Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Қыркүйекте 2 бала менингиттен жазылып шыққан


22 сентября 2022, 15:14 | 9 260 просмотров



 

 

Биыл Алматы және Жетісу облыстарында менингит ауруымен 14 науқас ауырған. Сондай-ақ, бруцеллезді менигоэнцефалитпен 1 ересек тұрғын ауырып, ем-дом алып жатыр. 

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды. 

«Менингит – әр түрлі вирустар, бактериялар, саңырауқұлақтармен шақырылатын ми мен жұлын қабықшасының қабынуымен байланысты дерт түрі. Бұл аурудың пайда болу себептері әр түрлі болғанымен, белгілері ұқсас келеді. Бастапқыда бас қатты ауырады, мойынның артқы жағы ауырғанына байланысты иегін кеудесіне дейін соза алмайды, жүрегі айнып, құсады, басы айналады, ас іше алмайды, тәбетін толықтай жоғалтады, тартылып, коматозды күйге түседі», деп атап өтті Алматы облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы директорының орынбасары Анжелика Ким.

Ал, қыркүйек айында 2 науқас бала ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатып, емделіп шыққан. Жалпы, менигитті емдеу міндетті түрде стационарда жүргізіледі. Әдетте вирустық менингит жеңіл түрде өтеді. Ал симптомдары 2 аптадан кейін қандай да бір асқынуы болмастан жойылуы мүмкін. 

Ауруды болдырмау үшін балаларға вакцина салынады. Себебі, антигемофильдік вакцина балалардағы бактериалдық менингиттің сәйкес түрінің алдын алуға көмектеседі. Айта кетерлігі пневмококтық конъюгирленген вакцина қазір балаларды міндетті түрде иммунизациялау бағдарламасына кірген.

Автор:
Жетісу облысының Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі