26 сентября 2022, 16:10 | 11 979 просмотров
Балқаш аудандық орталық ауруханасында 20 қыркүйек – Халықаралық гинекологиялық қатерлі ісік туралы ақпараттандыру күніне орай Ашық есік күнін өткізді. Аудан тұрғындары онкогинеколог, онкомаммологтың тексеруінен өтіп, кеңестерін алды. Сонымен қатар әйелдер УДЗ маманның тексеруінен өтті. Ашық есік күніне келген 53 әйелдің жас ерекшелігін ескеріп, мамандар маммографиялық тексеру жасады. Жалпы Ашық есік күні 83 әйел мамандардың тексеруінен өтіп, аурудың алдын алу туралы ақпарат алды.
Онкогинеколог пен онкомаммолог мамандардың тексеруінен өткен нәзік жандар дәрігерлерге алғысын білдірді.
Негізінде гинекологиялық ісіктер жатыр мойнында, жатырдың шырышты қабығында, аналық безінің денесінде, вульвада пайда болуы мүмкін. Сонымен қатар эндометриялық қатерлі ісік, қынап ісігі, сүт безі обыры бар. Олардың ішінде жиі кездесетіні жатыр мойны обыры. Жатыр мойны обырының алғашқы белгілері - контактілі қан кету. Сондай -ақ, жатыр мойны обыры іштің төменгі бөлігіндегі ауырсыну түрінде көрінуі мүмкін. Зәр шығару ықтималдығы жиілеуі мүмкін, люмбосакральды аймақта түнгі ауырсыну пайда болуы мүмкін.
Ауруды жіберіп алмау үшін әйелдер уақытында жоспарлы скринингтен өтіп, аурудың белгілері пайда болған жағдайда дәрігерге баруды кейінге қалдырмауы қажет.