Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Бақыт өмірге келетін мекен


13 сентября 2022, 07:08 | 11 380 просмотров



Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауының 3-бағытында денсаулық сақтау саласына қатысты: "Еліміздің басты құндылығы - адам. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды",-делінген еді.
Медицина – инвестициялық тартымды сала, тек қолайлы жағдай жасау қажет. Жақын арада шалғай елді мекендердің тұрғындарына білікті көмекке жол ашатын телемедицина дамытылады. Бұл медициналық қызметтің сапасын арттырып, ауруларды ерте сатысында анықтауға септігін тигізері сөзсіз.
Ұлт денсаулығын қамтамасыз етудің қолайлы шарттарының бірі – дер кезінде сапалы медициналық көмек көрсетуі екені анық.
Бүгін біз Қонаев қаласындағы аурухананың құрылымдық бөлімшелерінің бірі - 5 жеке босану палаталарына есептелген және жүкті әйелдерге тәулік бойы жоспарлы және шұғыл мамандандырылған акушерлік көмек көрсететін перзентхана бөлімшесі жайында сөз қозғамақпыз. Бұл жерде әйелдерге жоғары деңгейдегі емдеу-диагностикалық шаралары қарастырылған.
Қонаев қалалық ауруханасының директоры, жоғары санатты акушер-гинеколог Ракишева Айман Ғалымжанқызын сөзге тартқанымызда, ол емдеу мекемесінің негізгі құрылымдық бөлімшелерінің бірі болып табылатын перзентхана бөлімшесінде әйелдер босанады және арнайы хирургиялық көмек ала алатынын алға тартты. Заманауи, тиімді, перинаталдық технологияларды қолдану, сондай-ақ босанғаннан кейінгі әйелдерді ерте кезеңде бақылау перзентхананың қалыпты жұмысы екенін айтып өтті: «Біз ұрықтың гипоксиясын диагностикалаудың және жаңа туған нәрестенің неонаталдық асқынуларды алдын алудың заманауи әдістерін тәжірибемізде қолданамыз. Жүкті және босанған әйелдердің ыңғайлылықтары мен қауіпсіздігі үшін перзентханамыз заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Сонымен қатар, босану кезінде босану процесінің медициналық анестезиясы жүргізіледі, эпидуралды анестезия қолданылады.
Қонаев қалалық ауруханасының перзентханасының ерекшелігі - босану бөлмелерінің жеке жоспарлануы, олардың сапалы түрде барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі: ыңғайлы трансформер төсектері, кардиомонитор, баланың киімін ауыстырғанда жылытылатын үстелдері, операциялық шамдар, электронды таразылар және т.б. Сонымен қатар, тек бір реттік жиынтықтар, катетерлер, инфузиялық жүйелер қолданылады. Перзентхана және гинекологиялық бөлімшесінің медициналық құрал-жабдықтармен қамтылуы бүгінде 100 пайызды құрап отыр».
Жасалған қолайлы жағдайларды алдыға тартып, босанған әйелдермен де сөйлестік.
Айгүл: «Мен босану бөлмесінде өзімді ыңғайлы сезінетінімді, еркін ұстай алатынымды түсіндім: босануға дайындалу кезеңінде палатада жүре аламын, жата аламын, тізе-шынтақ күйін ала аламын, сүйікті музыкамды тыңдаймын. Қаласаңыз, жеке киімдерімді, алынбалы аяқ киімді, жеке гигиена құралдарын пайдалануға мүмкіндігім бар екен. Жаңа туған нәрестем үшін: шұлық, бас киім, іш көйлегі және жаялығымды алып алған болатынмын. Қонаев қалалық аурухананың перзентхана бөлімшесінде жатқан 3 күнімде мен медицина қызметкерлерінің қолдауын көріп, өзімді керемет бақытты сезініп отырмын».

Ракишева Айман Ғалымжанқызы: «Біздің перзентхананың дәрігерлері табиғи (консервативті) босануды қолдайды, сондықтан дәрігер тек босану процесін бақылайды, араласады және тек қатаң медициналық себептермен дәрі-дәрмектерді қолданады. Босану кезіндегі кез келген манипуляциялар медициналық араласу қажеттілігін егжей-тегжейлі түсіндіріп, босанған әйелдің келісімін алғаннан кейін ғана жүзеге асырылады. Бөлімшеде дені сау жүкті әйелдерге ғана емес, сонымен қатар тәуекел тобына жататын науқастарға, перинаталдық проблемалары бар әйелдерге де жоғары білікті медициналық көмек көрсетіледі.
Сондай-ақ, кесар тілігінен кейін жатырында тыртығы бар әйелдерді да қынап арқылы босануды тәжірибелейді. Кешенді бағалаудан кейін, оның ішінде анамнез деректері, алдыңғы операцияға көрсеткіштерін егжей-тегжейлі қарастырады. Табиғи түрде әйелдің өзі босануы мүмкіндігін анықтайды. Бұл медициналық іс-шараларды тек тәжірибелі акушер-гинекологтар жүргізеді. Айман Ғалымжанқызы бұл іс-шараны жеке бақылауында ұстайды. Операцияларды акушер-гинеколог, анестезиолог, неонатолог тобы жасайды. Анестезия әдісін босану кезіндегі әйелдің, ұрықтың жағдайын ескере отырып, анестезиолог жеке анықтайды. Операция үшін анестезия әдісін таңдағанда, әйелдің қалауы да ескеріледі.
Қонаев қалалық аурухананың перзентхана бөлімшесінің қызметкерлері білікті қызметкерлер қатарынан таңдалған: дәрігерлерде жоғары біліктілік санаттары бар. Олар: Түркияда, Біріккен Араб Әмірліктерінде, Ресейде, Белоруссияда, Испанияда және т.б. білімдерін шыңдаған.
Акушерлер, операциялық медбикелер ұзақ еңбек өтілі, біліктілік санаттары бар мамандар. Бізде бәрі жақсы. Перзентхана қызметкерлерінің бүгінгі жұмысына көңілім толады! Біздің перзентхана және гинекология бөлімшесі Алматы облысының демографиялық жағдайын жақсартуға үлкен үлес қосатынына сенімдімін».

Автор:
Қонаев қалалық ауруханасының баспасөз қызметі