Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Жетісу облысында 158 елді мекеннің тұрғындары тексеруден өтті


10 ноября 2022, 07:57 | 10 475 просмотров



Жетісу облысында жылжымалы медициналық кешенннің көмегімен дәрігерлер 158 аудан мен ауылдарды аралып, тұрғындарды тексеруден өткізді. Қаладан алыс орналасқан ауыл тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсету мақсатында бейінді мамандардан құрылған топ 10 айда 62066 адамды тексеруден өткізді. Оның ішінде 7604-і баланы құрап отыр.
Құрамында терапевт, гинеколог, невропатолог, лор және ультрадыбыстық зерттеу жүргізу мамандары жылжымылы медициналық кешенде ауыл тұрғындарына 24 700 диагностикалық, 21 805 зертханалық зерттеулер және 52 206 консультациялық көмек көрсетті.
Жетісу облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Джансенгиров Арман Серікұлының айтуынша, бұл іс-шара аурудың алдын алу мақсатында ұйымдастырылған.
-Жылжымалы медициналық кешен азаматтардың ден¬сау¬лы¬¬ғын кең спектрлі тексеруден өткізуге арналған. Бұл жобаның басты ерекшелігі кез келген ауыл тұрғыны бейінді мамандардың тексеруінен өтіп, кеңес алуға мүмкіндігі бар. Яғни, мақсатымыз - ауруды бастапқы кезеңінде анықтап, емдеу. Бір айта кетерлігі, аталған кешен қыста ауа райының қолайсыздығына байланысты көктем мен күз мерзімдері аралығында жолға шығып, тұрғындарды тексеруден өткізеді, - дейді басқарма басшысы.
Жүргізілген тексерулер нәтижесінде облыста 949 адамнан әртүрлі ауру белгілері анықталып, толыққанды тексеруге жолдама берілді.
Естеріңізге сала кетсек, Жетісу облысында 8 жылжымалы медициналық кешен бар. Жалпы кешен талдауларды қабылдау аймағы, функционалды диагностика, акушер-гинеколог, сондай-ақ сәулелік диагностика кабинеттерінен тұрады.

Автор:
Жетісу облысының Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі