Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ТУБЕРКУЛЕЗГЕ ҚАРСЫ КҮРЕС АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ДИСПАНСЕРІ


4 марта 2011, 07:57 | 3 048 просмотров



ТАРИХ БЕТТЕРІНЕН

Талдықорған өңірінде туберкулезге қарсы емдеу жүргізу қызметі өткен ғасырдың 40-шы жылдарында басталып, ұйымдастырылған. Оның тұңғыш мекемесі – туберкулез кабинеті қалалық емхана жанынан ашылып, жұмыс жасаған-ды. Рентген бөлмесі тек Талдықорған қаласында орналасты.

1946-1947 жылдары үш бөлім: трахоматоз, саңырауқұлаққа және туберкулезден тұратын мамандандырылған аурухана ашылды. Ал 1949 жылы туберкулез бөлімі жеке емдеу мекемесі ретінде қалыптаса бастады. 25 төсектік аурухана ашылып, маман дәрігерлер, сол кездегі қолданыста бар материалдық-техникалық құралдармен жабдықталды.

Әр жылдары өкпе науқасына шалдыққан ауруларды емдеу мекемесіне фтизиатр-дәрігер А.П.Шаульская, Нәбимұрат Молдахметұлы Шәріпов басшылық жасады. Бұл мекемеде облыс, тіпті Республикамызға танымал дәрігерлер еңбек етті. Солардың қатарында Ленин орденінің иегері, тұңғыш фтизиатр-хирург Ибрагим Измаилов, фтизиатр-педиатр Мария Погарелова, дәрігер Маргарита Семенова, терапия бөлімінің меңгерушісі Николай Ким, ренгенолог Филипп Упир, фтизиоостиолог Эмилия Бажукова, тағы басқалар қажырлы еңбек етті. Адам денсаулығын қорғауда мол тәжірибе, білімі мен біліктілігін жұмсады.

ТУБЕРКУЛЕЗДІ ҚАЗАҚ ҚҰРТ

АУРУЫ ДЕП АТАҒАН

Дүниежүзiлiк Денсаулық сақтау ұйымының деректерi бойынша әлемде әр күн сайын өкпе дертiнен сегiз миллион адам ажал құшады екен. Яғни, әр 10 секунд сайын бiр адам өледi деген сөз.

Соңғы жылдары өкпе құртының адам ағзасында тез көбейгiш әрi төзiмдi түрiнiң белең алуы қауiптi одан сайын қоюлатып отыр. Дерек бойынша, күн сайын 22 000 адам әлемнiң әр түкпiрiнде туберкулез таяқшасын жұқтырады екен. Бұл дегенiңiз – тәулiктiң әр бiр төрт секунды сайын бiр адамның денсаулығына сызат түстi деген сөз.

КЕСЕЛ КIСI ЖАТЫРҚАМАЙДЫ

Қазақ құрт ауруы деп атаған туберкулез дертiнiң пайда болуы туралы тәпiштеп айтып жатпайық. Бiр ғана нәрсе анық, бүгiнгi адам баласы күн сайын қаупi күшейiп келе жатқан өкпе дертiнiң тiрi ағзаның түбiне жететiн тажал екенiн дәлелдеп берген немiс ғалымы Кохқа қарыздар. Алайда, Кох қолмен қойғандай қылып айтып берген аурумен күресуде заманауи технологиямен жарақтанған медицина ғылымы дәрменсiздiк танытып отырғаны және шындық. Олай деуге ел арасында аталған ауруды жұқтырушылардың қатары азаймай отырғандығы себеп. Жалпы, туберкулез ауруы жайында сөз қозғала қалған жағдайда даңқты дәрiгерлердiң өзi дерттi дерлiктей жойып жiберу туралы емес, оны тоқтату турасында айта бастайды. Яғни, өкпе ауруына қарсы күресте жеңiс жайында емес, алдын алу шараларының барысы туралы ғана басымырақ сөз болады. Бұл дегенiңiз, Кох таяқшасының қаупi тағы да лаңкестiкпен тепе-тең дәрежеде екендiгiн бiлдiредi. Неге? Ел iшiне iндеп тұрған дерттiң бұлайша тамырлануын мамандар әлеуметтiк фактор ретiнде қарастырады. Себебi, туберкулез диспансерiнде тiркеуде тұрғандардың сексен пайызынан астамы әлеуметтiк жағынан нашар қорғалғандар. Дiттеп келгенде бұл шешiм дұрыс та шығар, бiрақ, туберкулез тек қана кедейлердiң кеселi деген анықтама ақиқатқа жатпайды.

ЕМДЕУ МЕКЕМЕСІ 80-ШІ ЖЫЛДАРДА

Талдықорған қаласында 1984 жылы жаңа үлгідегі, жалпы құны сол кездегі ақшамен есептегенде 3,5 миллион сом тұратын аурухана салынып, пайдалануға берілді. Ол облыстық емдеу мекемесі деген статусқа ие болды. Қазіргі заманғы диагностикалық аппараттармен, зертханалық құралдармен жабдықталды.

250 төсек – орынды ғимаратқа диспансер кеңінен орналасты. Оның ішінде балалар, торакальді хирургия, урогенитальді және 4 өкпе терапиясы бөлімдері қатарында рентген, жылжымалы флюорографилық станция-сы ашылды. Емханалық диагностика және орталықтандырылған микробтарды жою бөлімшесі құрылды.

Емдеу мекемесіне облыс аудандары мен басқа да облыстардан жұмысқа тәжірибелі мамандар шақырылды. Солардың қатарында жоғары санатты дәрігерлер Секерғали Сыдықов, хирургтер Әбен Тұтқабаев, Дорофей Хван, тағы басқалар. Бұлар біліктілігімен, әрі тәжірибелерінің көптігімен ел аузына ілікті, мақтау мен марапатқа ие болды.

ТАҒЫ ДА ТУБЕРКУЛЕЗ ЖАЙЛЫ

БІРЕР СӨЗ

СЕБЕП ПЕН САЛДАР

Фтизиатр мамандар Қазақстандағы құрт ауруы-ның белең алуын мынандай жағдайлармен түсiндiредi екен:

- өтпелi кезеңдегi экономикалық дағдарыстың әлеуметтiк жағдайды төмендетiп жiбергендiгi, жұмыссыздықтың пайда болуы;

- қоғамдағы асоциалды адамдар тобының көбеюi, яғни, араққа салынушылардың, нашақорлардың, мекен-тұрақсыз жандар санының артуы; көшi-қон үрдiсiнiң үдеуi;

- iндеттiң негiзгi ошағы болып табылатын түрмелердегi адам санының көбеюi;

- медицина саласына жасалған сәтсiз реформалардың салдарынан туберкулезге қарсы күрестiң дұрыс жолға қойылмауы;

- қаржының жеткiлiксiздiгi және өкпе дертiнiң алдын алу мен бақылауды жүзеге асыратын әдiстердiң ескiргендiгi.

Мұның сыртында өкпе ауруларын емдейтiн ауруханалардағы мамандардың тапшылығы мен жетiспеушiлiгi тағы бар. Бұл жерде ақ желең киген жандарды түсiнуге болады: өкпе құрты өршiп тұрған ортаға өз еркiмен барып жұмыс iстеу «от алып, қамысқа түскенмен» бiрдей. Немесе пенделiк психология Гиппократ антына мойынсұнбайды... Оған жалпы медицина мекемелерiндегi жалақының аздығын қосыңыз.

ЕМДЕУ МЕКЕМЕСІ ХХ-ҒАСЫР

СОҢЫНДА

Ғасырлар тоғысында Алматы облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінде жоғары санатты дәрігер, өз ісінің нағыз жан-ашыры, медицина саласында бірнеше аралас мамандықтарды меңгерген дәрігерлер Сәлімжан Жантуаров, Нұрдәулет Сәрсенбай, Шолпан Қоқанбаевалар қызмет атқарды.

Балалар бөлімін аса тәжірибелі, денсаулық саласы қызметінде ұзақ жылдар істеген жоғары санатты дәрігер Манат Қасымова басқарды. Сондай-ақ осы бөлімде облыстың бас фтизиопедиатры Тұраш Нүсіпова, еңбек ардагері Сәуле Телібава жұмыс жасады.

Бүгінгі таңда туберкулезге қарсы қызметке үлкен үлес қосқан тәжірибелі дәрігерлер Роза Ыбырайханова, Динаш Көпбосынова, учаскелік дәрігер Дәния Мұхаметжанованың есімдері мақтанышпен аталады. Кейінгі буын мамандарға олардың салаға сіңірген еңбектері кеңінен насихатталады.

Өкпе – терапия бөлімдерін кезінде басқарған Жармұхан Рахимов және Людмила Герб, рентген-флюорографиялық зертханасы бөліміне жетекшісі Мая Құсемісовалар өздерінің іскерлігі, кеңпейілділігімен адамдардың алғысына ие болды. Туберкулезге қарсы қызметтің емдеу-диагностилық, кеңес беру жұмыстарының басы қасында жүретін жоғары санатты дәрігер Кенжеш Жақыпқызы Бектұрсынова «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Жылдар өтіп жатты. Емдеу мекемесі тұралап қалған жоқ. Диспансер соңғы жылдарғы жаңа да озық техникалармен жабдықтала берді. Ғимарат ағымдағы жөндеуден жоспарлы өткізіліп тұрды. Жас мамандар келді. Осы игі шаралардың басы қасында Салауат Сламжанұлы Сарсенбаев болды.

ДӘРІГЕР ДӘРМЕНСІЗ ЕМЕС

Бiз жоғарыдағы деректер мен дәйектердi мысалға келтiре отырып, елiмiздегi өкпе ауруына қарсы күрес шараларына жаңа көзқарастар қажеттiгi туындайтындығын да айтпақпыз. Дей тұрғанмен, елiмiздiң фтизиатр дәрiгерлерi ерлiкке пара-пар еңбек етiп жатыр. Осы орайда, өкпе ауруымен күресте табысты жетiстiктерге жетiп отырған Алматы облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерi 2-ші өкпе емдеу бөлімінің меңгерушісі, фтизиатр-дәрігер Шайхслам Мұқаевқа: - «Қоғамда құрт ауруына шалдыққандарды төменгi таптың өкiлдерi ретiнде қарастырады. Бұдан тұрмысы нашар адам ғана туберкулезбен ауырады деген түсiнiк пе?» дегенімізде ол: - «Ондай түсiнiктiң өзi түбiрiмен қате. Өйткенi, өкпе ауруымен кез келген адамның ауруы мүмкiн. Мәселен, министрден малшыға дейiн, әкiмнен дәрiгерге дейiн осы қауiптен сақтандырылмаған. Себебi, туберкулез таяқшасы жұқпалы. Қандай ортада болмасын дертке ұшырап қалу мүмкiндiгi жоғары»,-деп жауап берді. Құрт ауруы әлеуметтік аурулар санатында болғандықтан бұл дертке шалдыққан науқастарды қатарға қосуға мемлекет тарапынан жасалып жатқан шаралар ұшан теңіз. Емдеу процесі 4 айдан 12 айға деін жалғасатын ауруға ұшыраған адам отбасынан да ошақталатыны белгілі. Сондықтан да, мемлекет тарапынан оның отбасына мүмкіндігінше әлеуметтік, материалдық жәрдем беру қажет те шығар. Бұл емделушінің алаңсыз сауығып шығуына оңды әсер етері даусыз. Мұндай тәжірибе посткеңестік дәуірінде болған»,-деп сөзін тұжырымдады тәжірибелі маман Шайхслам Мақай-ұлы.

