Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Қызылша


24 мая 2023, 09:13 | 1 469 просмотров



Қызылша — жедел жұқпалы ауру. Негізгі белгілері: қызуы көтеріліп, қызылшаға тән теріде бөртпелер пайда болып, көзі қызарып, тыныс ағзалары зақымданады.

Қызылшаның белгілері, өрбуі. Жасырын кезеңі 9-11 күн, егер иммуноглобулин алған болса, жасырын кезеңі 15-21 күнге созылуы мүмкін. Алғашқы белгілері: қызуы көтеріліп, әлсізденіп, тамаққа тәбеті нашарлап, мұрнынан су ағып, ащы жөтел пайда болып, көзі қызарып қабынады. Одан жұмсақ және қатқыл таңдайда теңбіл (пятнистая) бөртпелер пайда болады. Екі ұрттың үстінде қызылшаға тән майда ақшыл бөртпелер кілегей қабығының үстінде ерекшеленіп тұрады, мұндай белгіні Бельский-Филатов-Коплик бөртпелері дейді. Сыртқы түріне қарағанда бұл бөртпелер «манна» түйіршігіне ұқсайды. Теріде қызылшаның бөртпелері пайда болғанда Бельский-Филатов-Коплик бөртпелері кетіп қалады. Қызылша бөртпелерінің ерекшелігі: бірінші күні бөртпе бетте, мойында, екінші күні денеде, қол, сан терілерінде, үшінші күні балтыр, аяқтарда шығады, ол күні беттегі бөртпелер бозарады. Бөртпелер көлемі 2мм болып, кейде бірнешеуі бірігеді, дегенмен әрбір бөртпелер арасында таза тері көрініп тұрады. 3-4 күннен кейін бөртпелер бозарып, орны қоңырланып, жұқа қабыршықтар қалады (ұнның ұрпағындай). Қызылшаға көздің қызарып, қабынуы, ірің шығып, таңертең кірпіктерін ашудың қиындығы, мойын артында, қолтық бездерінің үлкеюі, ұстағанда ауырсынуы тән. Кейде өкпеде сырыл естілуі, кейбір науқастың іші ауырып, аздап өтуі мүмкін.

Қызылша пневмония (өкпенің қабынуы), бронхит, энцефалит (ми қабығының қабынуы) сияқты асқынулармен қауіпті, олар медициналық көмекке кеш жүгінгенде және қосымша ауыр аурулар болған жағдайда өлімге әкелуі мүмкін. Қызылшаны емдеудің тиімді және ерекше әдісі жоқ.

Қызылшадан жалғыз тиімді қорғау вакцинация болып табылады. Қазақстанда қызылшаға қарсы егу екі рет жүргізіледі: біріншісі 1 жаста және екіншісі 6 жаста. Вакцинациялау үшін қызылшаға қарсы қауіпсіз және тиімді вакцина қызамыққа және паротитке (ККП) қарсы компонентпен біріктіріледі. Елде ККП жеткілікті көлемі бар.
Халыққа ұсынымдар: –ата-аналарға өз баласының қызылшаға қарсы егу мәртебесін тексеру, вакцинация жасалмаған жағдайда – қызылшаға қарсы профилактикалық егуді алу. 

 

ИМАНГАЛИЕВА ЛАЙЛЯ,

№10 мектеп фельдшері,

Талдықорған қаласы.