Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Жетісу өңіріндегі медициналық ұйымдарға 82 маман жұмысқа орналасқан


7 ноября 2022, 06:37 | 11 853 просмотра



Жетісу өңірінде медицина мамандарының тапшылығы 202 маманды құрап отыр. Қалаларда маман тапшылығы 157 дәрігер болса, қалғаны ауылдарға тиесілі. Бұл туралы РСК алаңында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Арман Джансенгиров мәлімдеді. Спикердің айтуынша, кадр тапшылығы мәселесін шешу және жас мамандарды тарту мақсатында мамандарды баспанамен және балаларды балабақшамен қамтамасыз ету сияқты әлеуметтік қолдау көрсетіледі.
«Қазіргі уақытта бізде Президент тапсырмасы бойынша ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Онда денсаулық сақтау саласын жаңғырту келесі жылдан бастау алады. Жетісу облысы бойынша жоспарға 59 нысан енді. Оның ішінде 15 дәрігерлік амбулатория, 39 фельдшерлік-акушерлік пункт және 5 медициналық пункт бар. Сондай-ақ, биыл облыстың 6 ауданында 12 блок-модульдік конструкция орнатылуда. Оның 5 нысаны қазіргі уақытта қолдануға берілді. Бұл орталықтар Көксу ауданында, Ескелді ауданында және Алакөл ауданында. Қалған 7 нысан желтоқсан айының басына дейін пайдалануға беріледі» - дейді Арман Джансенгиров.
"Сондай-ақ, Панфилов орталық аудандық ауруханасы ауылдық денсаулық сақтауды жаңғыртудан өтті. Ол ауданаралық көпсалалы аурухана болып қайта құрылды. Сонымен қатар Панфилов ауданының тұрғындарына жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетілетін қосымша бөлімшелер ашылады", - дейді басқарма басшысы.
Сонымен қатар, Жетісу облысының медициналық мекемелерінде «Enbek.kz" электронды еңбек биржасы тұрақты түрде жүргізіліп тұрады. Ұсынылған бос жұмыс орындарына әр апта сайын талдау және жаңарту жүргізіледі. Үміткердің біліктілік деңгейіне және кәсіби құзыреттілігіне қойылатын талаптарға сәйкес персоналды іздеу және іріктеу жүзеге асырылады. Ағымдағы жылы Жетісу облысының медициналық ұйымдарына 82 дәрігер келіп, "Enbek.kz" порталы арқылы қабылданған. 2021-2022 жылдары біліктілікті арттыру үшін облыс дәрігерлері (акушер-гинекологтар, анестезиологтар-реаниматологтар, невропатологтар, психиатрлар) Түркия, Ресей, Беларусь сияқты шет елдерде білім алған.
Бүгінгі таңда облыста 361 медициналық ұйым көмек көрсетеді, оның ішінде 314 мекеме мемлекеттік болса, 47 ұйым жекеменшік болып табылады.

Автор:
Жетісу облысының Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі