Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Жетісу облысының медициналық ұйымдарына түсетін шағымдар саны 8% - ға азайды


26 мая 2023, 06:26 | 2 806 просмотров



Ағымдағы жылдың басынан Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының ресми кері байланыс арналары арқылы Жетісу облыстың медициналық ұйымдарына 129 өтініш пен шағым түсті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8% -ға аз. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Жетісу облысы әлеуметтік медициналық сақтандыру Қоры филиалының директоры Гульзия Таипова баяндады.

Оның айтуынша, негізінен халық көрсетілген медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасына шағымданады. Осылайша, жыл басынан бері облыс тұрғындарынан 111 шағым түсті. Ал түсіндіру мен консультацияларды талап ететін мәселелер бойынша 18 өтініш тіркелген.

«Көп жағдайда халықтан көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасына, консультациялық-диагностикалық қызметтерді ұзақ күтуге, медициналық қызметтерге жолдама алуға, ТМККК және МӘМС пакеттеріне кіретін қызметтердің ақылы негізде көрсетілуіне, дәрілік препараттардың жеткіліксіздігіне, медициналық ұйымдардың қабылдау бөлімдері мен стационарларындағы қызметтің сапасына жиі шағымдар түседі»,- дейді филиал директоры.

Медициналық көмектің сапасын қамтамасыз ету үшін филиал сарапшылары ағымдағы, мақсатты, жоспардан тыс, белсенді мониторингтер жүргізеді. Соның нәтижесінде жыл басынан бері медициналық қызмет көрсетудің 41 расталмаған жағдайы, яғни қосып жазу фактілері анықталды.

Сондай-ақ, спикер, әрбір адам Damumed және MISZHetysu мобильді қосымшалары арқылы өзінің амбулаториялық картасында көрсетілген медициналық көмек туралы ақпаратқа қол жеткізе алатынын атап өтті. Егер пациент қосып жазу фактілерін анықтаған болса Қордың филиалына хабарласуға немесе Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, fms.kz ресми сайты, Telegram қосымшасындағы @Saqtandyrýbot арқылы өтініш қалдыра алады.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Жетісу облысында 159 мыңнан астам азамат әлі күнге дейін сақтандырылмаған, ал 539 мыңнан астам адам МӘМС жүйесінде «Сақтандырылған» мәртебесіне ие. Оларға ТМККК және МӘМС шеңберінде медициналық қызметтерді Қормен шарт жасасқан 60 медициналық ұйым ұсынады, оның ішінде 27 мемлекеттік және 33 жекеменшік.

 

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры»

КЕАҚ Жетісу облысы бойынша филиалы