ӨТПЕЛІ КЕЗЕҢ

1998 жылдың жазында облыстық туберкулез диспансері бас дәрігерлігі қызметіне бас дәрігердің медициналық қызмет көрсету жөніндегі орынбасары болып қызмет атқар-ған Салауат Сламжанұлы Сәрсенбаев тағайындалды. Жаңа басшы алдына мақсат қойып, науқастардың тыныс органдарын емдеу мен диагностикалық шараларды жүзеге асыруды қолға алды. Облыс бойынша тұрғындардың ауру-сырқауға ұшырағаны әр жүз мың адамға шаққанда 2000 жылы 120,6 пайызды құраса, бұл көрсеткіш 2003 жылы 9,8 пайыз болған. Бүгінгі көрсеткіш... пайыз. Демек, соңғы жылдары облысымызда құрт ауруы төмендеуде.

ФТИЗИАТР-ДӘРІГЕРЛЕРГЕ

ҚҰЛАҚ АССАҚ

Гүлманат Әбілешқызы Таимбетова-облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері 1-ші өкпе емдеу бөлімінің меңгерушісі. – Емдеу бөлімінде 20 адам еңбек етеді, олардың 2-і жоғары білімді дәрігер, қалғандары арнаулы орта медициналық білімі бар мамандар. Бөлімімізде 50 адам жатып ем алады. Біздің бөлімге 1 дәрежедегі, немесе БК+ түрлі ашық үлгісіндегі науқастар түседі. Бұлар дерттің ауыр түріне шалдыққандар санатына жатады.

Деседе, уақытында ем қабылдап, дәрігерлердің берген нұсқауларын бұлжытпай орындаса, олар қатарға әбден қосылады.Бөлім қажетті метериалдық-техникалық құралдар, дәрі-дәрмекпен толықтай қамтамасыз етілген. Емдеу процесі тегін.

Гүлманат Әбілешқызына «Туберкулезге қарсы күрестiң басты проблемасы ретiнде ненi айтар едiңiз?, - деп сауал қойғанымызда ол дүниежүзiнiң ғалымдары мен дәрiгерлерi бұл күресте жаңа қиындықпен бетбе-бет келiп отыр,-деген дәлел айта келіп, туберкулездiң төзiмдi түрiнiң белең алып бара жатқанын тілге тиек етті. Кәсiби тiлде мультирезистенттi деп аталатын өкпе құртының өршуiне адамдардың емдi дұрыс қабылдамауы мен медицина қызметкерлерi тарапынан орын алған салғырттық себеп болады. Туберкулездiң асқынған түрiн емдеу жәй ауруларға қарағанда көп қаржыны қажет етедi. Мысалға «ДОТС» бағдарламасы бойынша науқасқа емделу кезеңiнде берiлетiн дәрi шамамен жүз долларды құраса, төзiмдi түрiн емдеуге одан он есе көп қаржы кетедi. Сол себептен де дәрiгерлер аурудың асқынбауы үшiн күресiп отыр. Негiзiнен туберкулездi бiрден жойып жiберемiз десек, ол өтiрiк айтқандық болар едi. Бiздiң мақсатымыз – туберкулез таяқшасының жалпы ортада таралуының алдын алу, жаңадан ауыратындардың санын шектеу,- деді Гүлманат Әбілешқызы.

Әлбетте, бұл іс бір ғана медицина саласы қызметкерлерінің міндеті емес, бұл бүкіл қоғам алдында тұрған ауыр шаруа.

Елмира Сейтханқызы САҚТАПОВА - облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері 3-ші өкпе емдеу бөлімінің меңгерушісі. «Дәрігер тек науқасты емдеуші маман ғана емес, ол мықты психолог болуы керек» ,- дейді Елмира Сейітханқызы. - Менің алдыма күнделікті қабылдауға шақырылған науқастардан басқа, олардың жақын туыстары, жолдастары келеді. Біріншісі емдеу процесі жайлы сұраса, екіншілері, әрине бізге, дәрігерлерге жақындарының сауығып кетуін аманат етеді. Оларға біз кәсіби маман, адам ретінде бір жағынан жубата алатын, екіншіден бізге толық сеніммен қарайтындай нақты жауап беруіміз керек. Қуаныштысы сол, өткен аптада біздің бөлімде бірнеше айдан сапалы ем алған 2 адам жазылып шықса, күні кеше тағы үш адам оз отбасына оралды. Ендігі жерде олар учаскелік дәрігердің бақылауында болады.

