Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Талдықорған қаласы бойынша 40 пен 60 жас аралығындағы әйелдердегі сүт безі қатерлі ісігінің скрининг бағдарламасы


19 января 2023, 03:34 | 10 200 просмотров



Талдықорған қаласы бойынша 40 пен 60 жас аралығындағы әйелдердегі сүт безі қатерлі ісігінің скрининг бағдарламасы туралы ақпараттандыруға мейіргердің рөлі

 Скрининг-бұл аурудың ерте асимптоматикалық сатысы бар адамдарды анықтау әдісі. Скринингтен өтетін адамдардың көпшілігі дені сау халық болады. Егер скринингтік тексеру әдісімен қатерлі ісікке күдікті нәтижелер алынса, адамға қосымша тексеруден өту қажет болады. Бұл ауруды жоққа шығаруға немесе дәл диагноз қоюға көмектеседі.

Бүгінгі таңдағы ең қауіпті әрі жиі кездесетін дерт – сүт безінің қатерлі ісігі. Бұл дерт неге соншалықты дендеп кетті? Оны ерте анықтап, алдын алудың амалы бар ма? Қандай белгілерге қарап байқауымыз керек? Сүт безінің өсіп-жетілуі, атқаратын қызметі, дамуы туралы не білеміз?

Сүт бездері – сүт түзетін қос без. Адамда сүт бездері 15-20 безді бөліктерден тұрады. Осы бөліктерде ана сүті түзіледі. Жалпы сүт безі дәнекер тіндер мен май қабатымен қоршалған. Сүт бездерінің өсіп-жетілуі ішкі секреция бездерінің (гипофиз, қалқанша без, т.б.) бөліп шығаратын гормондарына байланысты. Бұл кезең қыздарда (жыныстық жетілу кезеңінде) 10-12 жаста байқалады. Cүт бездерінің толықтай қалыптасуы 18-20 жаста аяқталады. Cүт бездерінің негізгі қызметі – сүт шығару. Сүт безі аурулары қатерлі және қатерсіз болып бөлінеді. Сүт безі қатерсіз ісік ауруларына мастопатия, фиброаденома, кисталар, сүт жолдарының папилломасы, липома жатады. Мастопатия – сүт безінің дисгормональды ауруы. Бұл əйелдерде жиі кездесетін сүт бездерінің қатерсіз дерті. Мастопатияның диффузды, диффузды-кистозды, түйінді түрлері бар. Ал мастит – сүт безінің қабынуы. Ол көбінесе, жас босанған (негізінен сәбиді емізетін) әйелдерде болады. Қыз балаларда сирек кездеседі. Сүт безінің ауруын қандай аурулар қоздырады? – Сүт безінің ауруларына әкелетін факторлар: BRCA 1 және 2 гендерінде анықталған мутациялар немесе басқа гендік мутациялар; етеккірдің ерте басталуы – менархе (12 жасқа дейін); менопаузаның кеш басталуы (55 жастан асқанда); климаксты емдеумен байланысты немесе контрацепция мақсатында тағайындалған 10 жылдан астам гормонды алмастыратын терапия; жүктілік пен босанудың болмауы; қант диабеті; семіздік; темекі шегу мен алкогольді пайдалану. Ісіктер туралы қазір жиі айтылады, өйткені олар өте ауыр аурулардың белгісі болып табылады және жыл өткен сайын ісік ауруына шалдыққан адамдардың саны көбеюде. Бұл ауру адам денесінің, мүшелерінің немесе тіндерінің кейбір жерлерінде жаңа клеткалардың тоқтаусыз өсіп, көбеюінен басталады. Сау ағзада ескі клеткалардың өліп, орнына жаңа клеткалардың пайда болу процесі үздіксіз жүреді. Бірақ, кейбір жағдайда ағзаның қайсыбір реттеуші механизмінің қызметі бұзылады да, жаңа клеткалар қатты қарқынмен жедел пайда бола бастайды. – Сүт безі ауруларын қалай анықтаймыз? Әйелдер ай сайын кеудедегі өзгерістерді байқау үшін өзін-өзі тексеру керек. Сүт бездерін жүйелі түрде тексеру сүт бездерінің денсаулығын сақтауға және қатерлі ісік ауруының алдын алуға, дертті ерте емдеуге ықпал етеді. Әйелдер айына бір рет сүт безін тексеріп тұруы қажет. Етеккірі тоқтаған әйелдер мен етеккір келуі уақыты тұрақсыз әйелдер ай сайын бір күнді таңдай алады. Егде жаста ісік баяу дамиды. 5-10 жыл бойы өсуі мүмкін. Ал егер 50 жасқа дейінгі әйел болса, онда ісік тез өседі. Ал 40 жасқа дейін болса, онда ісік агрессивті түрде 1 жылдың ішінде өсуі мүмкін. Менопауза алдында және менопауза кезінде орынбасушы гормоналды терапия қабылдап жүрген әйелде де ісік тез өсуі мүмкін. Сүт безі қатерлі ісігі белгілері біз аса мән бермейтін дүниелерде де дерттің дендеуіне себепші болады. Мәселен: Емізіктің ішке қарай тартылуы; Емізіктен қан аралас сұйықтықтың бөлінуі; Сүт безіндегі немесе емізік аймағындағы ауырсыну; Сүт безі аймағында терінің инфильтрациясы (лимон қабығына ұқсас тері); Қолтық асты аймағында тығыз түйіндердің пайда болуы; Сүт безі аймағында терінің жаралануы; Бүкіл сүт безінің немесе оның бір бөлігінің ісіну; Салмақ жоғалту; Әлсіздік; Сүт безі терісінің қызаруы, қабыршақтануы немесе қалыңдауы. Осы белгілер байқалса, дереу дәрігерге тексерілу керек. Қатерлі ісік сүт безінің кез келген бөлігінде болуы мүмкін. Тіпті сүт безінен тыс жерлерде, мысалы, қолтық асты немесе сүт безінен жоғары қабырға арасында орналасуы мүмкін.Жалпы онкологиялық аурулардың және атап айтқанда, сүт безі қатерлі ісігінің қаупін азайту бойынша ұсыныстар: салауатты өмір салтын ұстану; дене салмағын бақылау; физикалық белсенді болу; жемістер мен көкөністерді көп пайдалану; темекі мен ішімдіктен бас тарту; баланы туғаннан кейін 1 жыл бойы және одан аса емшекпен емізу; тұрмыста және өндірісте сүт безін жарақаттап алудан сақтану; өздігінен тексерілу, сүт безінің скринингінен өту. Сүт безінің қатерлі ісігін анықтау үшін тиімді скринингтік тексеру бар, оны аурудың белгісі болмаған кезде де жасайды. Скрининг ауруды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Қазақстан Республикасында скрининг шеңберінде 40-70 жастағы әйелдерге 2 жылда 1 рет екі сүт бездерінің маммографиясы екі проекцияда жүргізіледі.  Сүт безі қатерлі ісігі тек әйелдерде емес, еркектерде де кездеседі. Ерлерде омырау обыры сирек кездескенімен бұл әйелдердікіне қарағанда қауіпті әрі тез асқынуы мүмкін.

Автор:
Ғылыми жетекші:Досыкенова Р.М, Білімгер: МІ-512 Ахметбаева Д.Б., ШЖҚ «Талдықорған жоғары медициналық колледж» МКҚ