда, химиялық терапия арқылы күтілген нәтижелерге қол жетпеген кезде, сүйек кемігін ауыстыру қолданылады.

Статистика бойынша, жыл сайын біздің елімізде 1500 адам лейкоз ауруына шалдығады, олардың 500-і өліммен аяқталады. Көптеген қазақстандықтар шетелдерде қымбат ем алады.

15-19 қараша аралығында сүйек кемігін ауыстыру бойынша операцияның бірінші кезеңін өткізу жоспарланып отыр. Лейкозбен ауыратын науқастарға жасалған операцияның бірінші кезеңінің қорытындысы осы жылдың желтоқсан айында белгілі болады.

2011 жылы Ұлттық медициналық холдингтің еншілес клиникаларының базасында ҚР сүйек кемігінің аллогенді туысқандық трансплантациясын (туысқандары донор болатын трансплантация түрі) енгізу шаралары жоспарланып отыр.