-Туберкулездi тоқтатуға медицина дәрменсiз бе? – деген сауалымызға Елмира Сейітханқызы: - «Туберкулездің – қатерлі ауру екенін естен шығармау керек. Аурудың уақытылы анықталмауы емделмеу салдарынан асқынулармен қайғылы жағдайларға апарады, керісінше туберкулез ерте анықталып дұрыс ем қабылдаған жағдайда науқастың құлан – таза сауығуы әбден мүмкін. Ем қабылдау тегін және уақытылы анықтаған жағдайда әрқашан тиімді болады.

Туберкулезбен тек денсаулық сақтау қызметкерлері күресіп үлкен нәтижеге жете алмайды, тіпті мемлекеттің өте жоғарғы деңгейдегі қолдауы негізінде де денсаулыққа байланысты ортақ жауапкершілік болу керек. Яғни тұрғындардың өз денсаулығына жауапкершілігін арттырып, уақытылы тексеріліп, қоғам өкілдеріне ат салысу, туберкулездің алдын алу жолдарын жеткізу де, уақытылы үздіксіз емделудің нәтижелі жазылу кепілі екендігін емделудің ішінде кеңінен насихаттау бұл ауруды тоқтатуға бағыттайтын ортақ көмегіміз бен үлесіміз болар еді», - дейді Елмира Сейітханқызы.

Қарлығаш Дәкенқызы ҚАЗАНҒАПОВА - облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері 3-ші өкпе емдеу бөлімінің дәрігер-ординаторы. - Дәрiгерлер туберкулезбен күресте тек қана медициналық жағынан жауапты. Бiз ауруды дер кезiнде және толық анықтауға, емдеуге, емдеу кезеңiнде жоғары жетiстiкке қол жеткiзуге, ауру ошағының айналаға таралмауына және тұрғындарды санитарлық білімін, түсінігін арттыруға мiндеттiмiз,- дейді.

-Біздің «Туберкулездiң таралмауы үшiн қандай шараларды алдымен қолға алу керек? деген сұрағымызға:

-«Ең алдымен дертке шалдыққан адамдарды қатаң бақылауға алуымыз керек. Бiздегi аурулар алты, тіпті 12 ай ем қабылдаған соң өз ортасына оралады. Олардың емдi ары қарай толық алуы түбегейлi жазылудың кепiлi. Көп жағдайда олай болмай жатады. Яғни, адамдар өз өмiрлерiне және айналасындағы адамдардың өмiрiне қауiп төндiретiндiгiн сезiнбейдi. Тiркеуге алынған науқас тiзiм бойынша Қазақстанның қай түкпiрiнде жүрсе де бақылауда болады» - деген жауап алдық Қарлығаш Дәкен-қызынан.

ТҮЙIН

Соңғы сараптаулар өкпе дертiнiң дүниежүзi бойынша белсендi таралу аумағына айналып отырған аймақтар ретiнде Орта Азия мен Қазақстанды көрсетедi. Ілгерiректе аурудың ошағы ретiнде тропика елдерi айтылса, бүгiнгi күндерi ол аймақтарда аты шулы СПИД ауруының ушығуы белең алған. Өкiнiштiсi сол, қауiптi дерттен Қазақстан да құлан-таза емес. Және аты жаман дертпен күресте отандық дәрiгерлердiң еңбегi де өлшеусiз. Соған қарамастан, елiмiздегi өкпе ауруының таралуы жыл сайын өсiп келедi. Демек, бiрнеше ғасыр бойына ұлтымыздың сорына айналып келген туберкулез таяқшасының қаупi әзiр сейiле қойған жоқ.

Автор:
Ырысбай КЕНЖЕБАЙҰЛЫ.